БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын медициналық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 5 қыркүйектегі № 699 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19372 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын медициналық қамтамасыз ету қағидаларында:
мынадай мазмұндағы 2-1, 2-2 және 2-3-тармақтармен толықтырылсын:
"2-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авиациялық персонал – арнайы және (немесе) кәсіптік даярлығы бар, әуе кемелерінің ұшуын, әуе тасымалдары мен авиациялық жұмыстарды орындау және қамтамасыз ету, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару бойынша қызметті жүзеге асыратын адамдар;
2) авиациялық бөлім – мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыруды және орындауды, оларды пайдалану мен сақтауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының республикалық мемлекеттік мекемесі;
3) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер – әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органдардың және өзге де орталық мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) мекемелер (ұйымдар), өзге де бөлімшелер;
4) әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету – жеке құрамның жауынгерлік және еңбекке қабілетін қалпына келтіру мақсатында әскерлерде, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бөлімшелері мен ведомстволарында әскери-медициналық (медициналық) көмекті ұйымдастыруды және көрсетуді, медициналық қарап-тексеру жүргізуді, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жабдықтауды, денсаулық сақтау саласында сараптама жүргізуді, сондай-ақ әскери медицина бойынша ғылыми-әдістемелік әзірлемелерді және оқытып-үйретуді қамтитын іс-шаралар кешені;
5) әскери-медициналық қызмет – әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер жиынтығы, оларда Қазақстан Республикасының заңдарында осы органдардың әскери-медициналық (медициналық) қызметіне арналған әскери қызмет немесе мемлекеттік қызметтің ерекше түрі көзделген;
6) медициналық қарап-тексеру – авиациялық персоналдың ауруының болуын немесе болмауын анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын, сондай-ақ уақытша еңбекке қабілетсіздігін, жұмысқа кәсіби жарамдылығын айқындау.
2-2. Ұшуды медициналық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы әскери бөлімінің немесе мекемесінің әскери-медициналық қызметі немесе әскери-медициналық (медициналық) бөлімшесі (бұдан әрі – авиациялық бөлімнің медициналық қызметі) жүзеге асырады.
2-3. Ұшуды медициналық қамтамасыз етуді әскери бөлім (мекеме) әскери-медициналық қызметінің бастығы немесе оны алмастыратын медициналық жұмыскер (бұдан әрі – авиациялық бөлім медициналық қызметінің бастығы) ұйымдастырады.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Авиациялық персоналдың денсаулық жағдайын медициналық бақылау мынадай мақсаттарда жүзеге асырылады:
1) денсаулық жағдайындағы және жұмысқа қабілеттілігіндегі өзгерістерді ерте анықтау, осы өзгерістердің кәсіптік қызметімен байланысын анықтау және қажетті профилактикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізу;
2) функционалдық жай-күйіне, денсаулық жағдайына, жұмысқа қабілеттілігіне жағымсыз әсер ететін кәсіптік қызмет факторларын анықтау мен зерделеу және оларды жоюға шаралар қабылдау;
3) психофизиологиялық ерекшеліктерін зерделеу;
4) авиациялық оқиғалар мен инциденттерді зерделеу және олардың алдын алу;
5) организмнің ұшуға реакциясын (ұшуларға төзімділігін) зерделеу;
6) еңбекті, демалысты және тамақтануды ұйымдастыруды зерделеу.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Кәсіптік қызметті орындауға кедергі болатын аурулары немесе жарақаттары анықталған авиациялық персонал ұшудан, ұшуға жетекшілік етуден немесе парашютпен секіруден шеттетіледі және әскери бөлімнің немесе мекеменің әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелеріне (бұдан әрі – авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшелері) медициналық тексеруге немесе емделуге жолданады.
Авиациялық бөлімнің медициналық қызметі авиациялық персоналды кәсіптік қызметіне жіберу кезінде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес шалдыққан ауруларынан және жарақаттарынан кейін сауығуы бойынша кәсіптік қызметке жіберудің болжамды мерзімдерін басшылыққа алады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Авиациялық персоналға кезеңдік медициналық қарап тексеру әскери бөлімнің командирі немесе мекеменің бастығы (бұдан әрі – авиациялық бөлім командирі) бекіткен жоспар бойынша 3 айда бір рет авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшесінде жүргізіледі.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Ұшуаралық (ұшудан кейінгі) медициналық қарап тексеру мынадай ұшқыштар мен штурмандарға жүргізіледі:
1) жаңа авиациялық техникада қайта оқып-үйретілетін және жауынгерлік қолдануды меңгеретін – 10 ұшу ауысымы ішінде;
2) авиациялық бөлімге жаңадан келген – 5 ұшу ауысымы ішінде;
3) стационарлық немесе амбулаториялық емделуден кейін ұшуларға кіріскен – 2 ұшу ауысымы ішінде;
4) оқу орнын бітіргеннен кейін авиациялық бөлімде бірінші жыл қызметтегі – авиациялық бөлімдегі ұшу жұмысының 1-ші жылы ішінде айына бір реттен сиретпей;
5) ұшу жұмысында 4 айдан астам үзілістен кейінгі – 5 ұшу ауысымы ішінде;
6) дәрігерді (медициналық жұмыскерді) ұшуларға жеке төзімділігі тұрғысынан назар аударатын (түнде көру көзілдіріктерімен, 7 бірліктен астам шамадан артық жүктемемен, ұшаққа әуеде отын құюмен, жергілікті жердің бедерін шекті төмен биіктікте айналып өтумен, қону минимумы жағдайларында, демалыстан және іссапардан кейінгі ұшулар).";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Әуеайлақтың медициналық бекеті әуеайлақта шұғыл медициналық көмек көрсету, науқастанғандарды және зардап шеккендерді авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшелеріне немесе медициналық ұйымдарға (меншік түрлеріне қарамастан) эвакуациялау үшін арналған.
Әуеайлақтың медициналық бекеті санитариялық автомобильмен және тиісті медициналық мүлікпен жарақтандырылады. Әуеайлақ медициналық бекеті санитариялық автомобилін тікелей емес мақсаты бойынша пайдалануға жол берілмейді.";
33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Парашютпен секіру күні (түні) кезекші дәрігер (медициналық жұмыскер) ұшуалды медициналық қарап тексеру көлемінде медициналық тексеру жүргізеді, бірақ алғашқы секіруден кемінде 1 сағат бұрын, секірулер басталғанға дейін ішекті және қуықты босату қажеттігі туралы түсіндіреді. Парашютпен секіру алдында парашютпен секіруді орындайтын адамдар ұшу алдындағы сияқты еңбек, демалыс және тамақтану режимін сақтайды.
Әрбір секіруді орындағаннан кейін жарақаттарды анықтау мақсатында сұрау және сыртынан қарап тексеру жүргізіледі.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Авиациялық бөлімнің медициналық қызметі қорғау керек-жарағын және ұшу киім-кешегін пайдалануды және сақтауды тексеруді жүзеге асыру кезінде:
1) авиациялық персоналмен қорғау керек-жарағын (биіктіктегі, артық жүктемеге қарсы, судан қорғайтын) қолдану мәселелері бойынша сабақтар өткізеді;
2) авиациялық персоналдың қорғау керек-жарағын пайдалану білімі мен дағдыларын тексеруге қатысады;
3) қорғау керек-жарағының ұзындығы мен өлшемін таңдауға, оны шақтап пішуге қатысады;
4) авиациялық персонал ұшу жабдығының ұшу аймағындағы климат және ауа райы жағдайларына және ұшу тапсырмасының сипатына сәйкестігін тексереді;
5) қорғау керек-жарағының ұшу жағдайларына сәйкестігін тексереді;
6) қорғау керек-жарағының санитариялық-гигиеналық жай-күйін және сақтау шарттарын тексереді.";
9-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"9-тарау. Авиациялық бөлім медициналық қызметінің авиациялық оқиғалар мен инциденттерді зерделеуге және олардың алдын алуға қатысуы";
58, 59, 60, 61 және 62-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"58. Авиациялық бөлімнің медициналық қызметі ұшқыштың (әуе кемесі экипажының) кәсіптік сенімділігін төмендеткен себептерді анықтау, есепке алу және талдау, олардың алдын алу бойынша іс-шараларды әзірлеуі және өткізуі мақсатында авиациялық оқиғалар мен инциденттерді зерделеуге қатысады. Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді зерделеу процесінде алынған мәліметтер, сондай-ақ олардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар тоқсан сайын жоғары тұрған медициналық қызметінің бастығына осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.
59. Авиациялық оқиғалардың және инциденттердің себептеріне байланысты жалпы және (немесе) жеке профилактикалық іс-шаралар әзірленеді.
60. Жалпы профилактикалық шаралар мыналарды көздейді:
1) ұшуды және ұшуалды еңбек, демалыс және тамақтану режимді ұйымдастырудағы, қамтамасыз етудегі кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарды әзірлеу және авиациялық бөлім командиріне ұсыну;
2) ұшудың ерекше жағдайлардағы іс-қимылдарды пысықтау бойынша тренажерлік даярлықты медициналық қамтамасыз ету;
3) авиациялық персоналмен авиациялық оқиғалар мен инциденттердің психофизиологиялық тетіктерін және олардың профилактикасы шараларын зерделеу бойынша сабақтар өткізу;
4) авиациялық персоналды қорғану тәсілдерін пайдалану дағдыларына үйрету және ұшу факторларының қолайсыз әсер етуіне төзімділігін арттыратын жаттығуларды орындау.
61. Жеке профилактикалық іс-шаралар мыналарды қамтиды:
1) тексеру, емдеу, демалыс беру немесе ұшудан уақытша шеттету;
2) авиациялық бөлімнің командиріне ұшу жүктемесін жоспарлау, еңбек, демалу және тамақтану режимін регламенттеу бойынша ұсыныстарды ұсыну;
3) ұшуда кәсіптік қиындықтар көретін авиациялық персоналдың функционалдық жай-күйінің қарқынын бақылау;
4) психофизиологиялық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында тренажерлық және дене шынықтыру дайындығын медициналық қамтамасыз ету;
5) авиациялық персоналмен жеке әңгімелесулер өткізу.
62. Авиациялық бөлім медициналық қызметінің авиациялық персоналды оңалту жөніндегі іс-шаралары (кәсіптік жұмысқа қабілеттілігін, функционалдық жай-күйін, денсаулық жағдайын қалпына келтіру) кезең-кезеңімен ұйымдастырылады:
1) бірінші кезең – авиациялық бөлімде жүзеге асырылады;
2) екінші кезең – амбулаторлық-емханалық жағдайларда жүзеге асырылады;
3) үшінші кезең – арнайы қалпына келтіру орталықтарында, госпитальдық оңалту бөлімшелерінде және санаторийлік-курорттық ұйымдарда жүзеге асырылады.";
64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"64. Қалпына келтіру іс-шараларын жоспарлау және жүргізу кезінде мыналар ескеріледі:
1) медициналық бақылау деректері;
2) жасы;
3) дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының қорытындысы;
4) психологиялық ерекшеліктер (зейіннің, жедел ойлаудың, жадының, кеңістіктік бағдар алудың даму деңгейі және мінез-құлықтың негізгі қасиеттері);
5) ұшудың әртүрлі түрлеріне төзімділік ерекшеліктері;
6) физикалық даму дәрежесі және дене шынықтыру дайындығының деңгейі;
7) денсаулық жағдайына және жұмысқа қабілеттілігіне ықпал ететін тәуекел факторлары мен әдеттер.";
66, 67 және 68-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"66. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған әуе кемелерін, олардың жолаушылары мен экипаждарын іздеу және құтқару кезінде медициналық қамтамасыз ету мыналарды қамтиды:
1) авиациялық бөлім медициналық қызметінің күштері мен құралдарын басқару, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында олардың іс-қимылдарын үйлестіру;
2) медициналық көмек көрсету және зардап шеккендерді медициналық ұйымдарға (меншік түрлеріне қарамастан) уақтылы эвакуациялау;
3) зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және оларды емдеу бойынша медициналық ұйымдармен (меншік түрлеріне қарамастан) өзара іс-қимыл;
4) іздеу-құтқару жұмыстарына тартылатын авиациялық бөлім медициналық қызметінің күштері мен құралдарының әзірлігін қамтамасыз ету.
67. Жерүсті іздеу-құтқару командасының немесе құтқарушы парашюттік-десанттық топтың құрамында іздеу-құтқару жұмыстарына қатысатын медициналық жұмыскердің:
1) апатқа ұшырағандарға медициналық көмек көрсету және оларды эвакуациялау әдістері бойынша арнайы дайындығы болуы;
2) шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларын меңгеруі;
3) іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілетін аудандағы медициналық ұйымдардың (меншік түрлеріне қарамастан) орналасуын, олардың мамандануын, эвакуациялау жолдарын және байланысты ұйымдастыруды білуі;
4) климаттық жағдайларға сәйкес қажетті медициналық мүлікпен және керек-жарақпен жабдықталған және жарақтандырылған болуы қажет.
68. Іздеу-құтқару жұмыстарына қатысатын медициналық жұмыскер зардап шеккендерге тікелей апат орнында шұғыл медициналық көмек көрсетеді, апатқа ұшырағандарды эвакуациялау кезектілігін және оларды авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшелеріне немесе медициналық ұйымдарға (меншік түрлеріне қарамастан) тасымалдау әдісін айқындайды.";
95, 96 және 97-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"95. Ұшып өтуді орындайтын әуе кемелері экипаждарының ұшуын медициналық қамтамасыз ету кезінде авиациялық бөлімнің медициналық қызметі:
1) әсіресе, егер ұшып өту басқа климаттық-географиялық аймақтарда орындалса, ұшып өтуді орындайтын әуе кемелері экипаждарының орналасу жағдайларын, ұшуалды демалу мен тамақтану режимінің сақталуын тексереді;
2) экипаждардың тамақтандырумен, оның ішінде борттық тамақтандырумен қамтамасыз етілуін тексереді;
3) қорғау керек-жарағы мен ұшу киім-кешегінің жиынтықтығы мен жай-күйін тексереді;
4) науқастанғандарға, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді және оларды медициналық ұйымдарына (меншік түрлеріне қарамастан) эвакуациялауды ұйымдастырады.
96. Ұшып өтуді орындайтын әуе кемелерінің экипаждарын ұшуалды медициналық қарап тексеру әзірлікті бақылау парағында белгі жасаумен авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшесінде ұшып шығуға дейін кемінде 2 сағат бұрын жүргізіледі. Базадан тыс әуеайлақтарда ұшуалды медициналық қарап тексеруді авиациялық бөлімнің медициналық бөлімшесінің кезекші дәрігері (медициналық жұмыскері) жүргізеді.
97. Авиациялық персоналды даярлау бойынша әскери оқу орындарының ұшу мамандықтарында білім алатын курсанттарды (бұдан әрі – курсанттар) ұшуға оқытып-үйрету кезінде ұшуды медициналық қамтамасыз ету кезінде авиациялық персоналды даярлау бойынша әскери оқу орнының әскери-медициналық қызметі:
1) курсанттардың денсаулық жағдайын және жұмысқа қабілеттілігін медициналық бақылауды жүзеге асырады, қажетті емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізеді;
2) ұшуға оқытып-үйрету кезінде және тренажерлық даярлық уақытында курсанттар қызметінің жеке психофизиологиялық ерекшеліктерін зерделейді, ұшу дағдыларын қалыптастыру және нығайту тиімділігін төмендететін факторларды анықтайды;
3) жоспарланған ұшу жүктемесінің курсанттар мен ұшқыш-нұсқаушылардың денсаулық жағдайы мен физикалық тұрғыдан шыдамдылығына сәйкес келуіне ұшудың жоспарлы кестесін зерделейді;
4) ұшудың әртүрлі түрлерінің төзімділігін талдайды, еңбектің, демалу мен тамақтанудың ұтымды режимін жасауға қатысады;
5) олардың жарықтандырылуына және температуралық режиміне ерекше назар аудара отырып, курсанттардың орналасу, тамақтандыру және оқытып-үйрету жағдайларының санитариялық жай-күйін тексереді;
6) курсанттармен авиациялық медицина бойынша сабақтар өткізеді.";
99-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Курсанттарды кезеңдік медициналық қарап тексеру 3 айда 1 рет авиациялық персоналды даярлау жөніндегі әскери оқу орнының бастығы бекіткен жоспар бойынша авиациялық персоналды даярлау жөніндегі әскери оқу орнының әскери-медициналық (медициналық) бөлімшесінде жүргізіледі.";
мынадай мазмұндағы 99-1-тармақпен толықтырылсын:
"99-1. Курсанттарға авиациялық персоналды даярлау жөніндегі әскери оқу орнының әскери-медициналық (медициналық) бөлімшесінде кезекті медициналық куәландырудан соң 6 айдан кейін терапевтің және невропатологтың қатысуымен медициналық қарап тексеру жүргізіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша хирург, офтальмолог, оториноларинголог тартылады.";
104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"104. Лагерьлік әуеайлақта ұшуды медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру кезінде авиациялық персоналды даярлау жөніндегі әскери оқу орнының әскери-медициналық қызметі:
1) авиациялық персонал мен курсанттардың орналасу жағдайларын;
2) курсанттар мен авиациялық персоналдың еңбектің, демалу мен тамақтанудың ұшуалды режимін сақтау мүмкіндігін;
3) тамақтандыру, сумен қамтамасыз ету объектілерінің санитариялық-гигиеналық жай-күйін тексереді.";
107-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"107. ҰТО-ны медициналық қамтамасыз етуге дайындалу кезеңінде авиациялық бөлімнің медициналық қызметі:
1) кезеңдер бойынша ҰТО-ны медициналық қамтамасыз ету жоспарын жасайды және қойылған міндеттерге байланысты авиациялық бөлім медициналық қызметінің қажетті күштері мен құралдарын айқындайды;";
2) мүліктің жиынтықталуын және жай-күйін тексереді, оқу-жаттығулар кезеңінде бытырап орналасу әуеайлағында медициналық пункт пен медициналық бекетті өрістету үшін жерүсті немесе әуе эшелоны құрамында кететін медициналық персоналға нұсқау береді;
3) медициналық көмек көрсету үшін жиынтықтарды тексереді және негізгі күштер келгенге дейін авиациялық бөлімнің бытырап орналасу әуеайлағына ұшып өтуін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін бөлінетін алдыңғы қатардағы команданың медициналық персоналына нұсқаулар береді;
4) медициналық көрсеткіштер бойынша ҰТО-ға қатысуға жіберілмейтін авиациялық персонал адамдарының тізімін айқындайды және ол туралы авиациялық бөлім командиріне баяндайды;
5) жоғары тұрған әскери-медициналық қызметінің бастығынан және денсаулық сақтау ұйымдарынан оқу-жаттығулар ауданының эпидемиялық жағдайы және санитариялық-гигиеналық жай-күйі, медициналық ұйымдарының (меншік түрлеріне қарамастан) бар болуы туралы мәліметтерді алады;
6) авиациялық персоналды ҰТО өткізу ауданына тән аурулар профилактикасы шараларымен (дәрістер, әңгімелесулер арқылы) таныстырады;
7) авиациялық бөлімнің биіктіктік керек-жарағына қызмет көрсету тобымен бірлесіп, қорғау керек-жарағының жай-күйін тексереді.";
109-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"109. ҰТО ауданында ұшуды медициналық қамтамасыз ету кезінде авиациялық бөлімнің медициналық қызметі:
1) авиациялық персоналдың орналасу орындарын, ұшуалды демалу жағдайларын, тамақтандыруды және сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды тексереді;
2) жараланғандарға және науқастанғандарға білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсету жөніндегі мәселелерді жедел шешу үшін оқу-жаттығулар ауданында медициналық ұйымдармен (меншік түрлеріне қарамастан) байланысты ұстайды;
3) эпидемиялық жағдайды және жергілікті тұрғындар арасында аурудың құрылымын, су көздерінің санитариялық жағдайын нақтылайды;
4) ҰТО өткізудің жоспарлы кестесін зерделейді, ұшуды қамтамасыз ету үшін авиациялық бөлім медициналық қызметінің күштері мен құралдарын даярлайды;
5) медициналық пунктті өрістетуді ұйымдастырады, авиациялық персоналды ұшуалды медициналық қарап тексеруді жүргізу орнын жабдықтайды;
6) ұшуалды режимінің сақталуын, тамақ дайындау жағдайларын, далалық жағдайларда тамақ ішу және азық-түлікті сақтау орындарының санитариялық-гигиеналық жай-күйін тексереді, қажет болған кезде жеке құрамға қосымша дәрумен беруді жүргізеді.";
осы Қағидаларға 5-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес мынадай редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы басқару органдарының басшыларына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі |
Н. Ермекбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік күзет қызметі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 510 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын медициналық қамтамасыз ету қағидаларына 5-қосымша |
Нысан
1-кесте
Авиациялық бөлімнің медициналық қызметі ___ тоқсанда (жылда) зерделеген авиациялық оқиғалар және инциденттер
Р/с № | Себептер | Оқиғалар саны |
1 | 2 | 3 |
1. | Ұшуды орындау, барлығы: | |
ауырсынатын жай-күйде; | ||
ұшуалды еңбек және демалу режимін бұзғаннан кейін; | ||
ұшуалды тамақтандыру режимін бұзғаннан кейін; | ||
ұшу шарттарына сәйкес келетін қорғау керек-жарақтарынсыз; | ||
медициналық рұқсатсыз; | ||
алкогольді тұтынғаннан кейін (ұшу қарсаңында немесе ұшатын күні); | ||
дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы қорытындысының қолданылу мерзімі өткен; | ||
2. | Ұшуға басшылық жасау, барлығы: | |
ауырсынатын жай-күйде; | ||
ұшуалды еңбек және демалу режимін бұзғаннан кейін; | ||
ұшуалды тамақтандыру режимін бұзғаннан кейін; | ||
медициналық рұқсатсыз; | ||
алкогольді тұтынғаннан кейін (ұшу қарсаңында немесе ұшатын күні); | ||
дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы қорытындысының қолданылу мерзімі өткен | ||
3. | Ұшқыш (экипаж) организміне ұшу факторларының ықпал етуі: | |
гипоксия | ||
артық жүктемелер (пилотаждық); | ||
шайқалу; | ||
барометрлік қысымның ауытқуы; | ||
жарылыс декомпрессиясы | ||
4. | Ұшқыш (экипаж) организміне әуе кемесінің кабинасында қолайсыз гигиеналық жағдайлардың ықпал етуі: | |
кабина ауасына бөгде қоспалардың түсуі; | ||
оттегіге бөгде қоспалардың түсуі; | ||
кабинадағы қолайсыз температуралық режим | ||
5. | Қорғау керек-жарағы мен жабдығын дұрыс пайдаланбау және оның ақаулықтары | |
6. | Ұшуларды медициналық қамтамасыз етудегі кемшіліктер | |
7. | Ұшу қызметін қиындатқан иллюзиялар | |
8. | Ұшқыштың (экипаждың) кеңістікті бағдарлауды жоғалтуы | |
9. | Басқа да оқиғалар | |
10. | Барлығы |
Ескертпе:
1. Деректер бөлшек түрінде келтіріледі: алымында жалпы саны, бөлімінде – жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуіне байланысты болған оқиғалар саны.
2. "Басқа да оқиғаларға" осы кестенің басқа тармақтарына жатпайтын авиациялық оқиғалар және инциденттері жатады. Бұл оқиғалар мәтінде қысқаша түсіндіріледі.
Нысан
2-кесте
Авиациялық бөлім медициналық қызметінің ___ тоқсанда (жылда) авиациялық оқиғалардың және инциденттердің алдын алу жөніндегі іс-шаралары
Р/с № | Іс-шаралар | Оқиғалар саны |
1 | 2 | 3 |
1. | Ұшуалды медициналық қарап тексеруде ұшудан шеттетілді, барлығы: | |
ауырсынатын жай-күйде; | ||
ұшуалды еңбек және демалу режимін бұзған; | ||
ұшуалды тамақтандыру режимін бұзған; | ||
алкогольді тұтынғаннан кейін; | ||
шаршау, қажу белгілері бар; | ||
демалыстар арасында 12 айдан астам үзіліс болғаннан | ||
2. | Ұшуалды медициналық қарап тексеруде ұшуға басшылық жасаудан шеттетілді, барлығы: | |
ауырсынатын жай-күйде; | ||
ұшуалды еңбек және демалу режимін бұзған; | ||
ұшуалды тамақтандыру режимін бұзған; | ||
алкогольді тұтынғаннан кейін; | ||
шаршау, қажу белгілері бар; | ||
демалыстар арасында 12 айдан астам үзіліс болғаннан | ||
3. | Медициналық сауалнама жүргізуде (қарап тексеруде) инженерлік-техникалық құрамның ұшуын қамтамасыз етуден шеттетілді, барлығы: | |
4. | Авиациялық персоналдың физикалық немесе эмоциялық-психикалық жай-күйіне теріс ықпал еткен ұшуға дайындалудағы және оны қамтамасыз етудегі кемшіліктер жойылды, барлығы: | |
тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер; | ||
әуеайлақта демалу үшін толыққанды жағдай жасамау; | ||
артық ұшу жүктемесі; | ||
ұшып шығу арасындағы жеткіліксіз үзілістер; | ||
психикалық жарақаттар; | ||
жанжалды қызметтік жағдайлар; | ||
жанжалды отбасылық-тұрмыстық жағдайлар; | ||
авиациялық персоналды тасымалдаудағы кемшіліктер | ||
5. | Қорғау керек-жарағының ақаулықтары анықталды: | |
алдын ала дайындалу кезеңінде; | ||
ұшуалды дайындықта | ||
6. | Сапасыз медициналық оттегіні пайдалану жағдайларынан сақтандырылды | |
7. | Басқа да іс-шаралар | |
8. | Жиыны |
Ескертпе:
1. 1-тармақтағы деректер бөлшек түрінде келтіріледі: алымында ұшудан шеттетілген авиациялық персоналдың жалпы саны көрсетіледі, бөлімінде – әуе кемелерінің ұшып өтетін экипаждары мүшелерінің саны.
2. Баяндау мәтінінде ұшуалды қарап тексерулерде анықталған және авиациялық персоналды ұшудан (ұшуға басшылық жасаудан) шеттетуге себеп болған барлық аурулардың диагноздарын көрсету қажет.
3. "Басқа да іс-шараларға" осы кестенің басқа тармақтарына жатпайтын авиациялық бөлім медицина қызметінің авиациялық оқиғалардың және инциденттердің алдын алу жөніндегі іс-шаралары жатады. Бұл іс-шаралар мәтінде қысқаша түсіндіріледі.