"Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 223 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы № 115 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 24 желтоқсанда № 26007 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 223 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8800 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларында:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 62) тармақшасына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктерде (бұдан әрі – банктер), Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарында клиенттердің металл шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібін айқындайды.";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аллокирленбеген металл шоты – банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы аффинирленген бағалы металдардың жеке белгілерін көрсетпестен оларды есепке алу, сондай-ақ аффинирленген бағалы металдарды қолма-қол емес (заттай емес) нысанда қабылдау, орналастыру және сатып алу-сату бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін ашатын металл шоты;

      2) аллокирленген металл шоты – клиент банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына жауапты сақтауға берген аффинирленген бағалы металдарын заттай нысанда жеке белгілерін сақтай отырып есепке алу үшін банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы ашатын металл шоты;

      3) бағалы металдар – кез келген күйдегі және түрдегі алтын, күміс, платина және платина тобының металдары (палладий, иридий, родий, рутений, осмий);

      4) бағалы металдың лигатуралық массасы – қоспаларымен бірге бағалы металдан тұратын құйманың нақты жалпы массасы;

      5) клиенттер – металл шоты шартын жасаған жеке және заңды тұлғалар;

      6) металл шоты – банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы мен клиент арасында аффинирленген бағалы металдармен операцияларды жүзеге асыру жөніндегі шарттық қатынастарды көрсету тәсілі;

      7) өлшеуіш құйма – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде белгіленген талаптарға сәйкес келетін не шетелде өндірілген, шығарылған елдің заңнамасына сәйкес дайындалған, таңбаланған және сертификатталған, массасы 1000 грамнан аспайтын және алтын мен күміс үшін бағалы металдың массалық үлесі кемінде 99,99 пайыз және платина мен палладий үшін 99,95 пайыз болатын құйма;

      8) стандартты құйма – тазарту кезеңінен өткен және:

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде белгіленген талаптарға не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондон платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін және осы қауымдастықтардың құжаттарында "Лондон сапалы жеткізілімі" ("London good delivery") стандарты ретінде белгіленген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өндірген құймалар;

      шығарылған елдің заңнамасына не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондон платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес дайындалған, таңбаланған және сертификатталған және осы қауымдастықтардың құжаттарында "Лондон сапалы жеткізілімі" ("London good delivery") стандарты ретінде белгіленген шет елде өндірілген құймалар түрінде берілген бағалы металл құймасы;

      9) аффинирленген бағалы металдар – өңдеуден өткен және қоспалар мен қосалқы құрамдас бөліктерден тазартылған, Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) немесе Лондон платина тобындағы металдар қауымдастығы (London Platinum and Palladium Market) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына және/немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде белгіленген сапа стандарттары мен талаптарына және/немесе шығарылған елдің сапа стандарттары мен техникалық талаптарына сәйкес келетін сапаға жеткізілген бағалы металдар, сондай-ақ алтын мен күміс үшін бағалы металдың массалық үлесі кемінде 99,99 пайыз болатын бағалы металдардан жасалған монеталар;

      10) таңба – бағалы металл құймасын дайындаушының/өндірушінің белгісі;

      11) химиялық таза масса – қоспаларды есептемегенде бағалы металдың құймадағы массасы.";

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы мен клиент арасында металл шоты шарты жасалған кезде металл шоттары ашылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Клиентпен металл шоты шарты банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тиісті тексеру жөніндегі шараларды қабылдағаннан кейін жасалады.";

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Металл шотты ашу банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы белгілеген нысан бойынша клиенттің металл шотын ашу туралы өтінішінің негізінде металл шоттың әр түрі бойынша жеке жүзеге асырылады.

      6. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы металл шотты ашу туралы өтінішті 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалдары стандартты және өлшеуіш құймалар, монеталар түрінде және металл шоты шартында көзделген өзге нысандарда аффинирленген бағалы металдармен металл шоттары бойынша операцияларды жүргізеді.";

      14-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы аллокирленген металл шотының шарты бойынша клиентке мынадай қызмет түрлерін ұсынады:";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы аллокирленген металл шотына клиенттен заттай нысанда қабылдаған аффинирленген бағалы металдар банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының меншігі болып табылмайды және банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы өз атынан және өз есебінен операцияларды жүзеге асыру үшін орналастырмайды.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Аллокирленбеген металл шоттары бойынша аффинирленген бағалы металдарды аударумен байланысты операцияларды жүзеге асыру үшін банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы бір-біріне аллокирленбеген металл шоттарын ашады.";

      22-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы аллокирленбеген металл шотының шарты бойынша клиентке мынадай қызмет түрлерін ұсынады:";

      23-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) клиентке сатылған немесе банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы сатып алған аффинирленген бағалы металдарды есепке алу жолымен жүзеге асырылады.".

      2. Қаржы ұйымдарын дамыту департаменті (Б.М. Иралимов) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп (А.С. Касенов) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.Ш. Шолпанқұловқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев