"Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кре

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 68 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 16 қыркүйекте № 29628 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.03.2023 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттік бюродан кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15115 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Заңның 24-бабында көрсетілген ақпарат қамтылған кредиттік есепті кредиттік бюро Заңның 29-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша оны алуға құқығы бар кредиттік есепті алушыға осы қаулымен бекітілген Кредиттік тарих субъектілерінің өздері туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келісімін ресімдеу, кредиттік бюродан кредиттік есепті беруге келісімін ресімдеу қағидаларының 8-тармағына сәйкес ресімделген кредиттік тарих субъектісінің кредиттік бюродан кредиттік есепті беруге келісімі болған жағдайда электрондық немесе қағаз тасымалдағышта береді.

      Күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аса мерзімінің өтуіне жол берілген кредит (банктік қарыз немесе микрокредит) бойынша кредиттік есепті берген кезде кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісі (жеке тұлға) кредитті өтегеннен кейін күнтізбелік 12 (он екі) ай өткен және көрсетілген кезең ішінде кредиттер бойынша күнтізбелік 30 (отыз) күннен асатын уақытқа мерзімнің өтуіне жол бермеген күннен кейінгі күнгі жағдай бойынша кредиттік есепте кредиттің "оңалтылды" деген мәртебесін көрсетуді қамтамасыз етеді.

      Кредиттік есепте соңғы ақпараты Заңның 14-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімнен ерте алынған кредит бойынша ақпарат көрсетілмейді.

      Кредиттік есепте:

      1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның, коллекторлық агенттіктің берешекті кешіруін;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатының есебінен берешектің өтелуін (ішінара өтелуін);

      3) республикалық және (немесе) жергілікті бюджет қаражатының есебінен берешектің өтелуін (ішінара өтелуін);

      4) өзге де көздерді қоса алғанда, кредит бойынша қарыз алушы-жеке тұлғаның берешекті өтеу көздері туралы ақпарат көрсетіледі.".

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2023 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова