Бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 16 шілдедегі № ҚР ДСМ-61 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 19 шiлдеде № 23589 болып тіркелді. Бұйрықтың қолданысы 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтатыла тұрады - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 1 тамыздағы № 143 бұйрығымен.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысы 31.12.2025 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 01.08.2023 № 143 бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысы 31.12.2022 дейін тоқтатыла тұрады - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 05.11.2021 № ҚР ДСМ -109 бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 93) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп ақы төлеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-154 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19814 болып тіркелген, 2020 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі- дәрмек саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2021 жылғы 16 шілдедегі
№ ҚР ДСМ-61 бұйрығына
қосымша

Бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидалары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 93) тармақшасына сәйкес әзірленді және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бірлесіп ақы төлеуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) амбулаториялық дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етуді есепке алудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ДҚАЖ) – рецептілердің жазып берілуін, тауардың фармацевтикалық қызметті жеткізушілерге берілуін немесе ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді есепке алуды автоматтандыру үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ақпараттық жүйе;

      2) бірлесіп төлеу – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) амбулаториялық деңгейде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың құны мен оларды өтеудің белгіленген шекті бағасындағы ерікті тәртіппен жүзеге асырылатын айырманы төлеу;

      3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілер – дәріханадан ұйымдастырылған дәріхана, оның ішінде интернет арқылы өткізуді жүзеге асыратын дәріхана, Денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті, шалғайдағы ауылдық жерлерге арналған жылжымалы дәріхана пункті, дәріханалық (дистрибьюторлық) қойма, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймасы, Оптика дүкені, медициналық бұйымдар дүкені, медициналық бұйымдар қоймасы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі ұйымдар;

      4) дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы (бұдан әрі – ХПА) – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрілік заттың атауы;

      5) ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттың ХПА – сына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына шекті баға – ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде одан жоғары сатып алу жүргізілмейтін дәрілік заттың ХПА-сына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына баға;

      6) ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өтеудің шекті бағасы – Бірыңғай дистрибьютордың өлшем бірлігі үшін прайс-парағына сәйкес сатып алу бағасын тұтыну қаптамасындағы өлшем бірліктерінің санына көбейту жолымен есептелген, дәрілік препараттың белгілі бір дозасы, дәрілік затты шығару нысаны және (немесе) белгілі бір сипаттамасы мен медициналық бұйымның құрамы бар бір қаптамасының құны;

      7) дәрілік заттың саудалық атауы – Дәрілік зат тіркелетін атау;

      8) медициналық бұйымның саудалық атауы – медициналық бұйым тіркелетін атау.

2-тарау. Бірлесіп төлеуді жүзеге асыру тәртібі

      3. Дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды бірлесіп төлеу ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттары тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету кезінде жүзеге асырылады.

      4. Бірлесіп төлеуді пациент ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде амбулаториялық жағдайларда медициналық – санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде тегін дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды алуға келіспеген жағдайда жүзеге асырады.

      5. Пациент өз қалауы бойынша (ерікті түрде) ТМККК және МӘМС шеңберінде бірлесіп төлеуге қатысатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектідегі саудалық атауының шекті бағасынан аспайтын, дәрілік заттың таңдалған саудалық атауының құнының айырмасын қосымша төлей отырып, басқа саудалық атауымен неғұрлым қымбат туратын дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды таңдайды.

      6. Бірлесіп төлеумен дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды таңдап алатын пациентке дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілерде қолжетімді нысанда ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттарды және (немесе) медициналық бұйымдарды алу мүмкіндігі туралы толық және дұрыс ақпарат беріледі.

      7. Бірлесіп төлеумен дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды босату кезінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектіде пациентке дәрілік заттың тиісті ХПА бойынша дәрілік заттың нысаны мен дозасын және дәрілік заттан немесе медициналық бұйымнан бастап техникалық сипаттамасын немесе жиынтықталуын ескере отырып, дәрілік заттардың және (немесе) медициналық бұйымдардың ассортименттегі барлық саудалық атаулары дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның ең төмен бағадан бастап ұсынылады.

      8. Пациент бірлесіп төлеумен дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның саудалық атауын таңдаған жағдайда, пациент еркін нысанда дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды өтеудің шекті бағасынан тыс қосымша ақы төлеуге жазбаша ерікті келісім береді.

      9. Дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды таңдау кезінде пациент дәрілік затты және (немесе) медициналық бұйымды өтеудің шекті бағасынан тыс бірлесіп төлеуді жүзеге асырады.

      10. ДЗ айналысы саласындағы объектінің маманы босату күні көрсетілген босатылған дәрілік заттың және (немесе) медициналық бұйымның саудалық атауы бойынша ақпаратты енгізеді.