ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Объектілердің аумағында білім беру процесімен функционалдық байланысы жоқ ғимараттарды, құрылыстар мен құрылысжайлар орналастыруға жол берілмейді.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған кезде су жылытқыштар орнатылады. Ыстық және салқын су барлық ванналарға, себезгілерге, кір жуатын орындарға, қолжуғыштарға, оның ішінде санитариялық тораптарға, түстену залдарына, тұратын орындарға, медициналық мақсаттағы үй-жайларға, сондай-ақ ас блогындағы араластырғыштар орнатылған технологиялық жабдыққа жүргізіледі.
Сумен жылыту жүйесіндегі ыстық суды технологиялық және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Кәріз жүргізілмеген жерлерде жылы санитариялық тораптар (75 адамға 1) және су құйылатын қолжуғыштар (30 адамға 1) орнатылады.
Жылы санитариялық тораптардың жерүсті үй-жайлары және су өткізбейтін материалдан жасалған қазылған шұңқыры болады. Жылы санитариялық тораптарды жинау күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі. Қазылған шұңқыр уақтылы тазаланады.
Жобаланатын, салынып жатқан және реконструкцияланатын білім беру объектілерінде кәріз жүргізілмеген және ішінара кәріз жүргізілген жерлерде санитариялық тораптар, оның ішінде жылы санитариялық тораптар объектілердің ғимараттарында орналастырылады.";
70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"70. Жалпы білім беретін және арнайы білім беру ұйымдары топтарының (сыныптарының) толтырылуы осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес қабылданады.";
123-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"123. Ас блогында тәуліктік сынамаларды іріктеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген "Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26866 болып тіркелген) талаптарына сәйкес жүргізіледі.";
151-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"151. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 27 мамырдағы № ҚР ДСМ-47 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22833 болып тіркелген) "Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынулары (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек, скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларымен белгілінеді.";
152-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"152. Сырқаттанушылықтың тұрақты өсуі кезінде Кодекстің 38 және 104-баптарына сәйкес шығарылаған Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен:
1) білім беру объектілері үй-жайларының толтырылуына (адамдардың кабинеттерде, корпустарда, аудиторияларда, спорт, акт залдарында, сыныптарда, топтарда, асханаларда бір мезгілде болуы);
2) білім алушылар, педагогтар контингентіне және персоналға;
3) сабақтың ұзақтығына;
4) көпшілік пайдалану орындарын (оқу залдары, спорт және акт залдары) пайдалануды шектеуге;
5) интернаттар мен жатақханалардың толтырылуына қойылатын шектеулер айқындалады.";
153-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"153. Білім беру ұйымдарындағы оқу процесінің форматы (штаттық, аралас, қашықтықтан) республикадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен айқындалады."
154-223-тармақтар алып тасталсын;
осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
осы Санитариялық қағидаларға 12-қосымша алынып тасталсын.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Ғиният |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі |
|
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі |
Жалпы білім беру және арнайы білім беру ұйымдарындағы топтардың (сыныптардың) толтырылуы
Білім беру ұйымдары | Сыныптағы (топтағы) балалар саны |
1 | 2 |
Мектеп алды даярлық топтары (сыныптары) | 25-тен артық емес |
Халықаралық мектептерді қоспағанда жалпы білім беру ұйымдарының сыныптары, | 25-тен артық емес |
Мына балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары: | |
Сөйлеу қабілеті бұзылған: | |
сөйлеу қабілеті қатты бұзылған | 12 |
Есту қабілеті бұзылған: | |
естімейтін | 8 |
нашар еститін және кейіннен саңырау болған | 10 |
Көру қабілеті бұзылған: | |
көзі көрмейтін, кейіннен соқыр болған | 8 |
нашар көретін | 12 |
Жеңіл ақыл-ой кемістігі | 10 |
Орташа ақыл-ой кемістігі | 6 |
Психикалық дамуы тежелген | 12 |
Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған | 10 |
Ауыр кемістігі бар | 6 |
Эмоциялық-ерік бұзылыстары бар | 4 |
Ескертпе:
1. Халықаралық мектептерді қоспағанда, жалпы білім беретін ұйымдар үшін сыныптарды толтыру 25 оқушыдан артық емес болып белгіленеді. Жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында, мамандандырылған білім беру ұйымдарында, гимназияларда және лицейлерде сыныптардың толтыруын 20 оқушыға дейін азайтуға жол беріледі. Халықаралық мектептер үшін нормалар құрылыс кезінде жобалауға тапсырыс негізінде қабылданады.
2. Жергілікті жағдайларға және қаражаттың болуына қарай көрсетілген арнайы білім беру ұйымдарында ұзартылған күн сыныптарын, тәрбиелеу топтарын толтырудың ұсынылған шекті толтырудан төмен болуына жол беріледі.
3. Дене бітімінің кемістігі және ақыл-ой кемістігі бар балалар топтарының саны (арнайы топ) 4 – 6 топты құрауы мүмкін.