"Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2021 жылғы 20 тамыздағы № 270 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 24 тамызда № 24086 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17131 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 457-1-тармақпен толықтырылсын:

      "457-1. ЖҰШ полигонында технологиялық және бақылау ұңғымаларын бұрғылау, жабдықтау және игеру жөніндегі жұмыстар тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы Кодекстің 182-бабының 2-тармағына сәйкес жасайтын уран кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және игеру жобаларына қатаң сәйкестікте орындалады.";

      мынадай мазмұндағы 461-1-тармақпен толықтырылсын:

      "461-1. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және уран өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушылар пайдалану блогының, кен орнының қышқылдандырылуына және игерілуіне мынадай кезеңдік стационарлық бақылауларды орындауды қамтамасыз етеді:

      жерасты суларының деңгейі:

      бақылау (процесті бақылауға арналған ұңғымалар, аралас көкжиектерді бақылауға арналған ұңғымалар, көлденең ағуды бақылауға арналған ұңғымалар) тоқсанына бір рет;

      геофизикалық зерттеулер:

      жерасты шаймалаудың технологиялық ұңғымаларында (сору және айдау), бақылау ұңғымаларында (процесті бақылауға арналған, аралас көкжиектерді бақылауға арналған, көлденең ағуды бақылауға арналған ұңғымалар) жылына бір рет.";

      465-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "465. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және қорғау саласындағы мынадай талаптарды орындау қамтамасыз етіледі:

      1) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық кезеңдерінде жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

      2) таңдап өндіруге жол бермей, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан алудың толықтығын қамтамасыз ету;

      3) уран қорларын және ілеспе құрауыштарды анық есепке алу;

      4) ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, су жинау алаңдарында және жерасты сулары бар жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;

      5) уран кен орындарын пайдалануды және игеруді қиындататын, жер қойнауын су басудан, өрттен және басқа да дүлей факторлардан қорғау;

      6) уранды немесе өзге де заттар мен материалдарды сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;

      7) уран өндіру жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскесін консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;

      8) қалдықтарды қоймаға жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету болып табылады.";

      469 және 470-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "469. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және өндіру процесінде жер қойнауын пайдаланушылар:

      1) алынуға дайын уран қорларының саны мен сапасын, алынатын бірліктер бойынша жобалық ысыраптардың нормативтерін анықтайды;

      2) әрбір пайдалану блогы бойынша өндіруге және нормативтерге есеп жүргізеді;

      3) нормадан тыс ысыраптарды болдырмау бойынша іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;

      4) жобалау құжаттарының күнтізбелік графигіне сәйкес жұмыстарды жүргізеді;

      5) қорлар мөлшерін одан әрі қайта есептеу үшін пайдалану блоктарының контурларын және кен орнының геологиялық құрылысын анықтау мақсатында пайдалану барлауын (жете барлауын) жүргізеді;

      6) пайдалану блоктарын жойғаннан кейін жерасты сулары жай-күйінің қалпына келуіне гидрогеологиялық зерттеулерді әзірлейді және жүргізеді.

      470. Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және өндіру кезінде мыналарға тыйым салынады:

      1) уран қорларын негізсіз жоғалтуға алып келетін кен орнының бай немесе оңай қолжетімді учаскелерін іріктеп игеруге;

      2) болашақта уран қорларын алу кезінде қиындықтарды немесе осы қорлардың толық немесе ішінара жоғалуын тудыратын уран қорларын қалдыруға;

      3) жобалық көрсеткіштерден асып түсетін ысыраптардың болуына;

      4) өнімді ерітінділерді жерасты суларымен сұйылуына немесе блок контурының сыртына шаймалау ерітінділерінің таралуына.";

      472-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "472. Егер бекітілген жобаларда айқындалған өндіру көлемдері жыл сайын уран кен орнын әзірлеудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттары өзгертілместен бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгерсе, бекітілген жобаларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобалары жасалмайды.";

      480-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "480. Кен орнын игеру жобасында мыналар көзделеді:

      1) ашылған, дайындалған және алынуға дайын уран қорларының нормативтерін негіздеу;

      2) геологиялық қорларды есептеу бойынша есеп;

      3) жер қойнауынан негізгі және олармен ілеспе пайдалы қазбалардың баланстық қорларының анағұрлым толық, кешенді алынуын, тиімді және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ететін өндірістік процестерді механизациялау және автоматтандыру құралдарын пайдалану;

      4) жер қойнауының учаскесі шеңберінде келісімшарттың әрекет ету мерзімі шегінде өндіру көлемімен және уранның сапа көрсеткіштерімен тау-кен жұмыстарының күнтізбелік графигі;

      5) жер қойнауы учаскесін пайдалануға жұмсалатын шығыстар;

      6) жерүсті және жерасты құрылыстардың орналасуы;

      7) жобалау көрсеткіштері: кен орнын игерудің барлық кезеңіне көзделетін өндіру көлемі; тау-кен күрделі, тау-кен дайындық, пайдалану-барлау жұмыстарының көлемі;

      8) жойылған пайдалану блоктарындағы жерасты сулары жай-күйінің қалпына келуіне гидрогеологиялық бақылаулар;

      9) жұмыстарды геологиялық және маркшейдерлік тұрғыдан қамтамасыз ету;

      10) жүргізілген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру қорытындысы бойынша алынатын бірліктердің ысыраптар нормативтерін негіздеу;

      11) кен орындарын игеру үшін қажетті инвестициялар есебі;

      12) қорларды игерудің кезектілік тәртібі;

      13) негізгі көрсеткіштерді қамтитын қаржылық модель;

      14) өндіруші персонал жұмысының және халықтың, ғимараттар мен құрылыстардың, қоршаған орта объектілерінің жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстардың зиян әсерінен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар;

      15) өндірілетін және қайта өңделетін минералды шикізаттың саны мен сапасына, сондай-ақ олардың ысырапына және өндіріс қалдықтарына сенімді есеп жүргізу бойынша іс-шаралар және техникалық құралдар;

      16) өндіріс қалдықтарын зарарсыздандыру немесе көму;

      17) өнеркәсіптік пайдаланудан түсетін пайда және кіріс есебі.

      18) өңдеу технологиясының тиімділігін басқару және арттыру мақсатында минералды шикізатты жүйелі сынамалау;

      19) пайдалы қазбаларды жер қойнауынан толық алудың ұтымды деңгейін қамтамасыз ететін алынатын бірліктердің оңтайлы параметрлерін негіздеу;

      20) пайдалы қазбаның ысырапын алдын алу бойынша іс-шаралар;

      21) салықтар мен басқа төлемдер;

      22) теңгерімнен тыс қорларды оларды кейінгі өнеркәсіптік игеру үшін жер қойнауында сақтау немесе жинау;

      23) уран жер қойнауының учаскесін игеру жүйесі және ашу тәсілдері;

      24) уран кен орнының геологиялық құрылымын және қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесіне жете зерттеу (жете барлау) жүргізу;

      25) уран өндіру салдарын жою бойынша жұмыстарды орындаудың құны, шарты және мерзімі туралы ақпарат;

      26) шаймалау ерітінділерімен жер қойнауына қайтарылатын уранды есепке алмағанда, жер бетіне өнімді ерітінділермен көтерілген өндірілетін уран көлемі.";

      мынадай мазмұндағы 480-1-тармақпен толықтырылсын:

      "480-1. Жете барлау жөніндегі жұмыстар кен орнын әзірлеу жобасына сәйкес жүргізіледі.

      Егер жете зерттеу ішінде жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде жаңа кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан жағдайда, оны бағалау кен орнын әзірлеу жобасына толықтыруға сәйкес жүргізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 482-1-тармақпен толықтырылсын:

      "482-1. Уран кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және/немесе игеру жобаларын әзірлеу сатысында жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау жұмыстарының, зертханалық зерттеулердің, тәжірибелік далалық сынақтардың және ұқсас кен орындарын пайдалану тәжірибесінің деректері негізінде ЖҰШ полигондарындағы жерасты суларының жай-күйін бақылау жүйесін әзірлейді.

      Жерасты суларының жай-күйін бақылау жүйесі бақылау ұңғымаларының үш желісін қамтиды:

      1) ерітінділердің тік бағытта таралуын бақылауға арналған бақылау ұңғымалары;

      2) өнімді ерітіндіні және шаймалау ерітіндіні құм тұндырғыштарынан ерітінділердің ықтимал ағуын бақылауға арналған бақылау ұңғымалары;

      3) сорылатын және айдалатын ерітінділердің гидродинамикалық әсер ету аймағындағы технологиялық процесті бақылауға арналған пайдалану блогының ішіндегі және контур сыртындағы бақылау ұңғымалары.";

      24-тарау алып тасталсын;

      490-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "490. Кен орнын игеруді талдау кен орнын игеру жүйесін жетілдіру қажеттілігін анықтау үшін игеру процесінде геологиялық, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа зерттеулердің нәтижелерін кешенді зерделеу болып табылады. Кен орнын игеруді талдау жобалау құжаттарының мемлекеттік сараптамасынан өтуі тиіс.";

      мынадай мазмұндағы 492-1-тармақпен толықтырылсын:

      "492-1. Игеруді талдау шеңберінде жобалау құжаттарының жекелеген көрсеткіштері елеусіз (жиырма пайыздан кем) мынадай жағдайларда түзетіледі:

      1) кен орнын жете барлау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде пайдалану-барлау ұңғымаларының көлемдерін түзету;

      2) уран кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және/немесе әзірлеу жобасында көзделген пайдалану блоктарының технологиялық ұңғымаларын енгізу графигін және санын өзгерту.";

      мынадай мазмұндағы 494, 495, 496 және 497-тармақтармен толықтырылсын:

      "494. Кен орнын игеруді талдау нәтижесінде мыналар бағаланады:

      1) әрбір бақылау ұңғымасы бойынша сынамалау нәтижелері, әрбір бақылау нүктесінде;

      2) игеру объектісінің кен қабатының әсерімен олардың қорларын өндіру жағдайы ауданы мен разрезі бойынша қамтылу дәрежесі;

      3) кен орнының өңделетін алаңындағы жерасты суларының жай-күйі;

      4) сору ұңғымаларының дебиті және айдау ұңғымаларының қабылдағыштығы төмендеуінің сипаты мен салдары;

      5) уран қорларының өзгеруін бағалай отырып, кен орнының геологиялық құрылысы туралы деректер;

      6) уран өндіру динамикасының сипаттамасы және оның тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және/немесе уран кен орнын игеру жобасына сәйкестігі;

      7) ұңғымалардың жұмыс режимдерін қадағалау;

      8) ұңғымалар қорының жай-күйі және оның уран кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және/немесе игеру жобасына сәйкестігі;

      495. Игеруді талдау шеңберінде кен орнының жекелеген учаскелерінде уран алу коэффициентін арттыру бойынша жаңа технологияларды енгізу бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды жобалауға жол беріледі.

      496. Игеруді талдау процесті реттеу және оларды игерудің бекітілген нұсқасының жобалық көрсеткіштерімен салыстыру бойынша ұсынылатын шаралардың іске асырылуын ескере отырып, кен орнын игерудің техникалық-экономикалық көрсеткіштерін есептеуді орындаумен аяқталады.

      497. Жер қойнауын пайдаланушы әрбір үш жыл сайын құзыретті органға игеру жобасының көрсеткіштеріне сәйкес жобалау шарттарының орындалуына талдауды сараптамаға жібереді.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а. А. Магауов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология, геология және

      табиғи ресурстар министрлігі