"Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру бойынша кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 67 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 ақпанда № 31946 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыру бойынша кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8880 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерім мониторингі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу қағидаларында:

      28-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28-2. Еңбекпен өтеуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, Стипендиат растаушы құжаттарымен қоса еңбекпен өтеу бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішпен Қоғамға жүгінеді. Қоғам Стипендиатқа еңбекпен өтеуді жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді кейінге қалдыруды ұсыну туралы мәселені Комиссияның қарауына келесі жағдайларда енгізеді:

      1) еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі болған ауруды емдеу;

      2) мемлекеттік немесе әскери қызметші болып табылатын және шетелге уақытша жұмысқа немесе қызметтен өтуге жіберілген зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;

      3) жүктілік жағдайы, сондай-ақ үш жасқа дейін баланы (балаларды) тәрбиелеу;

      4) шетелде оқитын зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;

      5) Іріктеу қағидаларының 8-тармағына сәйкес "Болашақ" бағдарламасы шеңберіндегі оқуды қоспағанда, докторантура бағдарламасы бойынша академиялық оқуды жалғастыру;

      6) Стипендиаттың ағымдағы жылы шетелде академиялық оқуын аяқтаған кезде 12 айдан аспайтын еңбекпен өтеу бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыруды ұсыну туралы Стипендиат өтініш берген сәтінде рейтингтердің соңғы жарияланымдарына сәйкес әлемнің үздік ұйымдарының ("Fortune Global 500", "Forbes Global 2000", "Forbes Top 100 Digital Companies") әлемдік рейтингтеріне кіретін ұйымдарда өндірістік тағылымдамадан өтуі;

      7) Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ұйымдарында 12 айдан аспайтын мерзімде тағылымдамадан өту;

      8) алған мамандығы бойынша 12 айдан аспайтын мерзімде посдокторантурадан өту.

      Еңбекпен өтеуді жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру Қағидалардың осы тармағының 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда бір рет беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек