"Энергия аудиторларына кандидаттарды аттестаттауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 1123 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 23 ақпандағы № 99 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 ақпанда № 26939 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2023 жылғы 15 қыркүйектегі № 8 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 15.09.2023 № 8 (10.06.2024 қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Энергия аудиторларына кандидаттарды аттестаттауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 1123 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12587 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Энергия аудиторларына кандидаттарды аттестаттауды жүргізу қағидаларында:

      8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жауапты орындаушы кандидаттың ұсынылған құжаттарын тіркеген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде олардың толықтығын тексереді және көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші басшысының немесе оны алмастыратын адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті одан әрі қараудан дәлелді түрде бас тартады (бұдан әрі – дәлелді бас тарту) және мемлекеттік қызмет көрсету нысанына сәйкес оны көрсетілетін қызметті алушыға электрондық құжат нысанында портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жолдайды.

      9. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, жауапты орындаушы 7 (жеті) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған құжаттар мен оларда көрсетілген мәліметтердің Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және 1 (бір) жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін - осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша энергия аудиторының аттестатын ресімдейді.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушыға позициясын білдіру мүмкіндігі үшін хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші энергия аудитордың аттестатын немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тартуды береді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша шағымды шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті берушіге, лаузымды адамға береді.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса не әрекет жасаса, ол шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік корпорация жұмыскерлерінің қызмет көрсету кезіндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым оның басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.";

      16-тармақ алынып тасталсын;

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің, уәкілетті органның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.";

      2-қосымшада:

      реттік нөмірі 8-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

18

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі

1) осы Қағидаларға сәйкес нысан бойынша өтініш (сұрау);
2) жоғары инженерлік-техникалық білімі туралы дипломның электрондық көшірмесі немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжат;
3) энергия аудиті бағыты бойынша энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласындағы курстардан өткені туралы куәліктің электрондық көшірмесі;
4) кандидаттың еңбек қызметінің жалпы техникалық жұмыс өтілінің кемінде 5 (бес) жыл, оның ішінде энергия аудиторлық ұйымда кемінде 1 (бір) жыл энергия аудиторы болуын растайтын құжаттың электрондық көшірмесін;
5) III және одан жоғары рұқсат беру тобының білімін біліктілік тексеру хаттамасының электрондық көшірмесі.

  ".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
К. Ускенбаев
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігі