Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 75 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 наурызда № 32140 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 62) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 19.06.2023 № 176 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік жасайтын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 28 наурыздағы
№ 75 бұйрығымен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 62) тармақшасына сәйкес әзірленген және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ТжКОБ) оқытудың кредиттік технологиясы (бұдан әрі – ОКТ) бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 31.05.2024 № 130 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) академиялық еркіндік - білім беру процесінің субъектілеріне таңдау компоненті пәндері, оқытудың қосымша түрлері бойынша білім мазмұнын дербес анықтау үшін және білім алушылардың, педагогтердің шығармашылық дамуына және оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістерін қолдануға жағдай жасау мақсатында білім беру қызметін ұйымдастыру үшін ұсынылатын білім беру процесі субъектілерінің өкілеттіктер жиынтығы;

      2) академиялық кезең (Term) (терм) – семестр түрінде білім беру ұйымы өзі белгілейтін теориялық және практикалық оқыту кезеңі;

      3) академиялық кредит – білім алушының және (немесе) оқытушының (педагогтің) білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне қол жеткізуге қажетті ғылыми және (немесе) оқу жұмысы (жүктемесі) көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;

      4) академиялық сағат – оқу сабақтарының немесе оқу жұмысының басқа да түрлерінің ұзақтығын өлшеу бірлігі, әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі – ӘАОО) 1 академиялық сағат кемінде 40 минутқа тең, ТжКОБ ұйымдары үшін - 45 минут, оқу процесінің кестесін, оқу сабақтарының кестесін жасау кезінде, оқу-жаттығу сабақтарын жоспарлау мен өткізу кезінде, өткен оқу материалын есепке алу, сондай-ақ педагогикалық жүктемені жоспарлау мен оқытушының жұмысын есепке алу кезінде қолданылады;

      5) белсенді үлестірме материалдар (Hand-outs) (ханд-оутс) – білім алушының тақырыпты шығармашылықпен табысты меңгеруі үшін оқу сабақтарында таратылатын көрнекі безендірілген материалдар (дәріс тезистері, сілтемелер, слайдтар, мысалдар, глоссарийлер, өз бетінше жұмыс жасауға арналған тапсырмалар);

      6) білім алушылардың оқудағы жетістігі – білім алушылардың оқу процесінде алатын және жеке тұлғаның қол жеткізген даму деңгейін көрсететін білімі, біліктері, дағдылары және құзыреті;

      7) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес білім беру бағдарламасында көзделген оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің көлемін және оқу қызметінің өзге де түрлерін меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;

      8) білім алушының академиялық рейтингі (Rating) (рейтинг) – білім алушының аралық аттестаттау нәтижелері бойынша құрылатын, пәндердің және (немесе) модульдердің оқу бағдарламасын және оқу қызметінің өзге де түрлерін меңгеру деңгейінің сандық көрсеткіші;

      9) жеке оқу жоспары (бұдан әрі – ЖОЖ) – білім беру бағдарламасы мен элективті пәндер каталогы және (немесе) модульдер негізінде білім алушының ТжКОБ беру ұйымының көмегімен әр оқу жылына дербес құрастыратын оқу жоспары;

      10) кредиттік оқыту технологиясы – академиялық кредиттерді жинақтай отырып, білім алушылардың пәндерді және (немесе) модульдерді оқу кезектілігін таңдауы және дербес жоспарлауы негізінде оқыту;

      11) модуль – білім алушылардың алған білімдері, іскерліктері, дағдылары, құзыреттері және бағалаудың барабар критерийлері нақты тұжырымдалған білім беру бағдарламасының дербес, оқыту нәтижелері тұрғысынан аяқталған құрылымдық элементі;

      12) модульдік оқыту – білім беру бағдарламасын, оқу жоспарын және оқу пәндерін және (немесе) модульдерді модульдік құрылым негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі;

      13) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі –халықаралық тәжірибеде қабылданған сандық баламасы бар әріптік жүйеге сәйкес келетін және білім алушылардың рейтингін белгілеуге мүмкіндік беретін балл түріндегі оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау жүйесі;

      14) педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысы (бұдан әрі – ПСӨЖ) – сабақ кестесі бойынша жүргізілетін студенттің жұмысы;

      15) постреквизиттер (Postrequisite) (постреквизит) – оқу үшін білімді, іскерлікті, дағдыны және пәндерді меңгергеннен кейін қалыптасатын құзыреттерді талап етілетін пәндер және (немесе) модульдер және оқу жұмысының өзге де түрлері;

      16) пререквизиттер (Prerequisite) (пререквизит) – оқытылатын пәнді және (немесе) модульді меңгеру үшін қажетті білімді, іскерлікті, дағды мен құзыреттерді қамтитын пәндер және (немесе) модульдер және оқу жұмысының өзге де түрлері;

      17) студенттің өзіндік жұмысы (бұдан әрі – СӨЖ) – өз бетінше оқуға берілген, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және ұсынымдармен қамтамасыз етілген тақырыптардың белгілі бір тізбесі бойынша жұмыс; СӨЖ барлық көлемі білім алушыдан өз бетінше жұмысты талап ететін тапсырмалармен расталады;

      18) транскрипт (Transcript) (транскрипт) – тиісті оқу кезеңіндегі академиялық кредиттер мен бағалары көрсетілген, игерілген оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің және оқу жұмысының өзге де түрлерінің тізбесін қамтитын құжат;

      19) үлгерімнің орташа балы (Grade Point Average - GPA) (Грейд Пойнт Эверейдж) – таңдап алған бағдарлама бойынша белгілі бір кезең аралығында білім алушының қол жеткізген оқу жетістіктері деңгейінің орташа өлшемді бағасы (оқу жұмысының барлық түрлері бойынша қорытынды баға балдарының сандық баламасының кредит туындылары сомасының аталған оқу кезеңіндегі жұмыс түрлеріне берілген кредиттердің жалпы санына қатынасы);

      20) формальды емес білім беру – оқыту орны, мерзімі және нысаны ескерілмей, білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдар жүзеге асыратын білім беру түрі және оқыту нәтижелерін растайтын құжат берумен бірге жүргізіледі;

      21) элективті пәндер және (немесе) модульдер – білім беру бағдарламасын меңгеру кезінде міндетті түрде оқу үшін білім алушылар таңдайтын құзыреттерді кеңейту және (немесе) тереңдетуге бағытталған оқу пәндері және (немесе) модульдер.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 31.05.2024 № 130 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. ОКТ бойынша оқу процесін ұйымдастырудың негізгі міндеттері:

      1) біліктілікті оқыту нәтижелерімен сипаттау;

      2) мазмұны мен құрылымын көрсететін нақты біліктіліктің құрамдас элементтері болып табылатын құзыреттерді қалыптастыратын оқыту нәтижелерін топтастыру;

      3) білім алушылардың өзіндік жұмысының рөлі мен тиімділігін күшейту;

      4) формальды және формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін есепке алу арқылы академиялық кредиттер беру;

      5) бақылау мен бағалаудың тиімді және ашық рәсімі арқылы білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау.

      4. ОКТ мыналарды:

      1) әрбір оқу пәні және (немесе) модульдер және оқу жұмысының өзге де түрлері бойынша оқу материалының көлемін өлшеу және білім алушылар мен педагогтердің еңбек шығындарын бағалау үшін академиялық кредит жүйесін енгізуді;

      2) ӘАОО қоспағанда, білім алушылардың ЖОЖ қалыптастыруға тікелей қатысуын қамтамасыз ететін элективті пәндер және (немесе) модульдер каталогына (бұдан әрі – ЭПК / ЭМК) енгізілген оқу пәндерін таңдау еркіндігін;

      3) оқытудың интерактивті әдістері мен инновациялық технологияларын қолдануды;

      4) білім беру бағдарламасын меңгеруде білім алушылардың өзіндік жұмысын жандандыруды;

      5) оқу процесін ұйымдастыруда, ТжКОБ білім беру бағдарламаларын қалыптастыруда оқу орнының академиялық еркіндігін;

      6) оқу процесін қажетті оқу және әдістемелік материалдармен, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етуді;

      7) оқу жетістіктерін, сондай-ақ білім алушылардың оқыту нәтижелерін бақылау мен бағалаудың тиімді әдістерін;

      8) әр оқу пәні және (немесе) модуль және оқу жұмысының басқа түрлері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік жүйесін пайдалануды қамтиды.

2-тарау. ТжКОБ ұйымдарында ОКТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

1-параграф. Оқыту нәтижелеріне негізделген білім беру бағдарламалары

      5. Жұмыс оқу жоспарлары және жұмыс оқу бағдарламалары білім беру бағдарламалары негізінде әзірленеді.

      Білім беру бағдарламалары оқу орнына, нысаны және мерзіміне қарамастан оқытудың бүкіл кезеңі ішінде біліктілік беру үшін кредиттерді бағалау және растау арқылы оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, іске асырылады.

      ӘАОО-да білім беру бағдарламасының мазмұны жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді оқуды, далалық жиындар және әскери тағылымдамадан өтуді көздейді.

      6. Жұмыс оқу жоспарында әр оқу пәнінің және (немесе) модульдің тізбесі мен еңбек сыйымдылығы кредитпен анықталады, оларды оқыту тәртібі, оқу қызметінің түрлері және бақылау нысандары, аудиториялық сабақтарға бөлінетін сағат көлемі; педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысына (ПСӨЖ) бөлінетін сағат көлемі; студенттердің өзіндік жұмысына (СӨЖ) бөлінетін сағат көлемі қарастырылады.

      Жұмыс оқу жоспары білім алушы мен педагогтің оқу жұмысының еңбек сыйымдылығын есептеуге негіз болады.

      Жұмыс оқу жоспары оқытудың барлық кезеңіне әзірленеді және оны білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

      ӘАОО-ның жұмыс оқу жоспарында әр оқу пәнінің тізбесі мен еңбек сыйымдылығы кредитпен анықталады, оларды оқыту тәртібі, оқу қызметінің түрлері және бақылау нысандары қарастырылады.

      ӘАОО-ның жұмыс оқу жоспары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 31 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 13342 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес әзірленеді.

      7. ӘАОО қоспағанда, білім беру ұйымы әр білім беру бағдарламасы бойынша ЭПК/ЭМК әзірлейді.

      ЭПК/ЭМК білім алушыларға жеке білім беру траекториясын қалыптастыру үшін элективті оқу пәндерін және (немесе) модульдерді баламалы таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      8. ӘАОО қоспағанда, білім беру ұйымы білім беру бағдарламасы және ЭПК/ЭМК негізінде білім алушылармен бірлесе отырып ЖОЖ әзірлейді.

      ЖОЖ әрбір білім алушының жеке білім беру траекториясын анықтайды, ЖБТ таңдау бойынша компонентті өзектендіру негізінде пререквизиттер мен постреквизиттерді ескере отырып құрастырылады.

      ЖОЖ-ға пәндер және (немесе) модульдер мен оқу қызметінің түрлері енгізіледі. ЖОЖ нысаны мен құрылымын білім беру ұйымы дербес айқындайды.

      9. Білім беру ұйымдары оқу жұмыс бағдарламаларын "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілер тізілімінде №20317 болып тіркелген) сәйкес оқыту нәтижелеріне бағдарлай отырып, барлық пәндер және (немесе) модульдер бойынша өздері әзірлейді.

2-параграф. ОКТ бойынша оқу процесі

      10. Оқу процесін ұйымдастыру білім беру ұйымының басшысымен бекітілетін оқу процесінің кестесі негізінде жүзеге асырылады.

      Оқу процесінің кестесінде білім беру бағдарламаларын жылдар бойынша іске асырудың реттілігі көрсетіледі.

      Оқу процесінің кестесі академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңдерінен, каникулдардан, кәсіптік практикадан және (немесе) өндірістік оқытудан тұрады. Бітіруші курста оқу жылына қорытынды аттестаттау кезеңі енгізіледі.

      Академиялық кезеңдер мен каникул ұзақтығын білім беру ұйымдары өздері анықтайды.

      ӘАОО-да оқу жылы 52 аптаны, оның ішінде демалыс кемінде 6 аптаны құрайды.

      11. Білім беру ұйымы оқу процесін ақпараттық көздермен: оқулықтармен, оқу құралдарымен, оқу пәндері бойынша әдістемелік құралдармен және әзірлемелермен, белсенді үлестірме материалдармен және дербес жұмыстар жөніндегі нұсқаулармен, электронды оқулықтармен, желілік білім ресурстарына қолжетімдікпен толық көлемде қамтамасыз етіледі.

      12. Кәсіптік практика білім алушының оқу жұмысының міндетті түрі болып табылады.

      Кәсіптік практиканың негізгі түрлері оқу, өндірістік, диплом алдындағы (ӘАОО үшін әскери тағылымдама) болып табылады.

      Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны ТжКОБ беру ұйымымен бекітілген жұмыс оқу жоспарларымен және жұмыс оқу бағдарламаларымен анықталады.

      ӘАОО-да практиканың барлық түрлерінің ұзақтығы (далалық шығу, полигондарда, әскери тағылымдама, оқу-жаттығу) апталармен айқындалады және аптасына 54 сағатқа дейін оқу сабақтары есебінен жоспарланады.

      Өндірістік оқыту және кәсіптік практика жалпы кәсіптік және арнайы пәндердің немесе кәсіптік модульдің (ӘАОО қоспағанда) жалпы көлемінің кемінде 40% - ын құрайды.

      13. Педагог қызметкерлердің оқу жүктемесін жоспарлау педагогтің білім алушымен байланыс жұмысының уақытын білдіретін кредиттермен немесе академиялық сағаттармен жүзеге асырылады. Оқу жұмысы көлемін жоспарлаған кезде бір академиялық кредит оның барлық түрлері үшін 24 (жиырма төрт) академиялық сағатқа тең болатыны негізге алынады. Оқу жұмысының барлық түрлері бойынша бір академиялық сағат 45 минутқа тең.

      14. ОКТ-да білім алушының өзіндік жұмысы екіге бөлінеді: педагогтің жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысы (ПСӨЖ) және толығымен студенттердің өздері орындайтын жұмыс (СӨЖ).

      ПСӨЖ педагогтердің міндетті түрде төленетін жүктемесіне енгізіледі.

      15. СӨЖ-нің барлық көлемі білім алушыдан өзіндік жұмысты талап ететін тапсырмалармен расталады, ол педагогтердің төленетін жүктемесіне кірмейді.

      16. Оқу қызметінің барлық түрлері бойынша аудиторлық жұмыс, ПСӨЖ мен СӨЖ арасындағы уақыттың өзара қатынасын оқу орны дербес анықтайды. Аудиторлық жұмыс пен ПСӨЖ көлемі жылына 60 кредитті/1440 сағатты құрайды, бұл ретте, ПСӨЖ көлемі әр пән және (немесе) модуль көлемінің отыз пайызынан аспайтын көлемді құрайды. СӨЖ көлемі жылына 15 кредитті/360 сағатты құрайды.

      17. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау жүйесін ұйымдастыруды оқу бөлімі жүзеге асырады.

      Оқу бөлімі транскриптте көрсетілетін оқудың барлық кезеңі ішінде білім алушылардың оқу жетістіктерінің тарихын жүргізеді. Транскрипт оқудың кез келген кезеңінде білім алушының сұрауы бойынша беріледі.

      18. Оқу пәндері және (немесе) модульдер және оқу жұмысының өзге де түрлері бойынша, сондай-ақ білім беру бағдарламасын аяқтағаннан кейін білім алушыға академиялық кредиттерді беру олар қол жеткізген оқу нәтижелері оң бағаланған кезде жүзеге асырылады.

      Формальды және формальды емес білім беру арқылы білім алушылардың қол жеткізген оқыту нәтижелері мен оң бағалары ТжКОБ ұйымдарымен академиялық кредиттерді қайта есептеумен танылады.

      Сертификат немесе оқуды аяқтау туралы куәлік оқу нәтижелерін растайтын құжаттар болып табылады.

      Оқыту нәтижелерін тану үшін білім беру ұйымы комиссия құрады. Комиссия құрамына білім беру ұйымының педагогтері кіретін мүшелердің тақ санынан тұрады. Комиссия мүшелерінің ішінен көпшілік дауыс беру арқылы комиссия төрағасы сайланады, ол комиссия қызметіне басшылық етеді, ол болмаған жағдайда оның міндетін төрағаның орынбасары атқарады. Комиссия хатшысының функцияларын комиссия мүшесі болып табылмайтын білім беру ұйымының маманы орындайды.

      Комиссия шешімі еркін нысандағы хаттамамен ресімделеді. Хаттамалар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Комиссия шешімі негізінде оқыту нәтижелерін бағалау студенттің транскриптіне енгізіледі.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 31.05.2024 № 130 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.