"Кадрлардағы жергілікті қамту үлесін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 193 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі № 113 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 сәуірде № 27413 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кадрлардағы жергілікті қамту үлесін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 193 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17021 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесін бекіту туралы";

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 28-бабының 1-тармағына және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесі бекітілсін";

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кадрлардағы жергілікті қамту үлесін есептеу әдістемесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Шапкенов

 

      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министірлігі
      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы

  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2022 жылғы 4 сәуірдегі
№ 113 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықта әлеуметтік
қорғау министрінің
2018 жылғы 18 мамырдағы
№ 193 бұйрығымен
бекітілген

Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесі

      1. Кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесі (бұдан әрi – Әдiстеме) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 28-бабының 1-тармағына сәйкес әзiрлендi.

      2. Әдiстеме жер қойнауын пайдаланушылардың келiсiмшарт бойынша мiндеттемелерiн орындауына мониторинг жүргізуді және бақылауды жүзеге асыру мақсатында жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттарда кадрлардағы елішілік құндылық үлесін есептеуге, сондай-ақ өтiнiм берушiлердiң жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныстарды даярлауына арналған.

      3. Кадрлардағы елішілік құндылық жұмыскерлердің әр санаты бойынша бөле отырып, келiсiмшартты орындауға жұмылдырылған персоналдың жалпы санында қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтуылуың мәнiн айқындау негiзiнде белгiленедi.

      4. Қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуы мынадай санаттар бойынша айқындалады:

      1) бiрiншi санат – басшылар мен олардың орынбасарлары;

      2) екiншi санат – құрылымдық бөлімшелердің басшылары;

      3) үшiншi санат – мамандар;

      4) төртінші санат – білікті жұмысшылар.

      Бiрiншi санатқа басшылар мен олардың орынбасарлары жатады.

      Екiншi санатқа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (бұдан әрі – Еңбек кодексі) белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелердің басшылары жатады.

      Үшінші санатқа Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар жатады.

      Төртінші санатқа Еңбек кодексінде сәйкес белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшылар жатады.

      5. Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта үш санат бөлінісінде қазақстандық кадрлардағы елішілік құндылық бойынша міндетемелер болған жағдайда, қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуы мынадай санаттар бойынша айқындалады:

      1) бiрiншi санат – басқарушы құрам;

      2) екiншi санат – жоғары және орта кәсiптiк бiлiмi бар мамандар;

      3) үшiншi санат – бiлiктi жұмысшылар.

      Бiрiншi санатқа жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың ағымдағы қызметiн басқаруды жүзеге асыратын атқарушы органның құрамына кiретiн адамдар, олардың орынбасарлары, филиалдардың басшылары, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың жекелеген бағыттағы қызметiн басқаруды, құрылымдық бөлiмшелердiң қызметiн үйлестiру мен бақылауды қоса жүзеге асыратын адамдар жатады.

      Екiншi санатқа жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың құрылымдық бөлiмшелерiн басқаратын және жер қойнауын пайдаланушының қызмет процесiне тiкелей басшылықты жүзеге асыратын қызметкерлер, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оператордың штатында тұратын, арнайы бiлiмi және жұмыс дағдысы, тәжiрибесi бар қызметкерлер жатады.

      Үшінші санатқа Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне сәйкес біліктілік талаптарына сай келетін білікті жұмысшылар жатады.

      6. Тиiстi санаттар бойынша қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуын мынадай формула бойынша айқындалады:

      VKC h = ----- x 100 %, мұндағы: Vo

      - h – кадрлардағы елішілік құндылықтың үлесі;

      - VKC – тиiстi санаттағы қазақстандық кадрлардың саны;

      - Vo – келiсiмшартты орындауға жұмылдырылған тиiстi санаттағы персоналдың жалпы саны.

      Есептеу мысалы:

      Екiншi санат бойынша қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуын есептеу үшiн бастапқы деректер:

      (Vo) – жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшартты орындауға жұмылдырылған екiншi санаттағы персоналының жалпы саны 1200 адамды құрайды;

      (VKC) – тиiстi санаттағы қазақстандық кадрлардың саны 1000 адамды құрайды.

      Осы санаттағы қазақстандық кадрлардың пайыздық қамтылуы:

      1000 h = ---- x 100 % = 83 % - ды құрайды.

      1200