"Өлшем құралдарының типін бекіту, оларға типін бекіту мақсаттарына арналған сынақтар, метрологиялық аттестаттау және "Өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат беру" және "Өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификат беру" мемлекет

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а. 2023 жылғы 3 ақпандағы № 62-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 6 ақпанда № 31847 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Өлшем құралдарының типін бекіту, оларға типін бекіту мақсаттарына арналған сынақтар, метрологиялық аттестаттау және "Өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат беру" және "Өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификат беру" мемлекеттік қызметтер көрсету, өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат нысанын және типті бекіту белгісінің нысанын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 931 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18110 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өлшем құралдарының типін бекіту, оларға типін бекіту мақсаттарына арналған сынақтар, метрологиялық аттестаттау және "Өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификат беру" және "Өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау туралы сертификат беру" мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) айналымға шығару – өнімнің дайындаушыдан (импорттаушыдан) сатушыға және (немесе) тұтынушыға бастапқы ауысуы;

      2) ақпараттық-өлшеу жүйесі – қажетті түрде тұтынушыға ұсыну мақсатында өлшеу ақпаратын алу, оның түрленуі, өңдеу үшін функционалдық біріктірілген өлшеу, есептеу және басқа қосалқы техникалық құралдардың (оның ішінде автоматтандырылған басқару жүйесіне енгізу) не бақылаудың, диагностиканың, сәйкестендірудің логикалық функцияларын автоматты жүзеге асыру жиынтығы;

      3) өлшем құралдарын метрологиялық аттестаттау – айналымға санаулы данада шығарылатын өлшем құралдарының Қазақстан Республикасының өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн белгiлеу (растау);

      4) өлшем құралының типін бекіту – уәкілетті органның сынақтардың оң нәтижелері негізінде Қазақстан Республикасының аумағында бекітілген типтегі өлшем құралын қолдануға рұқсат ету туралы шешімі;

      5) өлшем құралы – өлшемге арналған және метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал;

      6) өлшем құралдарын сынау – сынау объектiлерiне түрлi сынау әсерлерiн қолдана отырып өлшем құралдарының белгiленген нормаларға сәйкестiк дәрежесiн анықтау үшiн өткiзiлетiн операциялар жиынтығы;

      7) өлшем құралдарын қашықтықтан сынау – нақты уақыт режимінде интернетті пайдалана отырып, өлшем құралдарын сынау;

      8) өлшем құралының типі – өлшем құралдарын әзірлеу кезінде олардың жиынтығына тағайындалатын және өлшем құралдарының типін бекіту кезінде бекітілетін жалпылама анықтама;

      9) модификация – өлшем құралының кейбір метрологиялық немесе техникалық сипаттамаларын өзгертетін өндірушінің өлшем құралына енгізетін өзгерісі;

      10) уәкілетті орган – техникалық реттеу және метрология саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынау, партияның типін бекіту және метрологиялық аттестаттауды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталық (бұдан әрі – МҒМО), оның ішінде үшінші елдердің сынақ зертханаларының материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып жүргізеді.

      Үшінші елдердің сынақ зертханаларының материалдық-техникалық базасын пайдаланған жағдайда өтінім берушінің таңдауы бойынша ҚР СТ 2.21 "Қазақстан Республикасының мемлекеттік өлшем құралдарының бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Өлшем құралдарына сынақ жүргізу және типін бекіту тәртібі" сәйкес (бұдан әрі – ҚР СТ 2.21) МҒМО қатысуымен қашықтық сынаулар жүргізіледі.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында сынақтар, метрологиялық аттестаттау жүргізу кезінде өлшем құралдарының метрологиялық маңызды бөлігін қамтитын бағдарламалық қамтамасыз ету ҚР СТ 2.46 "Қазақстан Республикасының мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Бағдарламалық қамтылым. Аттестаттау тәртібі. Жалпы ережелер" сәйкес аттестаттауға жатады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Өлшем құралдарының типін бекіту мақсатында, бекітілген типіне сәйкестігіне сынау ҚР СТ 2.21 сәйкес жүзеге асырылады.";

      17-тармақтағы 2) және 5) тармақшалар алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрінің
міндетін атқарушы
А. Шаккалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі