"Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2022 жылғы 19 қыркүйектегі № 788 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 қыркүйекте № 29755 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7447 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінде:

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Барлық нотариаттық іс-әрекеттер БНАЖ электрондық тізілімінде тіркеледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Нотариаттық іс-әрекеттерді БНАЖ электрондық тізілімінде тіркеу тек куәландырушы жазбаға немесе берілетін құжатқа нотариус қол қойған соң ғана жүргізіледі.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Өсиеттер, өсиеттердің телнұсқалары мен көшірмелері туралы мәліметтер мұрагерлерге тек өсиет қалдырушы қайтыс болғаннан кейін қайтыс болғаны туралы куәлікті немесе хабарламаны тапсырған кезде беріледі. Өсиетте көрсетілген мұрагерлер қайтыс болған жағдайда өсиеттің телнұсқасы олардың одан кейін мұрасын иеленетін мұрагерлеріне өсиет қалдырушының және қайтыс болған мұрагердің қайтыс болғаны туралы куәліктері немесе хабарламасы, сондай-ақ мұрагерлікті қабылдауға негіз болып табылатын құжаттарды ұсынған жағдайда беріледі.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Нотариаттық іс-әрекет жасау кезінде нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартқанда, тоқтата тұрғанда, кейінге қалдырғанда, бас тарту, тоқтата тұру немесе кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады (бұдан әрі - қаулы).

      Нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулыда мыналар көрсетіледі:

      1) қаулы шығарған күні;

      2) нотариустың тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), лицензияның нөмірі мен берілген күні;

      3) нотариаттық іс-әрекет жасауға келген тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), оның тұрғылықты жері (немесе заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері), өтініш жасаған күні;

      4) қаулы шығарған нотариаттық іс-әрекеттің атауы;

      5) нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту не тоқтата тұру не кейінге қалдырудың себептері (заңнамаға сілтемесімен);

      6) бас тарту не тоқтата тұру не кейінге қалдыруды шағымданудың тәртібі мен мерзімдері.

      Қаулы екі данада ресімделеді, нотариустың мөрі басылған қолымен куәландырылады және БНАЖ-де шығыс құжаттарды тіркеу журналында тіркеледі. Бір данасы нотариаттық іс-әрекетті жасаудан бас тартылған, не тоқтата тұру не кейінге қалдырған тұлғаға беріледі немесе жолданады. Қаулының екінші данасы қаулы тапсырылған адамның қолы қойылған немесе бас тартылған немесе нотариаттық іс-әрекет жасау тоқтатыла тұрған не кейінге қалдырылған адамға пошта арқылы жіберілгені туралы белгісі бар нотариустың істерінде қалдырылады.";

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Шартты бұзу туралы келісімді нотариус БНАЖ электронды тізілімінде тіркейді және құқық белгілейтін құжат оның сақтауында болған жағдайда, мүліктің иесіне қайтарады, келісім данасының көшірмесі, сондай-ақ құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі шартқа қоса тігіледі.

      Шартты бұзған кезде тараптар нотариусқа шарттың барлық даналарын қайтарады, бұл ретте нотариус шарттың барлық даналарында тізілім нөмірін және бұзу туралы келісімді куәландыру күнін көрсете отырып, бұзу туралы жазба, сондай-ақ БНАЖ электронды тізілімінде жазба жасайды.";

      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Егер сыйға тарту шартында сыйға тартушының, ол сыйды алушыдан кейін өмір сүрген жағдайда, сыйға тартудың күшін жою құқығы көзделген болса, нотариус сыйға тартушының жазбаша өтініші бойынша, БНАЖ арқылы "АХАЖ" тіркеу пункті" ақпараттық жүйесінен сыйды алушының қайтыс болған фактісінің тіркелуін тексереді, сондай-ақ "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік деректер қорынан жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және олардың техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді алады.

      Сыйға тартушының сыйға тартудың күшін жою туралы өтініші екі данада жасалады, қолының түпнұсқалылығы нотариалды куәландырылады.

      Өтініштің бір данасы мен сыйды алушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама көшірмесі нотариустың істерінде сақталатын сыйға тарту шартының данасына қоса тіркеледі. Нотариус тіркеуші органға сыйға тартудың күші жойылғандығы туралы хабарламаны, сыйға тартушының сыйға тартудың күшін жою туралы өтінішінің екінші данасына тіркеп, сыйға тартушыға береді.

      Нотариус сыйға тарту шартының барлық даналарында, сондай-ақ БНАЖ электрондық тізілімінде, күнін, қолын қою арқылы, сыйға тартудың күші жойылғаны туралы белгі жасайды.";

      90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Өсиет қалдырушының қалауы бойынша нотариусты оның мазмұнымен таныстырмай, нотариус құпия өсиетті бір данада куәландырады.

      Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупі ескеріліп, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылады және қолы қойылады, екі куәнің және нотариустың қатысуымен куәлар өз қолдарын қоятын конвертке желімденіп салынады, куәлардың қатысуымен куәлар қол қояды, нотариус куәландыру жазбасын қойып, басқа конвертке бекітіледі. Құпия өсиеті бар конверт өсиет қалдырушының қалауы бойынша өсиетті куәландырған нотариуста не өсиет қалдырушыда не өсиет орындаушысында (өсиет жүктелген өкілде) сақталады.

      Құпия өсиетті куәландырған кезде нотариус өсиет берушіге Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1050-бабында көзделген өсиет нысанына қойылатын талаптарды түсіндіреді.

      Нотариус өсиет қалдырушыға құпия өсиетті сақтауға қабылдау туралы куәлік береді. Егер құпия өсиет өсиет қалдырушыға не өсиетті орындаушыға (өсиет жүктелген өкілге) сақтауға берілсе, бұл туралы нотариус сақтауға беру туралы куәлік береді және өсиетхаттарды есепке алудың тізілімінде белгі қояды.";

      96-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "96. Куәландырылған өсиеттер туралы мәліметтерді нотариус өсиеттерді есепке алу тізіліміне енгізеді.";

      100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "100. Нотариус БНАЖ электрондық тізілімінде өсиетті жою, өзгерту туралы белгі жасайды.";

      100-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "100-1. Конвертті ашуды және құпия өсиет мәтінін жария етуді өсиет қалдырушы қайтыс болғаннан кейін ғана құпия өсиет сақталатын не оны куәландырған нотариус жүзеге асырады. Өсиет қалдырушының қайтыс болу фактісі өсиет қалдырушының қайтыс болуы туралы куәлікпен немесе хабарламамен расталады.

      Өсиет қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлікті немесе хабарламаны, сондай-ақ құпия өсиеті бар конвертті берген адам, ол өсиет қалдырушыда немесе өсиетті орындаушыда (өсиет жүктелген өкілде) сақталған жағдайда, құпия өсиет куәландырылған нотариусқа конвертті ашу және құпия өсиет мәтінін жариялау туралы өтініш береді, оны нотариус БНАЖ кіріс құжаттарын тіркеу кітабына келіп түскен күні тіркейді.

      Өтініште заң бойынша белгілі мұрагерлер туралы мәліметтер де көрсетіледі.";

      100-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "100-2.Құпия өсиетті куәландырған не сақтаған нотариус, өсиетті жария ету күнін, орнын және уақытын және мазмұнын ашуды тағайындайды. Нотариус конверттерді ашады және өсиет қалдырушының қайтыс болуы туралы куәлік немесе хабарлама берілген күннен бастап он күннен кешіктірмей өсиетте қамтылған мәтінді жария етеді.

      Құпия өсиеттің ашылу және мазмұнының жария ету күні, уақыты мен орны туралы нотариус тұратын жері өзіне белгілі заң бойынша мұрагерлерге хабардар етеді. Егер мұрагерлердің тұрғылықты жері белгісіз болса, нотариус бұл туралы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды.";

      100-8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "100-8. Ашылған конверттен шыққан құпия өсиеттің түпнұсқасы, ашылған конверттермен бірге нотариус жасаған хаттаманың түпнұсқасы, сондай-ақ өсиет қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе хабарламаның көшірмесі нотариустың мұрағатында сақталады.

      Құпия өсиетте көрсетілген мұрагерлерге құпия өсиетті ашу және жария ету хаттамасының нотариалды куәландырылған көшірмесі беріледі.";

      110-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "110. Нотариус БНАЖ электрондық тізілімінде берілген сенімхаттың жойылғаны не одан бас тартқаны туралы белгі жасайды.";

      125-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мұрагерліктен бас тартқаны немесе мұраға құқық туралы куәлікті беру туралы жазбаша түрде алынған өтініштер (мұраны қабылдау туралы) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 356 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Тізілімінде № 22701 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің тізілімдерін жүргізу қағидаларына (бұдан әрі-Тізілімдерді жүргізу ережелері) сәйкес БНАЖ мұралық істерді тіркеу тізілімінде тіркеледі.

      Егер өтініште мұрагердің қолтаңбасы нотариаттық куәландырылмаған болса немесе өтініште (нотариусқа пошта арқылы немесе басқа нотариустан берілген болса) қате табылған болса нотариус өтінішті қабылдайды, оны Мұрагерлік істерді тіркеу кітабында және мұрагерлік істерді есепке алудың Алфавиттік кітабында тіркеледі. Бұл ретте нотариус мұрагерге тиісті ресімделген өтінішті жіберуді немесе нотариусқа жеке өзі келіп жолығуды ұсынады.";

      138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "138. Мұраға құқық туралы куәлікті беру кезінде нотариус басқа мемлекеттік нотариаттық кеңселерден, нотариустардан немесе аумақтық нотариаттық палатадан мұраның ашылған жері бойынша, сондай-ақ БНАЖ арқылы мұрагерлік істің және өсиеттің бар/жоқтығы туралы ақпараттық анықтаманы сұратады.

      Мұрагерлікті қабылдағаны не қабылдаудан бас тарту туралы өтінішті бірнеше нотариус қабылдаған жағдайда мұраға құқығы туралы куәлік мұрагерлік істің тізіліміне сәйкес бірінші бастаған нотариус береді.";

      145-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "145. Мұраны қабылдау туралы немесе мұрадан бас тарту туралы немесе мұраға құқық туралы куәліктер беру туралы өтініштер негізінде мұрагерлік іс қозғалады және реттік нөмір беріледі. Басқа мұрагерлердің одан кейінгі өтініштері, оның ішінде қосымша өтініштер тізілімдерді ережесінде көзделген нысан бойынша мұрагерлік істердің тізілімінде тіркеледі. Барлық өтініштерде оның түскен күні көрсетіледі, мұралық іс нөмірі, бірінші келіп түскен өтінішке берілген нөмір сақталады.";

      155-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "155. Көзі тірі жұбайына жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске құқық туралы куәлік берген кезде нотариус осы Ереженің 148-тармағында аталған құжаттардан басқа жұбайының қайтыс болу туралы куәлігін немесе хабарлама талап етеді.";

      169-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "169. Өсиеттің көшірмесінің дұрыстығы өсиет қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама көрсетілген кезде ғана куәландырылады.";

      177-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "177. Құжаттың көшірмесінен алынған көшірмені куәландыру тәртібі құжаттың көшірмесін куәландыру ережелеріне ұқсас. БНАЖ электрондық тізілімінде құжаттың мазмұны, деректемелері, құжаттың көшірмесін алғаш куәландырған орган туралы мәліметтері көрсетіледі.";

      220-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "220. Борышкерден ақша сомаларын өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін өндіріп алушы нотариусқа өндіріп алушы мен борышкердің тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), олардың жеке сәйкестендіру нөмірі мен тұрғылықты жерін, телефон нөмірлері мен электрондық почтасының мекенжайын (олар болған кезде) қамтитын атқарушылық жазба жасау туралы өтінішті (бұдан әрі-өтініш) ұсынады.

      Өндіріп алушы нотариусқа ЭСҚ қол қойылған электрондық нысанда өтініш беруге құқылы.";

      221-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "221. Заңның 92-1-баптың 2-тармағы 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшалардың негізінде атқарушылық жазба, егер шартта өзге мекенжай көрсетілмесе, борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері не тұрғылықты жері бойынша, заңды тұлға борышкер болып табылған жағдайда, онда оның тіркелген жері не оның тұрақты жұмыс істейтін органының тұрған жері бойынша жасалады.

      Егер шартта борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері мен тұрғылықты жерінен басқа мекенжай көрсетілсе, онда атқарушылық жазба нотариуспен борышкердің шартта көрсетілген мекен-жайына сәйкес оның қызметінің аумағы бойынша жасалуы мүмкін.";

      222-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "222. Ұсынылған құжаттардың негізінде нотариус борышкердің өндіріп алушы алдындағы берешегінің даусыздығын, берешек мөлшерін, мәлімделген талап бойынша мерзімнің өтіп кетуін тексереді.

      Нотариус "Атқарушылық жазбаны тексеру" БНАЖ модулін пайдалана отырып, осы міндеттеме бойынша атқарушылық жазбаның жасалуына қатысты ақпаратты тексереді.";

      223-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Атқарушылық жазба мынадай құжаттарды:

      1) нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға: нотариат куәландырған шарттың (келісімнің) төлнұсқа данасы не оның телнұсқасы (ақшаны қарызға aлу шартын қоспағанда);

      2) орындау мерзімі басталған және міндеттемені орындамау борышкер деп танылатын, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауап ретінде, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіру үшін:

      төлнұсқа шарттар (сатып алу-сату, жеткізу, мердігерлік, тасымалдау, қызметтерді өтеулі көрсету, сақтау және т.б.);

      шарттар бойынша (тауарға ілеспе құжаттар, тауар-көліктік жүкқұжат, тауар жүкқұжаты, жүк жүкқұжаты, коносамент немесе өзге де құжат) берешекті төлеу жөніндегі борышкердің міндеті туындағанын растайтын құжаттар, екі тарап та қол қойған мүлікті (тауарды) беру туралы құжатты (қабылдау-тапсыру туралы акт, мүлікті (тауарды) беру туралы акт, мүлікті (тауарды) саны мен сапасы бойынша қабылдау туралы акт), екі тарап қол қойған атқарылған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдауды куәландыратын құжат (атқарылған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау және басқалар), заказ-наряд, шот-фактура және т.б.;

      борышкердің берешек сомасын жазбаша тануын растайтын құжаттар (өндіріп алушы мен борышкер қол қойған және мөрлермен (олар болған жағдайда) бекітілген есеп айырысуларды салыстыру актісі, борышкер ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемені, акцептелген төлем талабын немесе заңнама талаптарына сәйкес ресімделген және уәкілетті тұлға қол қойған өзге де құжатты мойындайтын талапқа жауап);

      3) нотариус жасаған төленбеген төлем, акцептелмеген және сауалнамаға күн қоймау векселінің наразылығына негізделген міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға: төлнұсқа вексель және нотариус жасаған төленбеген төлем, акцептелмеген және акцептке қол қойылмаған құжаттар;

      4) лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету үшін:

      лизинг шарты;

      лизинг алушыға өтініш бергенге дейін кемінде бір ай бұрын жіберілген лизинг нысанасын талап ету мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту;

      лизинг алушының лизинг төлемдерін нақты төлегенін растайтын құжаттар табыс етіледі.

      Лизинг беруші "Қаржы лизингі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес мынадай жағдайларда лизинг нысанасын даусыз талап етуге құқылы:

      егер лизинг алушының лизинг нысанасын пайдалануы лизинг шартының талаптарына немесе лизинг нысанасының мақсатына сәйкес келмесе;

      егер лизинг алушы лизинг берушінің лизинг нысанасына қол жеткізуін шектесе;

      егер лизинг алушы шартта көзделген мерзімде қатарынан екі және одан да көп рет лизинг шарты бойынша лизинг төлемін белгіленген көлемде төлемесе;

      5) ломбард ұсынған кредитті қайтару мерзімі өткеннен кейін кепіл нысанасын өндіріп алу үшін борышкерге-кепіл берушіге кепілдік билеті ұсынылады;

      6) қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға міндетті шығыстарға қатысуға жалтаратын, үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу үшін:

      өндіріп алушы куәландырған қызмет көрсету шартының көшірмесі (егер өндіріп алушы басқарушы компания болса);

      тарифтерді белгілеу туралы құжаттардың көшірмелері (хаттама, үй-жайлар (пәтерлер) иелері кооперативінің жалпы жиналысының шешімінен үзінді);

      қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді көшірме) ұсынылады.

      Құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер болады.

      7) нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электр-, газ-, жылу-, сумен жабдықтау және басқалар) үшін жария шарттар, сондай-ақ белгіленген тарифтерге сәйкес төлеу мерзімі басталған көрсетілетін қызметтер үшін өзге шарттар негізінде берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға атқарушылық жазбаны жасау үшін:

      өндіріп алушы куәландырған жеке шарттың көшірмесі не өндіріп алушының ресми сайтында орналастырылған жария шарт (оның мазмұнымен танысу үшін), қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді).

      Құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер болады.

      8) жалға беру шартында белгіленген мерзімде төлемдерді төлемеуіне орай жалға беру төлемдерін өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алуға атқарушылық жазбаны жасау үшін: жалға беру шарты, берешекті өтеу туралы наразылық ұсынылғанда жасалады.

      9) қызметкерге есептелген, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алуда атқару жазбасын жасау үшін: еңбек шартының немесе еңбек кітапшасының көшірмесі; жұмыс берушінің бірінші басшысы, бухгалтері қол қойған және ұйымның мөрімен (болған жағдайда) расталған есептелген жалақы мөлшері туралы анықтамасы, есептелген жалақының төленбеуіне дәлел (төлем ведомосының, 1-С есептік парақтың көшірмелері, кешіктіру туралы анықтама немесе т.б.).

      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу бойынша берешекті өндіріп алу үшін ұсынылады: қызметкердің БЖЗҚ-да ашық шоты бар екендігі туралы Мемлекеттік корпорацияның растау-анықтамасы; бірінші басшы, бухгалтер (болған кезде) қол қойған және мөрмен (болған жағдайда) бекітілген зейнетақы жарналарының есептелген сомасы және БЖЗҚ-ға аударылған сома туралы берешек сомасы көрсетілген жұмыс берушінің анықтамасы.

      10) Партисипативтік рәсім тәртібімен жасалған дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау бойынша берешекті өндіріп алу үшін қол қойылған келісім ұсынған жағдайда жасалады.";

      224-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "224. Борышкерден ақша сомасын өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус түпнұсқа ұсынылған жағдайда берешекті немесе оның көшірмесін белгілейтін түпнұсқа құжатта атқарушылық жазба электрондық түрде жасайды. Бұл ретте, егер атқарушылық жазба берешекті белгілейтін құжаттың көшірмесіне жасалса, онда борышкердің міндеттемесін растайтын түпнұсқа құжатта, БНАЖ электрондық тізілімінде тіркелген күні мен нөмірі көрсетілген атқарушылық жазбаның жасалғаны туралы белгі қойылады. Атқарушылық жазбаның жасалғаны туралы белгі нотариустың қолымен расталады және оның мөрімен бекітіледі.

      Егер өндіріп алушы электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электронды нысандағы берешекті белгілейтін құжат ұсынған жағдайда, нотариус мұндай құжаттағы жазуға белгі жасамайды.";

      225-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "225. Осы борыштық міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу бөлек-бөлек жүргізілген жағдайларды қоспағанда, әрбір борыштық міндеттеме бойынша бір атқарушылық жазба жасалады.

      Еңбекақы және зейнетақы жинақтары бойынша берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жазба бөлек жасалады.";

      226-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Атқарушылық жазба:

      1) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың тегі және аты-жөні;

      2) өндіріп алушының атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, телефон нөмірі және электрондық адресі (болған жағдайда);

      3) борышкердің атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, шартта көрсетілген борышкердің басқа мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі (өтініш берушіге белгілі болса), заңды тұлғаның деректемелері, бизнес сәйкестендіру нөмірі; телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы (олар болған жағдайда);

      4) өндіріп алу жүргізіліп отырған мерзімнің көрсетілуі;

      5) өндіріп алуға жататын немесе талап етуге жататын сәйкестендіру сипаттамаларын, сондай-ақ тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) сомасын, пайыздарды көрсете отырып, талап етуге жататын соманы немесе нысанын белгілеу;

      6) өндіріп алушы төлейтін мемлекеттік баждың немесе жекеше нотариустың нотариаттық іс-әрекеттері үшін төлемнің, өндіріп алушының атқарушылық жазбаны жасаған кезде кеткен пошталық шығыстарының мөлшерін белгілеу;

      7) атқарушылық жазба жасалған күні (жыл, ай, күн);

      8) атқарушылық жазбаның тізілімде тіркелген нөмірі;

      9) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың қолтаңбасы мен мөрінің бедері қамтылады;

      10) атқарушылық жазбаның күшін жою туралы өтініш беру мерзімі мен тәртібін қамтиды.";

      227-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "227. Нотариус атқарушылық жазба жасалғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей көшірмесін электрондық почта мекен-жайы бойынша немесе борышкердің соңғы белгілі тұрғылықты (орналасқан) немесе тіркелген жері бойынша беру туралы хабарламамен жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкерге табыс етеді немесе жібереді.

      Егер нотариус атқарушылық жазбаны борышкердің шартта көрсетілген өзге мекенжайы бойынша жасаған болса, оның көшірмесі борышкерге көрсетілген мекенжай бойынша да, оның соңғы белгілі тұрғылықты (орналасқан) жері немесе тіркелген жері бойынша да жіберіледі.";

      228-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "228. Атқарушылық жазбаны пошталық хабарламаға сәйкес табыс еткен не өзге де байланыс құралдарын пайдалану кезінде жеткізуді тіркеген күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін және борышкер тарапынан қойылған талаптарға қарсылықтар туралы жазбаша өтініш болмаған кезде нотариус өндіріп алушыға оны сот орындаушысына орындауға борышкердің тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бойынша орындауға не оның өтініші бойынша тиісті әділет органына электрондық түрдегі электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырған атқарушылық жазбаны БНАЖ арқылы "Атқарушылық іс жүргізу органдары" мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде өндіріп алушы таңдаған сот орындаушысына не өңірлік палатаға өндіріп алушының атқарушылық жазбаны орындауға беру туралы сканерленген өтінішін қоса бере отырып жолдайды."

      229-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "229. Егер борышкерден он жұмыс күні ішінде өзіне қойылған талапқа жазбаша қарсылық келіп түссе, нотариус мәлімделген талапқа қарсы қарсылық алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады.

      Егер борышкердiң қарсылығы бойынша атқарушылық жазбаның күшiн жоюдан бас тартылса, онда нотариус жоғарыда көрсетiлген мерзiмде атқарушылық жазбаның күшiн жоюдан бас тарту себептерiн көрсете отырып, бұл туралы борышкерге жазбаша хабарлайды.";

      232-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "232. Атқару жазбасының күшін жою туралы қаулының көшірмелері өндіріп алушы мен борышкерге ол шығарылғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      Нотариус нотариаттық іс-әрекеттерді тіркеу тізілімінде және БНАЖ электрондық тізілімінде борышкердің қарсылығы не сот тәртібімен жасалған атқару жазбасының жойылғаны туралы белгі қояды.";

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
К. Мусин