ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 23 мамырдағы № 366 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17001 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия беру үшін өтініш беру және оны қарау қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны:
1) Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) Көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа адамның пайдалануында болған, ал оған тең Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін осындай адамның келісімінсіз болған, тікелей келіссөздердің нәтижелері бойынша немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың қорытындылары бойынша қол қойылған, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа тау-кендік бөлуде не болмаса көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы қолданыстағы хаттамамен айқындалған жер қойнауын пайдалану учаскесінің аумағында;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағында, ал оған тең қатты пайдалы қазбалар немесе кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа геологиялық және (немесе) тау-кендік бөлуде айқындалған келісімшарттық аумақта оған қатысты Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін болған тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша не жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың қорытындылары бойынша пайдалы қатты қазбаларды немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге келісімшарт жасасу туралы хаттама қолданылатын аумақта;
4) Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскесінің аумағында, ал оған тең барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшартқа тау-кендік бөлумен айқындалған келісімшарттық аумақта, сондай-ақ оған қатысты Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін болған тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша не жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың қорытындылары бойынша барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға келісімшарт жасасу туралы хаттама қолданылатын аумақта;
5) пайдалы қатты қазбаларды барлаудың немесе өндірудің салдарларын жою жүргізілетін жер қойнауы учаскесінің аумағында;
6) құрамында уран кен орны немесе сирек кездесетін жер-уран кен орны бар жер қойнауы учаскесінің аумағында беруге жол берілмейді.";
7-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"9) егер өтініш айрықша құқықтан басқа берілсе, өтініш берушіде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асырудың қаржылық, кәсіптік және техникалық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжаттар;";
9-тармақтың 1), 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"1) өтініш берушіде лицензия беруге өтініш берілетін күннің алдындағы алты ай шегінде отыз күндік мерзім ішінде сұратылған лицензия қолданысының бірінші жылында өндіруге талап етілетін ең төмен шығыстарды өтеу үшін жеткілікті мөлшерде ақшаның тұрақты болуын (қалдығын) растайтын, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктегі банктік шот бойынша ақша қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме.
Егер қаражат қозғалысы бойынша операциялар нәтижесінде мәлімделген отыз күндік кезеңнің қандай да бір күнінде ақша қаражатының қалдығы осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында талап етілгеннен аз болса, онда мұндай үзінді-көшірме өтініш берушінің қаржылық мүмкіндіктерінің болуын растайтын құжат болып танылмайды. Өтініш берушіде қаржылық мүмкіндіктерді растау мақсаттары үшін бір екінші деңгейдегі банкте бірнеше шоттар болған кезде жиынтығында олар бойынша үзінді-көшірмелер ұсынылған бірнеше шоттар бойынша ақша қаражатының қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтер де ескеріледі;
2) қарыз шартының (алдын ала қарыз шартының), қарыздың нысаналы мақсаты ретінде өтініш берушінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі қызметін қаржыландыруды көздейтін, сондай-ақ сұратылатын лицензия қолданысының бірінші жылында өндіруге талап етілетін ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті қарыз (қаржыландыру) сомасын растайтын қызметті қаржыландыру туралы шарттың көшірмелері;
3) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жасалған, қатарынан күнтізбелік алты ай немесе лицензия беруге өтініш берілген күннің алдындағы алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде дайындалған, өтініш берушінің таза активтерінің мөлшері сұрау салынған лицензия қолданысының бірінші жылында өндіруге жұмсалатын ең төменгі шығыстардың шамасына арналған өз міндеттемелерінен асатын аудиторлық есебі бар қаржылық есептілігі;";
21 және 22-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралып отырған жер қойнауы учаскесінің шекараларын келіскен жағдайда құзыретті орган үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге осы Кодекстің тиісінше 216 және 217-баптарында көзделген тау-кен жұмыстары жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға тиісті экологиялық рұқсат алу, тау-кен жұмыстары жоспарына және жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама өтініш берушіге жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Тау-кен жұмыстары жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға тиісті экологиялық рұқсаттың көшірмесін, тиісті келісулер мен сараптамалардың оң қорытындыларын өтініш беруші құзыретті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабардар етілген күннен бастап бір жылдан кешіктірмей ұсынылады.
Өтініш беруші құзыретті органға мұндай ұзарту қажеттілігін негіздей отырып, көрсетілген мерзімді ұзарту үшін жүгінеді. Құзыретті орган осы мерзімді, егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш берушіге байланысты емес мән-жайлардан туындаса, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бір жылдан аспайтын кезеңге ұзартады.
22. Құзыретті орган өтініш берушіге пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны қажетті келісулер, сараптамалардың оң қорытындылары және тау-кен жұмыстары жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға тиісті экологиялық рұқсаттың көшірмелері ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.";
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"28. Құзыретті орган мынадай негіздемелердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Қағидаларда талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш бергенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесінің немесе өтініш иесін тікелей не жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаның жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиясын Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауының сұралатын учаскесі бойынша құзыретті орган қайтарып алған болса;
4) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде өтініш иесі немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлға өздерінің пайдалануындағы жер қойнауы учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелерін орындамаса немесе тиісінше орындамаса;
5) өтініш иесіне не өтініш иесін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғаға бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығы сұралатын жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде тоқтатылса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қауіп туындауына алып келетін болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензия не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жатса;
8) сұралатын жер қойнауы учаскесінің шекаралары Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе;
9) өтініш иесі Кодекстің талаптарына сәйкес келісілген тау-кен жұмыстары жоспарының жобасын құзыретті органға беру мерзімін сақтамаса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруден бас тартады.
Өтініште көрсетілген (бұрыштық нүктелердің алаңы мен географиялық координаттары туралы мәліметтерден басқа) мәліметтерде грамматикалық немесе арифметикалық қателердің, мөрлердің болуы, олар лицензияны беру туралы шешім қабылдауға әсер етпейді және өтінішке қоса берілетін құжаттармен салыстыру арқылы анықталады, сондай-ақ тексеріледі, лицензия беруден бас тартуға негіз болып табылмайды.".
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші және жиырма екінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
Б. Атамкулов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Экология, геология
және табиғи ресурстар министрлігі