"Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 3 қарашадағы № 547 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 5 қарашада № 25038 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10768 болып тіркелген мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың атауы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну бойынша қойылатын талаптарды және қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну бойынша қойылатын талаптар;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

  Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2021 жылғы 3 қарашадағы
№ 547 бұйрығына
қосымша

Білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну бойынша қойылатын талаптар

1-тарау. Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар

      1. Қашықтан оқытуды ұсыну үшін бастауыш, негізгі, жалпы орта және қосымша білімнің оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына мынадай талаптар белгіленеді:

      1) оқу қызметін ұйымдастыру үшін Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін телекоммуникациялық арналардың болуы;

      2) ақпараттық ресурстарға, цифрлық ресурстарға жедел қол жеткізу құралдарының болуы;

      3) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік, ұйымдық-әкімшілік ақпаратты, бейнесабақтарды қамтитын ақпараттық жүйенің болуы;

      4) "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) сәйкес электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесіне қосылу;

      5) білім беру ұйымдарының педагогтерінде ақпараттық технологиялар бойынша курстарынан өткендігі туралы сертификаттардың болуы;

      6) оқу процесін цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету;

      7) білім беру ұйымдарында пайдаланылатын бағдарламалық-аппараттық кешенге және қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын ұсынылған ең аз талаптардың сақталуы.

      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну үшін мынадай талаптар белгіленеді:

      1) қашықтан оқытуды үздіксіз ұйымдастыру үшін ақпараттық-технологиялық инфрақұрылымның болуы: тұрақты желілік қосылыс, серверлік жабдық, деректерді сақтау жүйесі және киберқауіпсіздік жүйелері, Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін коммуникациялық байланыс арналары, білім алушылар жеке басын идентификациялау үшін аутентификация жүйелері, онлайн прокторингі және көшірулерді анықтау жүйесінің жұмыс жасауы;

      2) веб-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, кредиттік оқыту технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын қамтитын білім беруді басқарудың ақпараттық жүйесінің, оның ішінде оқытуды басқару платформасының жұмыс істеуі;

      3) ISO/IEC 27001, ISO/IEC 27002 халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген Білім беру ұйымының қауіпсіздік саясаты негізінде жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін және деректерді қорғауды қамтамасыз ету;

      4) оқу үрдісін цифрлық білім беру ресурстарымен, онлайн-курстардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету (курстың құрылымдалған дизайны, оқытудың қалыптастырылатын нәтижелерінің картасы, бағалау жүйесінің ерекшелігі, бағалау көрсеткіштері мен өлшемшарттарының сипаттамасы);

      5) білім алушылардың оқу, анықтамалық және әдістемелік материалдарды орналастыра отырып, білім беру порталы мен ақпараттық жүйелерге, сондай-ақ тестілеу жүйесі мен ашық электрондық ресурстарға, көздерге қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      6) білім беру қызметтерін ұсыну бойынша цифрлық сервистердің болуын қамтамасыз ету: оқу сабақтары мен білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылаудың барлық түрлерінің электрондық кестесі, электрондық кітапхана, электрондық құжат айналымы, жатақханадан орын алуға онлайн-тіркелу;

      7) ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қашықтан оқыту жағдайларын қамтамасыз ету;

      8) сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесіне сәйкес білім беру қызметтерінің сапасын бақылау жүйесінің болуы.

  Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2021 жылғы 3 қарашадағы
№ 547 бұйрығына
қосымша

Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес және қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидалары бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді, білім алушыларға арналған қосымша білім беруді ұсыну тәртібін қамтамасыз етеді.

      2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда қашықтан оқыту облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары бұйрығының негізінде барлық білім алушылар үшін ұйымдастырылады.

      3 Ауа райының қолайсыз метеожағдайларына байланысты қашықтан оқыту "Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 42 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13076 болып тіркелген) сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органының бұйрығы негізінде ұйымдастырылады.

      4. Білім беру ұйымдары қашықтан оқытуды:

      1) денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар білім алушыларға;

      2) қатысу кезеңіне арналған халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдарға қатысушыларға;

      3) ата-аналарының немесе басқа да заңды өкілдерінің өтініші бойынша белгілі бір кезеңге арналған педагогикалық кеңес пен қамқоршылық кеңестің шешімімен орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға;

      4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы (бұдан әрі – ТжКОБ) білім алушыларға мамандықтардың белгілі тізбесі бойынша осы Қағидаларда белгіленгеннен аспайтын көлемде;

      5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) білім алушыларға кадрларды даярлау бағыттары белгілі тізбесі бойынша осы Қағидаларда белгіленгеннен аспайтын көлемде ұсынады.

      5. Осы білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну жөніндегі талаптарда және қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларында мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;

      3) асинхронды оқыту форматы – білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелердің және басқа байланыс құралдарының көмегімен өзара іс-қимылын болжайтын қашықтан оқыту;

      4) білім алушының цифрлық ізі – бұл LMS (оқытуды басқару жүйесі) және (немесе) өзге де платформаларда ақпараттық жүйеде тіркелген білім беру қызметінің нәтижелері туралы верификацияланған деректер жиынтығы;

      5) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі – ЖАОК) – электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;

      6) қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтықтағы өзара әрекеттесуі кезінде, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;

      7) онлайн-курс – нақты уақыт режимінде, оның ішінде ЖЖОКБҰ-да алдын ала жазылған дәрістерді пайдалана отырып, Интернет арқылы білім, дағдылар мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік беретін, ЖЖОКБҰ бекітетін оқу бағдарламасы;

      8) синхронды оқытудың форматы – ақпараттық жүйелердің (бұдан әрі - АЖ) және басқа да байланыс құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім беру процесі қатысушыларының нақты уақыттағы тікелей байланысын (стриминг) болжайтын қашықтан оқыту;

      9) цифрлық білім беру ресурстары (бұдан әрі – ЦБР) - бұл интерактивті түрде оқытуды қамтамасыз ететін, оқу пәні және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статистикалық және динамикалық үлгілер, виртуалды шынайылық пен интербелсенді модельдеу нысандары, дыбыстық жазбалар мен өзге де цифрлық оқу материалдары;

2-тарау. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      6. Қашықтан оқыту білім беру процесіне қатысушылардың орналасқан жеріне қарамастан қашықта, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылады.

      7. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің, сондай-ақ қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етеді.

      8. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда қашықтан оқытуға толық ауысқан кезде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы білім алушылардың ақпараттық жүйесіне (білім беру порталына) және электрондық сабақ кестесіне, электрондық журналға, электрондық ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

      9. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдарға қатысушыларды қашықтан оқытуға ауыстыру білім алушының, білім алушының ата-анасының немесе басқа да заңды өкілінің білім беру ұйымы басшысының атына еркін нысанда жазылған өтініші және қатысу мерзімдерін көрсетумен білім алушының халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдарға қатысқанын растайтын, қатысу кезеңіне мерзімдерді көрсете отырып уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығы (хаты) негізінде жүзеге асырылады.

      Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындары, спорттық жарыстар, зияткерлік және шығармашылық конкурстар, фестивальдар аяқталғаннан кейін орта білім беру ұйымының білім алушысы бөлімге/толассыз тақырыпқа жиынтық бағалауды (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсанға жиынтық бағалауды (бұдан әрі – ТЖБ) тапсырады, өткізу мерзімдері сәйкес келмеген кезде БЖБ, ТЖБ "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) жеке кесте бойынша тапсырады.

      10. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысатын ТжКОБ, ЖЖОКБҰ ұйымдарының білім алушыларға арналған оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы арқылы ұйымдастырылады.

      Прокторинг жүйесін қамтамасыз ететін ТжКОБ және ЖЖОКБҰ ұйымдары үшін қашықтықтан оқытуды қолдана отырып қорытынды аттестаттау тапсыру көзделеді.

      11. Денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар білім алушыны қашықтан оқыту "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген нысанға сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Қашықтан оқыту кезеңі мен мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының медициналық көрсеткіштері негізінде айқындалады.

      12. Денсаулық мүмкіндіктерінің уақытша шектеулері бар және ТжКОБ, ЖЖОКБҰ ұйымдарына тұрақты түрде баруға мүмкіндігі жоқ тұлғаларға арналған оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы және оқу материалдарын өз бетінше игеру арқылы білім беру ұйымының шешімі бойынша ұйымдастырылады.

      13. Білім алушы үшін орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің өтініші негізінде үлгерім көрсеткіштері, баланың пікірін, мектеп психологының қорытындысын, білім алушылардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары актісін ескере отырып, қашықтан оқыту үшін жағдайлардың болуы негізінде педагогикалық кеңестің және қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша жүзеге асырылады:

      1) қашықтан оқыту кезінде орта білім беру ұйымы білім алушыға оқу пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды, оқулықтарды, БЖБ және ТЖБ, ағымдағы, аралық және мемлекеттік қорытынды аттестаттауды өткізу кестелерін ұсынады;

      2) білім алушының оқу сабақтарын ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері дербес ұйымдастырады, сондай-ақ қосымша білім беру (секциялар, спорт, шығармашылық, білім беру үйірмелері және басқалар) арқылы оқыту процесін және оны әлеуметтендіруге жағдай жасайды;

      3) қашықтан оқыту кезінде білім алушы тиісті білім беру деңгейінің оқу бағдарламаларын меңгереді, орта білім беру ұйымында ағымдағы (БЖБ, ТЖБ), аралық және қорытынды аттестаттаудан уақтылы өтеді. Бұл ретте білім алушы БЖБ-ны дәстүрлі және (немесе) қашықтық форматта өтуіне болады;

      4) ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттауды білім алушылар бекітілген орта білім беру ұйымына орналасқан жері бойынша тапсырады. Ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша педагогикалық кеңес білім алушыны қашықтан оқытуды ұзарту немесе оны дәстүрлі оқыту форматына ауыстыру туралы тиісті шешім қабылдайды;

      5) оқу процесінде білім алушы нашар меңгерген тақырыптар бойынша пән мұғалімдеріне, қажет болған жағдайда мектеп психологіне, медицина қызметкеріне, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторға, орта білім беру ұйымының әлеуметтік педагогына жүгінуге құқылы;

      6) білім алушы білім беру ұйымының спорттық, мектептік және мектептен тыс іс-шараларына қатысуға құқылы;

      7) білім алушы бекітілген орта білім беру ұйымы оған спорт, оқу, акт залдарын, компьютерлік сыныптар мен кітапхананы тегін пайдалануды қамтамасыз етеді.

      14. Оқыту нысандарына қарамастан қашықтан оқытуға жол берілетін пәндер және (немесе) модульдер бойынша тізбесін ТжКОБ, ЖЖОКБҰ ұйымы дербес айқындайды және басшының бұйрығымен бекітіледі.

      15. Білім беру бағдарламасын меңгеру процесінде білім алушының пәнді және (немесе) модульді сақтауын, оқу процесіне қатысу деңгейін, сабаққа қатысуын мониторингтеу оның цифрлық ізін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

      16. Қашықтан оқыту кезінде орта білім беру, ТжКОБ ұйымдары "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесі және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) сәйкес білім беру процесінің нәтижелерін және ішкі құжат айналымын есепке алуды жүргізеді және сақтауды жүзеге асырады.

      17. ТжКОБ ұйымдарында оқытудың күндізгі нысаны кезінде "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17564 болып тіркелген) сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, жұмыс оқу жоспарына сәйкес оқытудың барлық кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінен жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға жол беріледі.

      18. ТжКОБ ұйымдарында оқытудың сырттай немесе кешкі нысаны кезінде, сонымен қатар экстернат нысанында оқыту кезінде "Мәдениет және өнер, дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша сырттай және кешкі оқу, сондай-ақ экстернат нысандарында білім алуға жол берілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 8 ақпандағы № 40 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6111 болып тіркелген) сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, жұмыс оқу жоспарына сәйкес оқытудың барлық кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінен жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға жол беріледі.

      19. Бұл ретте осы Қағидалардың 17, 18-тармақтарында көрсетілген шектеулер осы Қағидалардың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушыларға қолданылмайды.

      20. ЖЖОКБҰ-да педагогикалық ғылымдар, құқық, хореография, аспаптық орындау, авиациялық техника мен технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиялары, денсаулық сақтау, әскери іс, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау үшін оқытудың барлық кезеңінде жалпы академиялық кредит көлемінің жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға ауыстыруға жол беріледі.

      ЖЖОКБҰ-да кадрларды даярлаудың басқа бағыттары бойынша кадрларды даярлау үшін оқытудың барлық кезеңінде жалпы академиялық кредит көлемінің елу пайыздан аспайтын көлемінде қашықтықтан оқытуға ауыстыруға жол беріледі.

      21. ЖЖОКБҰ осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушыларды "Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6976 болып тіркелген) қағидаларда айқындалған тәртіппен жеке оқу жоспарын және білім беру бағдарламасын меңгерудің жеке кестесін қамтамасыз етеді.

      22. ЖЖОКБҰ консультациялық қолдау көрсетуді және білім беру бағдарламасын меңгеру процесінде білім алушының пәнді сақтауына, сабаққа қатысуына, логирленуіне, материалдарды зерделеу барысына және тапсырмалардың уақтылы орындалуына қатаң мониторинг жүргізуді, оның цифрлық ізі арқылы бағалауға бақылау жасауды қамтамасыз етеді.

      23. ЖЖОКБҰ онлайн-курстардың құрылымы мен мазмұнын өз бетінше анықтайды.

      24. Қашықтан оқыту кезінде қолданыстағы білім беру бағдарламасына сәйкес оқу пәндері мен оқу жұмысының түрлерінің еңбек сыйымдылығы сақталады.

      25. Шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жағдайында қашықтан оқытуға көшу кезінде онлайн форматта жүзеге асырылуы мүмкін емес кәсіптік практика, зерттеу және эксперименттік жұмыс, зертханалық және студиялық сабақтар келесі академиялық кезеңдерге ауыстырылады.

      26. Білім беру саласындағы академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қашықтан оқытуды қолдана отырып оқытуды ұйымдастыру және оған рұқсат беру тәртібін ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.

      Білім алушыларды академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша дайындау үшін оқудың барлық кезеңіне академиялық кредиттердің жалпы көлемінде жиырма пайызынан аспайтын қашықтықтан оқыту форматына көшіруге рұқсат етіледі.

      Білім алушыларды қос дипломдық бағдарламалар және білім алушыларды алмасу бағдарламалары бойынша дайындау үшін оқудың барлық кезеңіне академиялық кредиттердің жалпы көлеміненің елу пайызынан аспайтын қашықтықтан оқыту форматына көшіруге рұқсат етіледі.

      27. Халықтың ауруларының алдын алу мен емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды қамтитын әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде білім алушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша және екі дипломды және (немесе) бірлескен бағдарламаларды іске асыру кезінде академиялық кредиттердің көбірек көлемін қашықтан оқытуды қолдана отырып зерделеуге жол беріледі.

      28. Білім алушылар ересектерге бейресми білім беру арқылы ЖЖОКБҰ-мен келісім бойынша білім беру бағдарламасының жекелеген пәндерін, оның ішінде ЖАОК-ны меңгереді, олардың оқыту нәтижелері ЖЖОКБҰ-мен белгіленген тәртіппен дербес танылады, барлық оқу кезеңінде академиялық кредиттердің жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспайды.