Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгертулер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 1324 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 27 желтоқсанда № 31302 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерту енгізілсін:

      1) "Банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларын бекіту және оны ұйымдастырушыны айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 178 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10753 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларында:

      38 және 39-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Электрондық аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте электрондық аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірмей басталады.

      39. Электрондық аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен аукциондық нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді және лот үшін бастапқы бағаны ескере отырып, бірақ Сату жоспарында белгіленген кезіндегі ең төмен бағадан төмен болмайтын өзінің баға ұсынысын көрсетеді.

      Электрондық аукцион электрондық аукционның өткізілетіні туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақытында басталады.";

      42-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) егер электрондық аукцион аяқталатын сәтте Астана қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаған болса, онда лотты сатып алуға өз ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады, ал осы лот бойынша электрондық аукцион өтті деп танылады.";

      2) "Салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін – салық берешегі есебіне, төлеушінің – кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегі есебіне өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 111 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16387 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін – салық берешегі есебіне, төлеушінің – кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегі есебіне өткізу қағидаларында:

      27-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 10.00-ден бастап 17.00-ге дейінгі уақыт аралығында өткізіледі, бұл ретте электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 15.00-ден кешіктірмей басталады.

      Электрондық аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде электрондық-цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып, аукцион залында тіркеледі. Аукцион сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақытымен аукцион залында лоттың бастапқы бағасын автоматты түрде орналастыруы арқылы басталады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев