"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 21 қарашадағы № 1176 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 21 қарашада № 30626 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі:

      мынадай мазмұндағы 171-5-тармақпен толықтырылсын:

      "171-5. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының 431 "Жаңа объектілер салу және қолда бар объектілерді реконструкциялау" ерекшелігі бойынша мердігер ұйымның шарттық міндеттемелерді уақтылы орындауға мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес аванстық төлемді тиісті қамтамасыз етуді ұсынған жағдайда инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде Астанада жылу электр орталықтарын салу үшін ағымдағы қаржы жылына көзделген соманың 75 пайызы мөлшерінде аванстық (алдын ала) төлемге жол беріледі.

      Авансты қамтамасыз етуді енгізу жөніндегі талап қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде шарттар жасалған өнім берушілерге қолданылмайды.";

      188-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "188. Азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінім аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шарттың (қосымша келісімнің) түпнұсқасын және көшірмесін қоса бере отырып қағаз жеткізгіште 2 данада ұсынылады, бұл ретте тіркелген шарттың (қосымша келісімнің) қағаз жеткізгіштегі көшірмесі аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады.

      Қарыз (грант) туралы шарт шеңберінде шартты тіркеу үшін азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімді мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыз туралы халықаралық шарт шеңберіндегі немесе байланысты гранттар бойынша осы шартты қоса бере отырып, қағаз жеткізгіште ұсынады.

      Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалуы көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуға азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінім аумақтық қазынашылық бөлімшесіне "Электрондық мемлекеттік сатып алу" автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі – "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың (қосымша келісімнің) деректерін "Қазынашылық-клиент" АЖ арқылы беру жолымен ұсынылады.

      Науқастарды шетелде емдеуді көздейтін шығыстар бойынша азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеу үшін мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуге өтінімді қағаз жеткізгіште аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шарттың әр парағы мемлекеттік мекеме мөрі бедерінің түпнұсқасымен расталған көшірмесін қоса бере отырып ұсынады. Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне міндеттеме бойынша түпкілікті төлемді берген кезде бір мезгілде шарттың түпнұсқасын ұсынады.

      Ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта жаңартуға, үй-жайларды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шартты тіркеу үшін азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімді мемлекеттік мекеме жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы, жобалау-іздестіру жұмыстарын әзірлеу жөніндегі қызмет және олардың мемлекеттік сараптамасы шарттың құнына енгізілген шартты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту туралы бұйрықтың көшірмесін, жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзімі шегінде жобалау-сметалық құжаттама бойынша, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының көшірмесін міндетті түрде қоса бере отырып қағаз жеткізгіште ұсынады.

      Шарттарды (қосымша келісімді) тіркеу үшін азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімге аванстық (алдын ала) төлем көзделетін сатып алынатын күрделі энергетикалық жабдықтың құны туралы мәліметтерді көрсете отырып, қосымша түсіндірме жазба қоса тіркеледі.

      "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша қызмет көрсету кезінде мемлекеттік мекеме басшысының және бас бухгалтерінің ЭЦҚ қол қойылған, осы тармақта санамаланған құжаттардың түпнұсқасынан құжаттардың сканерленген түрлерін тіркей отырып, өтінімнің электрондық түрі қалыптастырылады.

      "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-де жасалған ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта жаңартуға, үй-жайларды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шартты тіркеу үшін мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың деректерін "Қазынашылық-клиент" АЖ арқылы беру жолымен ұсынатын азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімге жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі қызмет, жобалау-іздестіру жұмыстары мен олардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасы шарттың құнына енгізілген шартты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жобалау-сметалық құжаттаманың қолданыс мерзімі шегінде жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының түпнұсқасынан, ЖСҚ-ны бекіту туралы бұйрықтың көшірмесін сканерленген түрін тіркейді.

      Бұл ретте "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-да Түркістан қаласындағы құрылыс объектілері, сондай-ақ коронавирустық инфекцияға қарсы иммундық-биологиялық препараттарды шығаратын биофармацевтикалық зауытты салу бойынша жасалған шарттарды тіркеу, құрылыс объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың түпкілікті оң қорытындысы алынған кезде кейіннен шарттардың жалпы құнын түзете отырып, жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын кезең-кезеңімен алу негізінде жүзеге асырылады.

      "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ арқылы түскен азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімге міндеттемелерді тіркеу туралы хабарламаның нөмірі мен күні, шарттың талаптарын өзгерту себептері, сондай-ақ өзгерген жағдайда шарттың сомасы көрсетілетін қосымша келісімді тіркеу кезінде мемлекеттік мекеменің жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту туралы бұйрығының көшірмесі мен түсіндірме жазба бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын қоспағанда, осы тармақта көрсетілген құжаттардың түпнұсқасынан сканерленген түрлерін тіркеу талап етілмейді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі