"Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 588 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 желтоқсанда № 25782 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20622 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақыны есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 29 қаңтардағы № 40 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5148 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырсын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және оның күші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Министрдің міндетін атқарушы Ш. Каринова

      КЕЛІСІЛДІ:

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым
Министрдің міндетін атқарушы
2021 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 588 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 11 мамырдағы
№ 191 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидалары

1 - тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу қағидалары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс), "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) және "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының (бұдан әрі – Қаулы) нормаларына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) педагогтерді тарифтеу — орындалатын жұмыстың күрделілігін, шарттары мен көлемін ескере отырып, педагогтердің кәсіптік даярлығына және біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар негізінде олардың жалақысын белгілеуге бағытталған білім беру ұйымы жүргізетін іс-шаралар кешені;

      2) тарификациялық тізім — біліктілікті, белгіленген жүктемені, арттыруларды, қосымша ақыларды, үстеме ақыларды және өзге де төлемдерді ескере отырып, педагогтердің жалақысын анықтайтын, ұйымның бірінші басшысымен (не оны алмастыратын адам) бекітілетін құжат.

2 - тарау. Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу тәртібі

      3. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде ұйымның бірінші басшысы (не оны алмастыратын адам) бөлетін оқу жүктемесіне, сондай-ақ біліктілік деңгейіне, өтіліне және Кодекспен, заңмен және қаулымен көзделген өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді ескере отырып, қаулыға сәйкес лауазымдық айлықақыларды (тарифтік мөлшерлемелерді) айқындайтын санатының болуына қарай есептеледі.

      Білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық айлықақысы (тарифтік мөлшерлемесі) атқарып отырған лауазымдардың функционалдық блоктарға жатқызылуына және жұмыс өтіліне қарай олардың лауазымдық айлықақысын (тарифтік мөлшерлемесін) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерге базалық лауазымдық айлықақыны көбейту арқылы айқындалады.

      Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес аптасына нормативтік оқу жүктемесі белгіленген педагогтердің лауазымдық айлықақылары (тарифтік мөлшерлемелері) астрономиялық сағаттардағы жұмыс уақытының шығындарына қарай айқындалады.

      Сабақтар (сабақтар, дәрістер) арасында көзделген қысқа үзілістер педагогтің жұмыс уақыты болып табылады.

      4. Кешкі (ауысымдық) жалпы білім беретін мектептердің (сыныптардың) педагогтерін, емдеу-профилактикалық ұйымдарда ұзақ уақыт емделіп жатқан балалармен сабақ жүргізетін педагогтерді және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) педагогтерінің оқу жүктемесі жылына бір рет жартыжылдық бойынша бөлек бөлінеді, қажет болған жағдайда екінші жарты жылдықтың басына түзетіледі.

      5. Күндізгі/сырттай оқу нысанындағы кешкі (ауысымдық) жалпы білім беретін мектептер (сыныптар) педагогтерінің, сондай-ақ емдеу-алдын алу ұйымдарында ұзақ мерзімді емделуде жүрген балалармен сабақ жүргізетін педагогтердің оқу жүктемесін бөлу жылына екі рет бірінші оқу жартыжылдығының басына және екінші оқу жартыжылдығының басына жүргізіледі.

      6. Педагогтердің айлық лауазымдық айлықақылар (тарифтік мөлшерлемелер), арттырулар, қосымша ақылар мен үстемеақылар мөлшерінің өзгеруі:

      1) оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап, сондай-ақ (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13317 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен бекітілген, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарынна сәйкес біліктілік санатын беру (растау) кезіндегі аттестаттау қорытындысы бойынша тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап;

      2) жұмыс өтілі ұлғайған күннен бастап;

      3) құрмет атағы берілген күннен бастап;

      4) білім (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары) алу кезінде немесе білім туралы құжат қалпына келтірілген кезде-тиісті құжат ұсынылған күннен бастап;

      5) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелерін беру кезінде-Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің диплом беру туралы шешімі шыққан күннен бастап;

      6) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесін беру кезінде тиісті құжаттарды ұсынған күннен бастап;

      7) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру ұйымының дене шынықтыру мұғалімдері мен нұсқаушыларына сабақтан тыс уақытта спорт сабақтарын өткізгені үшін;

      8) білім беру ұйымы педагогикалық кеңесінің оң шешімі негізінде тарифтеу жүргізілгеннен кейін шығарылған білім беру ұйымы басшысының бұйрығына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі өзгерген күннен бастап;

      9) төлемдердің мөлшерін өзгертетін нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда, онда көрсетілген күннен бастап жүргізіледі.

      7. Педагогтің айлық лауазымдық айлықақысының (тарифтік мөлшерлемесінің), қосымша ақыларының, үстемеақыларының және арттыруларының мөлшері өзгерген кезде, ол ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысында, қосымша ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысында, әлеуметтік демалыста және экологиялық зілзала және радиациялық қатер аймақтары бойынша жыл сайынғы қосымша ақылы демалыста болған кезеңде, сондай-ақ оның уақытша еңбекке жарамсыздығы кезеңінде (оның ішінде жүктілігі мен босануы бойынша), бір айдағы жаңа тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық айлықақыны) негізге ала отырып, жалақыны есептеу, қосымша ақылар, үстемеақылар мен арттырулар демалыс немесе еңбекке уақытша жарамсыздық аяқталған күннен бастап жүргізіледі.

      8. Білім алушылардың жазғы каникулдары кезінде педагог лауазымына жұмысқа қабылданған адамдарға оқу жылы басталғанға дейінгі кезең үшін айлық жалақы олардың біліктілік санаттары, білім деңгейі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген жұмыс өтілі ескеріле отырып айқындалатын лауазымдық айлықақы (тарифтік мөлшерлеме) есебінен есептеледі.

      9. Негізгі жұмыс орны бойынша білім беру ұйымдарында бір сағат үшін педагогтердің жалақысын есептеу ауруы немесе басқа да себептері бойынша қатарынан екі айдан аспайтын уақытша болмаған педагогтің міндеттерін орындау кезінде оқу сағаттары үшін жүргізіледі.

      Сағаттық төлем оқу жүктемесінің нақты орындалған көлеміне пропорционалды түрде жүргізіледі. Бұл ретте оқу (оқытушылық) жұмысының бір сағаты үшін ақы төлеу мөлшері алмастыратын қызметкердің біліктілігін ескере отырып, алмастырылатын лауазым бойынша аптасына педагогикалық жұмыс сағаттарының белгіленген нормасы үшін көзделген жалақыны алмастырылатын лауазым бойынша жұмыс сағаттарының орташа айлық санына бөлу арқылы айқындалады.

      Бұл ретте, егер сабақтар каникул кезінде жүргізілмесе, осы кезең үшін жалақы есептелмейді.

      Егер уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау қатарынан екі айдан астам жалғасса, педагогтің жалақысын есептеу осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген жалпы тәртіппен нақты педагогикалық жүктеменің барлық сағаты үшін алмастыру басталған күннен бастап жүргізіледі.

      10. Өндірістік қажеттілік болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру жолымен басқа жерде орналасқан білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары, қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу Кодекстің 41-бабына сәйкес орындалатын жұмысы үшін, бірақ бұрынғы жұмысы бойынша орташа жалақысынан төмен емес жүргізіледі. Бұдан басқа, басқа жерде орналасқан құрылымдық бөлімшеге уақытша ауыстыру кезінде жұмыскерге Кодекстің 127-бабында көзделген мөлшерде өтемақы төленеді.

      Туристік саяхаттар (оның ішінде жорықтар, экспедициялар, экскурсиялар) өткізу үшін жіберілген педагогтер мен білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері үшін өтемақы төлемдері олардың жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен тұспа-тұс келмейтін кезеңде Кодекстің 127-бабына сәйкес жүргізіледі.

      11. Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу Кодекстің 112-бабына сәйкес айқындалады.

1 - Параграф. Мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптары педагогтерінің жалақысын есептеу ерекшеліктері

      12. Мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптары педагогтерінің жалақысын есептеу үшін бір айлық кезең қолданылады.

      Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілерінің бір айдағы жалақысы лауазымдық айлықақыны (бір айдағы тарифтік мөлшерлемені) олардың бір аптадағы нақты жүктемесіне көбейту және алынған туындыны Заңның 8-бабының 3-тармағының 3) тармақшасында белгіленген 24 сағат аптасына нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы есептеледі.

      Мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптары педагогтерінің лауазымдық айлықақысы (тарифтік мөлшерлемесі) осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жалпы негіздерде есептеледі.

      Орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары педагогінің жалақысын есептеу кезінде бір сыныпқа бір мөлшерлеме көлемінде жалақы төленеді - аптасына 24 сағат.

2 - Параграф. Орта білім беру (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) ұйымы педагогтерінің жалақысын есептеу ерекшеліктері

      13. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу үшін бір айлық кезең қолданылады.

      Барлық мамандықтар мұғалімдерінің (бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды (бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушыларды қоспағанда)) бір айдағы жалақысы лауазымдық айлықақыны (бір айдағы тарифтік мөлшерлемені) олардың бір аптадағы нақты жүктемесіне көбейту және алынған туындыны Заңның 8-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы есептеледі.

      Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушылардың (бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушылардың) айлық жалақысын есептеу лауазымдық жалақыдан және осы Қағидалардың 13- тармағында көрсетілген жалпы негіздерде есептелетін нақты апталық жүктеме бойынша оқу сағаттарына ақы төлеуден құралады.

      Оқушылардың жазғы дала жиындарын өткізу жеке төленбейді.

      Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы нақты оқу жүктемесін ескере отырып, бастапқы әскери даярлықты ұйымдастырушы оқытушының (бастапқы әскери және технологиялық даярлықты ұйымдастырушы оқытушының) лауазымдық айлықақысына 30% мөлшерінде белгіленеді.

      14. Тарифтеу кезінде белгіленген айлық жалақы жылдың әртүрлі айларындағы апталар мен жұмыс күндерінің санына қарамастан тарифтеудің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін тұрақты болып қалады.

      Оқу жүктемесінің көлемі тарифтеуден кейінгі кезеңде өзгерген жағдайда, еңбек шартына қосымша келісім жасасу негізінде жүктемені өзгерту туралы бұйрық шығару арқылы тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізу жүргізіледі.

      15. Оқу тоқсандары арасындағы және оқу жылы басталғанға дейінгі каникул кезінде, демалыс күндерін қоспағанда, білім беру ұйымдарының педагогтеріне жалақы нақты жүктемені ескере отырып, каникул басталар алдындағы тарифтеу кезінде белгіленген айлық жалақы есебінен есептеледі.

      16. Сабақтар 28 аптаға есептелген оқу жоспары бойынша жүргізілетін жалпы білім беретін мектептердің жанындағы кешкі (ауысымдық) жалпы білім беретін мектептердің және кешкі (сырттай) оқытудың жекелеген сыныптарының педагогтеріне айлық жалақы оқу жылы ішінде, сондай-ақ оқу жылы басталғанға дейін бір апта бұрын және оқу жылы аяқталғаннан кейін бір апта үшін есептеледі.

      17. Нормативтік оқу жүктемесі қамтамасыз етілмеген педагогтерге айына тарифтік мөлшерлемелер осы Қағидалардың 3- тармағында белгіленген тіртіппен педагогикалық жүктемені қосымша педагогикалық жұмыс сағаттарының белгіленген нормасына дейін мынадай жағдайларда толықтырылғанда толық мөлшерде есептелуі мүмкін:

      1) педагог-мамандарға көркем еңбек, музыка және дене шынықтыру сабақтарын беру үшін жағдай жасалған жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне;

      2) денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша дене тәрбиесі және музыка сабақтарын жүргізе алмайтын жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне;

      3) өздерінің даярлығы салдарынан шет/қазақ/ орыс тілі сабақтарын жүргізе алмайтын шет тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің бастауыш сынып педагогтеріне, қазақ және басқа да ұлттық (орыс емес) тілдерінде оқытатын ауыл мектептерінің педагогтеріне;

      4) орыс және басқа да ұлттық (қазақ емес) оқыту тілдері бар ауыл мектептерінің қазақ тілі педагогтеріне;

      5) қазақ және басқа да Ұлттық (орыс емес) тілде оқытатын ауылдық бастауыш мектептердің орыс тілі педагогтеріне;

      6) шалғай жерлерде орналасқан, ауыл мектептерінің дене шынықтыру педагогтеріне, мектептердің шет тілі педагогтеріне келесі міндеттер (міндеттердің бір бөлігі) жүктелген кезде:

      - дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру (дене шынықтыру педагогтері үшін);

      - жазбаша жұмыстарды тексеру, сынып басшылығы бойынша (шет тілі педагогтері үшін).

      Қосымша педагогикалық жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша мектепке барудан босатылған оқушылармен үйде сабақ өткізу, уақытша болмаған педагогтарды ауыстыру, ұзартылған күн тобындағы тәрбие жұмысы, оқу-тәрбие жұмысын жүргізу жатады.

      18. Екінші жартыжылдықта оқу жүктемесі оқу жоспарына сәйкес азайтылған жағдайларды қоспағанда, педагогтің оқу жүктемесі оған байланысты емес себептер бойынша оқу жылы ішінде тарифтеу кезінде өзіне белгіленген жүктемемен салыстырғанда төмендеген жағдайларда есептеу мынадай түрде жүргізіледі:

      1) егер қалған жүктеме айына белгіленген тарифтік мөлшерлемеден жоғары болса-сағаттардың нақты саны үшін жалақы;

      2) егер қалған жүктеме айына белгіленген тарифтік мөлшерлемеден төмен болса-айына тарифтік мөлшерлеме;

      3) егер тарифтеу кезінде оқу жүктемесі бір айдағы тарифтік мөлшерлемеден төмен белгіленсе-тарифтеу кезінде белгіленген жалақы.

      19. Егер білім алушылардың тұрақты ауысуы педагогтердің оқу жүктемесіне әсер ететін болса, ауруханаларда ұзақ емделіп жатқан оқушыларды оқытқаны үшін педагогтердің жалақысын есептеу нақты жұмыс істеген уақытына (ай сайынғы нақты жүктеме) байланысты ай сайын жүргізіледі.

      Сырттай нысанда оқыту жүргізілетін балалармен жұмыс істегені үшін мектеп педагогтерінің жалақысын есептеу нақты жұмыс істеген уақытқа (ай сайынғы нақты жүктемеге) байланысты ай сайын жүргізіледі.

      20. Тарифтеу кезінде белгіленген оқу жүктемесінен тыс орындалған педагогикалық жұмыстың оқу уақытының көлемі үшін жалақыны есептеу әрбір оқу жартыжылдығы аяқталғаннан кейін сағатына қосымша тарифтік мөлшерлемелер бойынша жүргізіледі.

      21. Жазбаша жұмыстарды тексергені үшін педагогтерге қосымша ақыларды есептеу үлгілік оқу бағдарламаларында тексеру көзделген оқу пәндері бойынша тарифтеу кезінде оқу жүктемесіне енгізілген оқу уақыты көлемінің жалпы санына байланысты жүргізіледі.

      22. Созылмалы аурулары бар балалармен үйде, емдеу-профилактикалық мекемелерде жеке оқыту бойынша жұмысы үшін, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша арнайы медициналық топқа жатқызылған оқушылармен дене шынықтырудан сабақ өткізгені үшін мектеп педагогтерінің жалақысы осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген тәртіппен есептеледі.

      23. Шағын жинақты жалпы білім беретін мектептердің педагогтерінің жалақысы педагогикалық жұмыстың бір аптадағы нақты оқу жүктемесі үшін есептеледі, бірақ сынып-жиынтыққа кіретін басқа сыныптармен салыстырғанда оқу уақытының ең көп көлемі көрсетілген сынып-жиынтыққа кіретін сыныптың оқу жоспарында көзделгеннен жоғары емес.

      Бір мұғалімге бір жарым ауысымдағы жұмысы үшін жалақы оқушылардың жалпы контингенті 20 адамға дейін екі бастауыш сынып, оқушылардың жалпы контингенті 15 адамға дейін үш бастауыш сынып, оқушылардың жалпы контингенті 10 адамға дейін төрт бастауыш сынып болған кезде білім алушылар біріктірілетін сынып-жиынтығы бар оқу жоспары бойынша оқу уақытының көлеміне байланысты есептеледі.

      Егер екі бастауыш сыныптағы оқушылар саны 20 және одан да көп адамды құраса, әрбір мұғалімге жеке сыныбымен жұмыс істегені үшін жалақы есептеледі.

      Егер оқушылардың саны 15 және одан да көп адам болса, үш бастауыш сынып біріктірілгенде, 10 және одан да көп адам санымен төрт бастауыш сыныптарды біріктірген кезде мұғалімге жалақы әрбір сынып-жиынтыққа есептеледі.

      Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған 15 білім алушыдан (тәрбиеленушіден) кем арнайы түзету ұйымдарын қоспағанда, мектептер мен мектеп-интернаттардың сыныптарында сыныптарға басшылық жасағаны, дәптерлерін және жазбаша жұмыстарын тексергені үшін лауазымдық айлықақыларына (мөлшерлемелеріне) қосымша ақы қаулыда белгіленген мөлшердің 50 пайызы мөлшерінде жүргізіледі. Бұл тәртіп сыныптарды кіші топтарға бөлу кезінде де қолданылады.

      24. Құрамында шағын жинақталған сыныптары бар негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында осы сыныптар (жиынтық сыныптар) педагогтерінің жалақысын есептеу осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

3 - Параграф. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу ерекшеліктері

      25. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында педагогтердің жалақысын есептеу үшін бір айлық кезең қолданылады.

      Жалпы білім беру пәндерінің педагогтерін қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне жыл сайын оқу жылы басталғанға дейін айына орташа жалақы педагогтің сағаттық тарифтік мөлшерлемесін оған белгіленген жылдық жүктеме көлеміне көбейту және алынған туындыны 10 оқу айына бөлу арқылы есептеледі. Сағатына тарифтік мөлшерлеме айына тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық айлықақыны) оқу жүктемесінің орташа айлық нормасына бөлу жолымен айқындалады. Белгіленген орташа жалақы педагогке кезекті демалыс күндерін қоспағанда, оқу жылы ішіндегі жұмысы үшін айына есептеледі.

      26. Оқу жылы ішінде жұмысқа түскен педагогтерге бір айдағы орташа жалақы осы педагогтің сағатына тарифтік мөлшерлемесін оқу жылының соңына дейін қалған толық оқу айларына келетін оқу жүктемесінің көлеміне көбейту және алынған туындыны осы айлардың санына бөлу арқылы есептеледі. Бұл жағдайда толық емес жұмыс айы үшін жалақы сағаттардың нақты саны үшін есептеледі.

      Оқу жылы басталғанға дейін жұмысқа түскен педагогтерге сабақ басталғанға дейінгі жұмысы үшін жалақы олардың білім деңгейі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген педагогикалық жұмыс өтілі ескеріле отырып айқындалған бір айдағы тарифтік мөлшерлеме есебінен есептеледі.

      27. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагог орташа жалақысын сақтай отырып, оқу сабақтарынан босатылған жағдайда, оған бөлінген жылдық оқу жүктемесі азаяды:

      1) жұмыста болмаудың әрбір толық айы үшін-жылдық жүктеменің 1/10 бөлігіне;

      2) толық емес ай үшін – өткізіп алған жұмыс күндерінің санына қарай.

      Педагог орташа жалақысын сақтамай, оқу сабақтарынан босатылған жағдайда жылдық оқу жүктемесін азайту да осындай тәртіппен жүргізіледі.

      Педагог оқу жұмысын нақты орындаған күндер үшін жүктемені азайту жүргізілмейді (мысалы, еңбекке жарамсыздық парағын берген күні, іссапарға шыққан және одан келген күні).

      28. Егер білім беру ұйымында оқу процесі бүкіл күнтізбелік жыл бойы жалғасатын болса және осыған байланысты педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жазғы каникул кезеңінде ғана емес, жылдың әртүрлі айларында берілетін болса, ағымдағы жыл үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезінде оқу жүктемесін 1/10 бөлігіне төмендету жүргізілмейді.

      29. Бөлінген жылдық жүктемеден тыс берілген педагогикалық жұмыс сағаттары үшін жалақы педагог жылдық оқу жүктемесін орындағаннан кейін сағатына тарифтік мөлшерлемелер бойынша қосымша есептеледі

      30. Оқытудың (мәдениет пен өнердің) жеке нысандары бар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында педагогтерді тарифтеу оқу жылында екі рет: бірінші жартыжылдықтың басында және екінші жартыжылдықтың басында жүргізіледі.

      31. Егер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы теориялық сабақтар жылына 39-40 оқу аптасы ішінде (оқу мерзімі 10 ай болған кезде) өткізілсе, онда жалпы білім беретін пәндер педагогтерінің жалақысы осы пән бойынша аптасына оқу сағаттарының орташа саны және оқу жоспары бойынша теориялық оқу апталарының саны негізге алына отырып есептеледі.

      32. Оқу жоспарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы теориялық сабақтар жылына 27 оқу аптасы ішінде (оқу мерзімі 6 ай) өткізілетін жағдайларда, педагогтердің бір айдағы орташа жалақысы оқу жоспары бойынша оқу жұмысының жылдық көлемін 38 аптаға бөлу жолымен айқындалатын апталық орташа оқу жүктемесі есебінен есептеледі.

      33. Білім беру ұйымдарының штатында тұрған өндірістік оқыту шеберлеріне жалақыны есептеу айлық лауазымдық айлықақылар бойынша жүргізіледі.

      Оқу жүктемесінің көлемі толық болмағанда, сондай-ақ белгіленген жұмыс уақытының нормасынан тыс берілген оқу уақытының көлемі үшін Кодексте көзделген науқастануына, демалыста болуына, іссапарда, оқу жиындарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген себептерге байланысты өндірістік оқу педагогтерінің уақытша міндетін орындаған жағдайда, оқу жұмысының жеткіліксіз көлеміне байланысты оқу орнының штатына шебердің штаттық бірлігінің болмауы жағдайда, өндірістік оқу шеберіне сағаттық ақы төленеді. Бұл жағдайда жалақы мөлшері шебердің айлық лауазымдық жалақысын жұмыс сағаттарының орташа айлық нормасына бөліп, шыққан сағаттық ставканы ай ішінде істелген нақты сағаттар санына көбейту жолымен белгіленеді.

4 - Параграф. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы педагогтерінің жалақысын есептеу ерекшеліктері

      34. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу үшін бір айлық кезең қолданылады.

      35. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленетін балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері үшін айлық жалақы лауазымдық айлықақыны (айлық тарифтік мөлшерлемені) олардың аптадағы нақты жүктемесіне көбейту және алынған туындыны Заңның 8-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында белгіленген нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы есептеледі.

      36. Өндірістік қажеттілік болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру жолымен басқа жерде орналасқан білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын балалар демалыс лагерлеріне жіберілетін педагогтердің жалақысын есептеу Кодекстің 41-бабына сәйкес орындалатын жұмысы үшін, бірақ бұрынғы жұмысы бойынша орташа жалақысынан төмен емес жүргізіледі. Бұдан басқа, басқа жерде орналасқан құрылымдық бөлімшеге уақытша ауыстыру кезінде жұмыскерге Кодекстің 127-бабында көзделген мөлшерде өтемақы төленеді.

      Туристік саяхаттар (оның ішінде жорықтар, экспедициялар, экскурсиялар) өткізу үшін жіберілген білім беру ұйымдарының педагогтері мен басқа да қызметкерлерінің жалақысын есептеу Кодекстің 127-бабына сәйкес жүргізіледі.

3 - тарау. Білім беру ұйымдарының педагогтеріне арттыруларды, қосымша ақылар мен үстемеақыларды есептеу тәртібі

      37. Қаулыда белгіленген арттырулар, қосымша ақылар мен үстемеақылар сомасы мынадай қосымша ақылар жағдайларын қоспағанда, нақты жүктемеге байланысты есептеледі:

      1) 1-4 сыныптардың негізгі мұғаліміне дәптерлерді тексергені үшін;

      2) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін;

      3) мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне тәлімгерлік үшін;

      4) физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде негізгі және жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушыларына;

      5) негізгі жұмыс орны бойынша дене шынықтыру мұғаліміне/нұсқаушысына мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы нақты жүктемеге қарамастан, аптасына 2 сағат, орта білім беру ұйымдарында - 3 сағат, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында - 4 сағат күндізгі оқыту форматында сабақтан тыс спорттық сабақтар өткізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы есептеледі.

      38. APTIS (All Purpose Ticket Issuing System - Ол Пупос Тикет Ишун Систем), IELTS (International English Language Testing System - Интенашнл Инглиш Лангуич Тестин Систем), TOEFL (Test of English as a Foreign Language - Тест оф Иңглиш аз э Фориң Лангуич), CEPT (Conference of European Post and Telecommunications - Конфеернц оф Еуропиан Пост энд Телекомюникайшнз), FCE (First Certificate in English - Фөст Сертификат ин Инглиш), EMI (English as the Medium of Instruction - Инглиш аз зе Мидиам оф Интракшин), TKT CLIL (Content and Language Integrated Learning - Контент энд Лангуич Интеграйтед Лөниңг) ағылшын тілін білуі жөнінде халықаралық емтиханнан өткендігі туралы құжаты бар және CEFR (Common European Framework of Reference - Комин Еуропиан Фремуорк оф Референс) шкаласына сәйкес кем дегенде B1-Intermediate деңгейін растайтын немесе дипломның қосымшасына сәйкес ағылшын тілінде пәндерді оқытуға мүмкіндік беретін тілдік құзыреттілікке және ағылшын тілінде физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша негізгі және жалпы орта білім беретін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушыларына базалық лауазымдық жалақыдан 200%-ға дейін көлемде қосымша ақы төленеді:

      1) базалық лауазымдық айлық ақыдан 200 % - толық іске асырғанда: толық іске асыру деңгейі жалпы білім беретін мектептер, мамандандырылған білім беру ұйымдары, 1-2 курстарда, 10-11 сыныптарда инвариантты және вариативті компонент есебінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, 7-9 сыныптарда инвариантты және вариативті компонент есебінен мамандандырылған білім беру ұйымдарында, 7-9 сыныптарда вариативті компонент есебінен жалпы білім беретін мектептерде сабақтың барлық кезеңдерін ағылшын тілінде өткізу болып табылады;

      2) базалық лауазымдық айлық ақыдан 100 % - ішінара іске асырғанда: ішінара іске асыру тәртібі жалпы білім беретін мектептер, мамандандырылған білім беру ұйымдарында 7-9 сыныптарда вариативті компонент есебінен ағылшын тілінде сабақтың жеке кезеңдерін өткізу, терминологияны оқыту және жекелеген бөлімдерді оқыту болып табылады.

      Бұл жағдайда, мұғалімдердің дайындық деңгейі пәнді ағылшын тілінде 100% меңгеруіне сәйкес, оқушылардың дайындық деңгейі - ағылшын тілін А2 және одан жоғары деңгейде меңгеруіне сәйкес, ағылшын тілінде оқулықтар мен оқу әдістемелік кешеңінің (оның ішінде-билингвалды) 100% қамтылуы қажет.

      39. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарындағы мұғалімдерге және әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) педагогтеріне белгіленген үлгідегі құжаттардың негізінде айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы есептеледі және нақты оқу жүктемесіне қарамастан негізгі жұмыс орны бойынша жүргізіледі:

      1) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мерзімі екі жылдан кем емес ғылыми-педагогикалық бағытта және (немесе) ғылыми-педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша ECTS (European Credit Transfer and Accumulation System - Еуропиан Кредит Трансфер энд Акьюмилейшн Систем) 120 академиялық кредиттен кем емес меңгерген магистр дәрежесі үшін (дайындау бағыттары бойынша - 7M011 Педагогика және психология, 7M012 Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 7M013 Пәндік мамандандырылмаған педагогтарды даярлау, 7M014 Жалпы дамудың пәндік мамандандырылған педагогтарды даярлау, 7M015 Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау, 7M016 Гуманитарлық пәндер бойынша педагогтарды даярлау, 7M017 Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау, 7M018 Әлеуметік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау, 7M019 Арнайы педагогика, 7M021 Өнер, 7M022 Гуманитарлық ғылымдар, 7M023 Тілдер және әдебиет, 7M031 Әлеуметтік ғылымдар, 7M032 Журналистика және ақпарат, 7M041 Бизнес және басқару, 7M042 Құқық, 7M051 Биологиялық және сабақтас ғылымдар, 7M052 Қоршаған орта, 7M053 Физикалық және химиялық ғылымдар, 7M054 Математика және статистика, 7M061 Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 7M121 Әскери іс, 7M122 Ұлттық қауіпсіздік, 7M123 Қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне сәйкес жоғарыда аталған даярлау бағыттарына баламалы мамандықтары бойынша;

      2) педагогикалық бейіндегі магистратураның бағдарламасын қосымша меңгеруден кейін бейінді магистратураны аяқтаған магистрге белгіленеді.

      40. Мәдениет және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, нақты жүктемесіне қарамастан, базалық лауазымдық айлық ақыдан 100% мөлшерінде тәлімгерлігі үшін қосымша ақы есептеледі.

4 - тарау. Төтенше ахуал, карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысын есептеу тәртібі

      41. Төтенше ахуал (бұдан әрі – ТА), карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын есептеу тәртібі Кодекспен, ТА режимін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілермен және осы Қағидалармен реттеледі.

      42. ТА, карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқытуды ұйымдастыруға және жүргізуге тартылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын есептеу осы Қағидалардың 13- тармағына сәйкес жүргізіледі.

      43. ТА, карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқытуды ұйымдастыруға және өткізуге тартылмаған білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақыны есептеу Кодекстің 38, 41, 42, 46 және 58-баптарына сәйкес басқа жұмыс түрлеріне ауыстыру арқылы еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен ресімделген қызметкердің өзінің келісімімен оларды басқа жұмыс түрлеріне тартқан жағдайда, сондай-ақ Кодекстің 127-бабына сәйкес жұмыскер жұмыс берушінің басқа жерде орналасқан құрылымдық бөлімшесіне уақытша ауыстырылған кезде жалақының бұрынғы деңгейі сақтала отырып жүргізіледі.

      44. ТА, карантиндік және шектеу шаралары кезеңінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Кодекстің 112-бабына сәйкес еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалған жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақыты үшін жалақыны есептеу ТА режимі енгізілгенге дейін белгіленген мөлшерлерде, бірақ бір тарифтік мөлшерлемеден (лауазымдық айлықақыдан) аспайтын және заңмен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде жүргізіледі.