"Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі № ҚР ДСМ-30 бұйрығ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 2 наурыздағы № 32 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 6 наурызда № 32015 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. " Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі № ҚР ДСМ-30 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тікеу тізілімінде № 22550 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 58-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1, 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі-Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – Кодекс) 58-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және дербес медициналық деректердің жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер;

      2) дербес деректердi өңдеу – дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесiздендiруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған iс-әрекеттер;

      3) дербес медициналық деректер агрегаторы – уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын дербес деректер операторы;

      4) дербес медициналық деректер – жеке тұлғаның денсаулығы мен оған көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді қамтитын, электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген дербес деректер;

      5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) дербес деректерді қорғау саласында уәкілетті орган – дербес деректерді қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      7) медицина қызметкері – кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

      8) медицина қызметкерінің құпиясы – дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер;

      9) медициналық ақпараттық жүйе – денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      10) пациент – медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

      11) хабардар етілген келісім – адамның медициналық көмек алуға және (немесе) оның шешім қабылдауы үшін маңызы бар медициналық көмектің және (немесе) зерттеудің барлық аспектісі туралы ақпаратты алғаннан кейін нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін жазбаша ерікті түрде растау рәсімі. Хабардар етілген жазбаша келісім уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ресімделеді;

      12) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі – цифрлық денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар.".

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау және ұсыну электрондық медициналық жазбаларды қалыптастыру үшін медициналық деректер, Кодекстің 60-бабының 1-тармағына сәйкес пациенттің медициналық көмек алуға хабардар етілген келісімін ескере отырып, медициналық көмек көрсету шеңберінде жүзеге асырылады.

      Уәкілетті орган медициналық статистиканы жетілдіруді жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты ұйым атынан дербес медициналық деректер агрегаторын айқындайды. Пайдаланылатын медициналық деректерді иесіздендірілген түрде біріктіру Кодекстің 75-бабына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқау үшін жүзеге асырылады.";

      19, 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Дербес медициналық деректерді сақтауды цифрлық денсаулық сақтау субъектілері "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысының 92-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылған серверлерде жүзеге асырады.

      20. Денсаулық сақтау ұйымдарының есептік медициналық құжаттама нысандарында дербес медициналық деректерді сақтау мерзімі "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тікеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 175 бұйрық) 7-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 5-тараумен толықтырылсын:

      "5-тарау. Пайдаланылған дербес медициналық деректерді иесіздендірілген түрде біріктіру тәртібі

      27. Статистикалық байқау жүргізу үшін Кодекстің 61-бабының 9-тармағына сәйкес медициналық дербес деректерді иесіздендіру жүзеге асырылады.

      28. Жиынтық статистикалық ақпаратты қалыптастыру мақсатында дербес медициналық деректерді агрегациялауды, статистикалық байқау нысандарының мәндер бірліктерін сәйкестендіруді және таратып жазуды қоса алғанда, статистикалық көрсеткіштердің дерекқорына енгізу кезінде ұсынылатын ақпараттың дұрыстығы мен сапасына бақылау жүргізуді тиісті ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету үшін агрегатор жүзеге асырады.

      29. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды жүзеге асыру тәртібі, денсаулық сақтау саласындағы статистикалық есепке алу және есептілік нысандары, оларды жүргізу тәртібі, толтыру және ұсыну мерзімдері "Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды жүзеге асыру қағидаларын, денсаулық сақтау саласындағы статистикалық есепке алу мен есептілік нысандарын, оларды жүргізу, толтыру тәртібін және ұсыну мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-235/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тікеу тізілімінде № 21735 болып тіркелген) белгіленеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі