"Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 515 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 23 қыркүйекте № 29769 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12115 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында:

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Тасымалдануы үшiн тиiстi белгiлi бiр қызмет көрсету класының 50 пайызы төленген әрбiр кәмелеттік жасқа толмаған жолаушыға жасына қарамастан жеке орын берiледi және стандартты тарифті төлеген жолаушылар үшiн белгіленген норма бойынша багажды тегiн тасымалдауға рұқсат етiледi.

      Тегiн тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегi багаж тасымалданатын болса, тиiстi тариф бойынша ақы төленедi.

      Мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектелген тұрғындардың тобына жататын жолаушылар өзімен қосымша жолжүгі ретінде жеке пайдалануына арналған зембілдер мен мүгедектік арбаларды тегін алып жүре алады.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Сырқат адамды зембілде тасымалдау осындай жолаушыларға ұшу кезінде күтімді қамтамасыз ететін адам бірге ілесіп жүргенде ғана жүргізіледі. Сырқат адамды зембілде тасымалдау авиакомпания белгілеген ақыны төлеген кезде, әуе кемесінде оған орын беру арқылы жүргізіледі.

      Авиакомпания немесе уәкілетті агент мүгедектiгі бар адамды кресло-арбада немесе сырқат адамды зембiлде тасымалдау кезiнде әуе кемесiнiң бортынан (бортына) жеткiзу үшiн осындай жолаушының тасымалдануы туралы әуежайды алдын ала хабардар етедi.";

      43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы мен деңгейі:

      1) жолаушылар салонының жабдығымен және интерьерімен;

      2) жолаушылардың қауіпсіздігін, салондағы қоршаған ортаның жай-күйі мен жайлылықты қамтамасыз ететін техникалық құралдармен және жүйелермен;

      3) жолаушылар кабинасының санитарлық-гигиеналық жай-күйімен, ақаусыздығымен және қажетті жабдықпен, мүкәммал жинағымен және жолаушыларға қызмет көрсету құралдарымен жасақталуымен;

      4) өндіруші көздеген әуе кемелері таптерінде балалардың бесіктерін орнату мүмкіндігімен баласы бар жолаушыларға арналған орындардың болуымен;

      5) өндіруші көздеген әуе кемелері таптерінде зембілдегі науқастарды және мүгедектігі бар адамдарды орналастыру мүмкіндігімен;

      6) жолаушылар үшін жеке пайдалану құралдарымен (жеке жарықтандыру, желдеткіш, тамақтануға арналған үстел, байламалы қауіпсіздік белдіктерінің жүйесі, құтқару кеудешелері, оттегі немесе түтіннен қорғау маскалары);

      7) сыртқы киімді орналастыру үшін гардеробтардың болуымен қамтамасыз етілуге тиіс.

      8) ұшу қауіпсіздігі талаптары сақталған жағдайда, мүмкіндігі шектеулі жолаушылар, мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін, қажеттіліктеріне сәйкес қарастырылған жағдайда орындар бөлінеді.

      44. Тасымалдаушы мүгедектігі бар адамдарға, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары және балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атиптік аутизмі бар жолаушыларға ұшу кезінде орналастыруды, ақпараттық қызмет көрсетуді, авиациялық қауіпсіздік қағидаларын орындау бойынша көмек көрсетуді, тамақтандыру қызметін көрсетуді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, әуе кемесінің бортында коммуникация және қауіпсіз көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларды меңгеретін бортсеріктердің қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.

      Мүгедектігі бар адамдарды, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын және балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атиптік аутизмі бар жолаушыларды тасымалдау кезінде тіркеу бойынша тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін авиакомпания (әуежай) өкілі олармен әуе кемесіне (нен) бірге ілесіп жүреді.

      Мүгедектігі бар адамдарды, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын және балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атиптік аутизмі бар жолаушыларды және бірге ілесіп жүретін адамдарды әуе кемесінің бортына отырғызу жолаушылардың негізгі бөлігін отырғызу жарияланғанға дейін бірінші кезекте және әуе кемесінен түсірілгеннен кейін соңғы кезекте жүргізіледі.

      Әуе кемесінің бортына жолаушыларды отырғызу жарияланған кезде уәкілетті агенттер бірге ілесіп жүрушісі жоқ кәмелетке толмаған жолаушыларды және балалары бар жолаушыларды алдын ала шақырады.";

      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "62. Жолаушы багаждың белгiленген нормасынан артық тегiн тасымалдайтын заттары авиакомпанияның шарттарында айқындалады.

      Бұдан басқа, жолаушы тегін алып өтетін заттардың тізіміне, осындай аппараттарды өндірушілер әуе кемесінің бортында (ӘК салонында) тасымалдауға және пайдалануға рұқсат еткен, оларды пайдалану жолаушы үшін өмірлік қажетті болып табылатын, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) № 027/у нысанындағы тиісті медициналық анықтамамен тыныс алуды қолдауға арналған (құрамында сұйық оттегі бар аппараттарды қоспағанда) оттегі тыныс алу аппараттары енгізіледі.";

      қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің міндетін
атқарушының
2022 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 515 бұйрығына
қосымша
  Жолаушыларды, багажды және
жүктердi әуе көлiгiмен
тасымалдау қағидаларына
қосымша

Әуе кемесінің бортында жолаушыларға ұсынылатын қызметтер тізбесі

      1. Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету – әуе кемесінің бортында өзін-өзі ұстау қағидалары, көрсетілетін қызметтер, ұшу және авариялық-құтқару жабдықтарын пайдалану шарттары туралы жолаушыларды түсінікті түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде (кемтар жолаушылар үшін) уақтылы және дұрыс хабардар ету. Ақпараттар негізгі және қосымша түрлерге бөлінеді:

      1) ақпараттың негізгі түрлері:

      сәлемдесу;

      ұшуда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде;

      темекі тартуға тыйым салу туралы;

      ұшақтың жабдықтары туралы;

      ұшуда ұсынылатын қызметтер туралы;

      ұшу маршруты бойынша тамақтану туралы;

      биіктік алу мен төмендеу және қону пункті туралы;

      әуе кемесі әуежайға пунктке қонғаннан кейін;

      қону пунктіндегі ауа-райы туралы;

      2) ақпараттың қосымша түрлері (қажеттілік туындаған кезде):

      ұшу жоспарының өзгергені туралы;

      ұшу маршрутының өзгергені туралы;

      рейстің кідірісі туралы;

      мәжбүрлі қону туралы;

      ұшып шыққан пунктке қайта оралу туралы;

      қосалқы әуеайлаққа қону туралы;

      авариялық жағдай, қону туралы;

      межелі пунктке кешігіп бару туралы;

      турбуленттік аймағында ұшу туралы;

      құттықтау.

      2. Жеке қызмет көрсету:

      бүкіл ұшу кезінде әрбір жолаушыға қызмет көрсету;

      науқас, егде адамдарға, баласы бар жолаушыларға, мүгедектігі бар адамдарға, халықтың қауқары аз топтарына және балалар аутизмі, Аспергер синдромы, атиптік аутизмі бар жолаушыларға ерекше көңіл бөлу;

      жеке жарықтандыруды және желдеткішті қосу;

      жолаушылардың сұрақтарына жауап беру;

      бала бесіктерін орнату және жабдықтау (өндіруші көздеген әуе кемесі типтерінде);

      еріп жүрушісі жоқ балаларға қызмет көрсету.

      3. Медициналық қызмет көрсету, борттық медициналық қобдишадағы медициналық құралдармен және препараттармен дәрігерге дейінгі алғашқы жәрдем көрсету.

      4. Жолаушыларды ұшуда жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз ету.

      5. Жолаушыларға мерзімді басылымдарды ұсыну (газеттер, журналдар).

      6. Мультимедиалық қызметтерді, оның ішінде музыкалық бағдарламаларды мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде (тиісті жабдық болса) ұсыну.

      7. Әуе кемесінің типі мен авиамаршруттың ұзақтығына байланысты салқындатылған сусындарды, азық-түлік өнімдерін ұсыну.