"Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығына өзгерістер ме

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 7 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 15 сәуірде № 27605 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13588 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк монополия, арнайы құқық субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары";

      1-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы құқық субъектісі – Кодекстің 193-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік;

      2) баға белгілеу – мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыру және қарау процесі;

      3) бөлу базасы – шығындарды бөлу үшін пайдаланылатын сандық көрсеткіш (көрсеткіштер);

      4) бөлу коэффициенті – тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер арасындағы шығындарды бөлектеп есепке алу үшін бөлу базасын қолдану нәтижесінде алынған жанама шығындардың үлесі;

      5) жария тыңдаулар – мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға жобасын тұтынушылардың, монополияға қарсы органның, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктерінің, тәуелсіз сарапшылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін және мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерін шақыра отырып, мемлекеттік уәкілетті орган өткізетін талқылау рәсімі;

      6) қайта құрылған субъект – бір қаржы жылы ішінде нақты шығындары қалыптаспаған, құрылған сәтінен бастап күнтізбелік бір жылдан кем уақытта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіретін және өткізетін мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі;

      7) мемлекеттік монополия субъектісі – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, Мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған мемлекеттік кәсіпорын;

      8) негізделген баға – мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің негізделген шығындарының және пайдасының негізінде айқындалған баға;

      9) өзіндік құн – мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасында уәкілетті орган ескеретін шығындар жиынтығы;

      10) тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке тікелей шығындар – белгілі бір тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке тікелей және бір мәнді жатқызылған шығындар;

      11) тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке жанама шығындар – белгілі бір тауарға, жұмысқа, көрсетілетін қызметке тікелей және бір мәнді жатқызылмайтын, бірақ шығындардың туындау себептерін көрсететін бөлу базалары негізінде тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бөлінуі мүмкін шығындар;

      12) уәкілетті мемлекеттік орган – мемлекеттік монополияның, арнайы құқықтың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және (немесе) оның ведомствосы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне бағаларды қалыптастыру тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша шығындарды бөлек есепке алу негізінде жүзеге асырылады";

      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2, 3-3, 3-4, 3-5, 3-6 және 3-7-тармақтармен толықтырылсын:

      "3-1. Бөлек есепке алуды жүргізу тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша кірістер мен шығындар туралы деректерді бөлек жинау және қорыту жүйесін білдіреді.

      3-2. Бөлек есепке алу осы Қағидаларға сәйкес тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша кірістер мен шығындарды бөлу үшін нақтылаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ететін бухгалтерлік және басқарушылық есептің бастапқы құжаттарына негізделеді.

      3-3. Кірістер мен шығындардың бөлек есебін жүргізу үшін мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі осы Ереженің 3-6-тармағын ескере отырып, есеп саясатының жеке бөлімі түрінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі үшін өзінің бөлу базасын айқындайды.

      3-4. Бөлу базасы ретінде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу көлемі не осы тауарлардан, жұмыстардан, көрсетілетін қызметтерден алынған табыс, персоналдың еңбегіне ақы төлеу сияқты көрсеткіштерді таңдайды.

      3-5. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен кірістер бастапқы құжаттар мен бухгалтерлік есеп деректері негізінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша, оның ішінде технологиялық байланысты қызмет түрлері бойынша бөлек есепке алынады:

      1) мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатқызылған қызмет түрлері бойынша – уәкілетті орган бекіткен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізудің нақты көлеміне және бағаларға сәйкес;

      2) қызметтің өзге де түрлері, оның ішінде мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа технологиялық байланысты түрлері бойынша – тиісті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлеміне және осы тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер ұсынылған бағаларға қарай өзге де тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін табыстарға сүйене отырып жүзеге асырылады.

      3-6. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге және өткізуге арналған тікелей шығындар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түріне тікелей қатысты.

      Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге және өткізуге жанама шығындар есеп саясатында айқындалған бөлу базалары негізінде есептелген бөлу коэффициенттері бойынша тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түріне жатады.

      3-7. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бір түрін өндіруге және өткізуге байланысты персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар тікелей болып табылады және тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түріне толық жатады.

      Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің екі және одан да көп түрлерін өндіруге және өткізуге байланысты персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар жанама болып табылады және бөлу базасы мен бөлу коэффициентін пайдалана отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлеріне бөлінеді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қайта құрылған мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыру пайда болған нақты шығындар бойынша күнтізбелік жыл өткен соң баға сараптамасынан қайта өткен кезде жоспарланатын шығындардың негізінде жүзеге асырылады.";

      5-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне негізделген баға қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге (көрсетуге) тікелей жататын шығыстар және негіздеуші құжаттармен (шарттармен, шот-фактуралармен, қаржылық құжаттармен) расталған:";

      6-тармақтың бірінші абзацының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық cубъектісінің бағаларын қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге (көрсетуге) тікелей жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық құжаттар) расталмаған шығыстар, оның ішінде:";

      7-тармақ алып тасталсын;

      8 тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Кодекстің 90-6-бабының 29) тармақшасына сәйкес монополияға қарсы орган осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасына сараптама жүргізеді.";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      Бағаларға сараптама жүргізу үшін мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері мыналарды:

      1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге мемлекеттік монополия, арнайы құқық енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы жазбаша нысандағы ақпаратты;

      2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларының алдағы уақытта өзгеретіні (өсетіні және (немесе) төмендейтіні) және өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерін растайтын, негіздейтін материалдарды қоса бере отырып, олардың өзгеруінің (өсудің және (немесе) төмендеудің) себептері туралы хабарламаны кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын береді.";

      үшінші бөліктің 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      11) есепке алу саясаты;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Монополияға қарсы орган хабарламаны немесе ақпаратты қарау барысында монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінен шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды сұратуға құқылы.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсыну кезеңінде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі тиісті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғанға дейін қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғаннан кейін хабарламаны немесе ақпаратты қарауды қайта бастайды.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге жария тыңдауларды өткізу тәртібі";

      14-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      2) тұтынушылар мен мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтау;

      3) мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын қалыптастырудың ашықтығы.";

      16-тармақтың 3), 4) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      3) мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің атауын және олардың бағаларын бекітуге хабарлама немесе ақпарат берілген мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерін;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның және мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің ақпарат алу мүмкін болатын байланыс телефондарын;

      5) уәкілетті мемлекеттік органның және мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісінің интернет-ресурсының мекенжайын (болған жағдайда) қамтиды.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі жария тыңдауларды өткізу күні туралы ақпарат жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша жазбаша түрде үш жұмыс күн ішінде:

      мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға жобаларын;

      мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын көтеру себептері туралы экономикалық негізделген есептеулері бар ақпаратты береді.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Өз сөзінде мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісі мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің ұсынылып отырған баға деңгейіне растаушы фото, бейне материалдарды қоса бере отырып, толық түсіндіру және негіздеме береді (болған кезде).".

      2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Экономикалық шоғырлану және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Төраға С. Жумангарин