Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 17 мамырдағы № 162 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 мамырда № 22778 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
С. Омаров

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2021 жылғы 17 мамырдағы
№ 162 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 16-07/332 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9639 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 46-5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және өткізу тәртібін айқындайды.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар:

      1) жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлардың аурулары мен тамақтан уланудың пайда болуын алдын алу, жануарларды күтіп-бағудың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, ветеринариялық препараттардың, азықтың және азықтық қоспалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық-санитариялық саламаттылық аумақта;

      2) шектеу іс-шараларын немесе карантинді қамтитын, жануарлардың аса қауіпті ауруларын жою және олардың таралуының алдын алу мақсатында бақылау аймағын, буферлік (қорғаныш) аймақты қоса алғанда, эпизоотиялық ошақта және саламатсыз пунктте жүргізіледі.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ветеринариялық іс-шараларды жүргізу Қазақстан Республикасында және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген ветеринариялық препараттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады.";

      6, 7, 8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау Тізбеге енгізілген аурулар бойынша:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің соңғы 3 (үш) жылдағы эпизоотиялық мониторингінің деректері;

      2) кірісті (төл және басқа түсімдер), шығысы (сойылу, қырылу және өзге есептен шығарылу) және жануарлардың топтастырылуы (эпизоотиялық бірліктер) ескеріле отырып, қолда бар жануарлар басы;

      3) ветеринариялық препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулыққа (тәлімдемеге) сәйкес, оған қарсы дауалау жүзеге асырылатын жануарлардың ауруына байланысты ветеринариялық препаратты енгізу еселігі;

      4) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларда көзделген диагностикалық зерттеулердің еселігі;

      5) көршілес әкімшілік-аумақтық бірліктердегі (аудандардағы, облыстардағы) және шектес мемлекеттердегі эпизоотиялық ахуал туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.

      7. Аудандар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде алдағы жоспарланатын жылға ауылдық округтер бөлінісінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарының жобасын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрі – ЖАО ұйымдары) ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша жасайды, одан кейін жинақтау үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – ЖАО) жіберіледі.

      ЖАО ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша алдағы жоспарланатын жылға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарларының жобаларын жасайды және ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына (бұдан әрі – ведомство) жібереді.

      8. Ведомство ЖАО ұсынған ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарларының жобалары және эпизоотиялық мониторинг деректері негізінде жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы, диагностикасы жөніндегі ветеринариялық іс-шараларды бекітеді, ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

      9. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы, диагностикасы жөніндегі ветеринариялық іс-шаралардың негізінде ЖАО ведомствоның облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралардың жоспарын бекітеді және оны жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы, диагностикасы жөніндегі ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу үшін ЖАО ұйымына жібереді.";

      9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-2. ЖАО ұсыныстары бойынша қоса алғанда, ветеринариялық іс-шараларды жүргізу кезеңінде ветеринариялық іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

      Ветеринариялық іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ветеринариялық іс-шаралар өткізудің жоспарланған айына дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын жол беріледі. Ветеринариялық іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы жануарлар басы бойынша мәліметтер, жануарларды бірдейлендіруді жүргізу мерзімдері, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдардың (құралдардың) болуы ескеріледі.";

      11, 12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Ветеринариялық-санитариялық саламаттылық аумақта профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыруды ЖАО жүзеге асырады.

      12. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуді (жануарларды вакцинациялау/аллергиялық зерттеу, қан сынамаларын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу) ЖАО ұйымдары жүзеге асырады.

      Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізу осы Қағидалардың 4-1 және 15-тармақтарында көзделген іс-шаралар орындалған кезде аяқталған болып есептеледі.

      13. Ведомство жануарларға профилактикалық иммундау жүргізу үшін "Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысында белгіленген тәртіппен ветеринариялық препараттарды ЖАО-ға беруді жүзеге асырады.

      ЖАО ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) арасында ветеринариялық препараттарды бөлуді жүзеге асырады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Бақылау аймақтары мен буферлік (қорғаныш) аймақтарды қоса алғанда, эпизоотиялық ошақтарда және саламатсыз пункттерде ветеринариялық іс-шараларды жүзеге асыру тізбесі, тәртібі мен мерзімдері ЖАО тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторымен және Заңның 11-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйыммен (бұдан әрі – РЭО) бірлесіп әзірлеген жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын жою және оқшаулау жөніндегі іс-шаралар жоспарында (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) айқындалады.

      Іс-шаралар жоспары кесте түрінде жасалады, онда реттік нөмірлер, іс-шаралардың атаулары, орындау мерзімдері, жауапты адамдар мен орындаушылар көрсетіледі.

      Қажет болған жағдайда іс-шаралар жоспарларына толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.";

      19, 20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Бақылау аймақтары мен буферлік (қорғаныш) аймақтарды қоса алғанда, эпизоотиялық ошақтардағы және саламатсыз пункттердегі ветеринариялық іс-шараларды РЭО ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалармен, ЖАО бөлімшелерімен ведомствоның аумақтық бөлімшесінің бақылауымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүргізеді.

      20. Бақылау аймақтары мен буферлік (қорғаныш) аймақтарды қоса алғанда, эпизоотиялық ошақтарда және саламатсыз пункттерде ветеринариялық іс-шаралар жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шешімімен ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан ветеринариялық препараттарды бөлу жүзеге асырылады.

      21. Жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарлар, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, олардың қауіптілік дәрежесіне қарай, Бұйрықпен бекітілген Жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою не оларды алып қоймай міндетті түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу қағидаларына (бұдан әрі – Алып қою қағидалары) сәйкес міндетті түрде алып қоюға және жоюға не оларды алып қоймай міндетті түрде залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға) жатады.

      Жеке және заңды тұлғаларға алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген олардың құны Бұйрықпен бекітілген Жеке және заңды тұлғалардың жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың немесе жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеу қағидалары мен шарттарына және Алып қою қағидаларына сәйкес өтеледі.".

      2. "Эпизоотиялық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 7-1/618 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10021 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 46-19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Эпизоотиялық мониторинг жүргізу қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Эпизоотиялық мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 46-19) тармақшасына сәйкес әзірленді және эпизоотиялық мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Эпизоотиялық мониторингті Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйым (бұдан әрі – ветеринариялық ұйым) жүргізеді.

      Эпизоотиялық мониторинг жүргізу кезінде:

      1) ветеринария, жануарлар дүниесін молықтыру мен пайдалануды қорғау саласындағы уәкілетті органдардың және/немесе олардың ведомстволарының;

      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің;

      3) ветеринария саласындағы ғалымдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдары өкілдерінің;

      4) ветеринария саласындағы халықаралық сарапшылардың қатысуына жол беріледі.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Эпизоотиялық мониторинг жүргізу тәртібі".

      3. "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10223 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін::

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 46-17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарларды карантиндеу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жануарларды карантиндеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 46-17) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарларды карантиндеу тәртібін айқындайды.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жеке және заңды тұлғалар осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келген, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларға карантиндеу жүргізеді.

      Мыналардан (ға):

      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар сақталған және ветеринариялық құжаттар мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында олар бойынша мәліметтер көрсетілген жағдайда, жануарларды сою объектілерінде (ет өңдеуші кәсіпорындары) санитариялық союды жүргізу үшін оларды өткізуді қоспағанда, саламатсыз аймақтан;

      2) буферлік (қорғаныш) аймақтан саламаттылық аймаққа;

      3) саламатсыз аймаққа;

      4) вакциналанатын саламаттылық аймақтан вакциналанбайтын саламаттылық аймаққа;

      5) вакциналанбайтын саламаттылық аймақтан тиісті ветеринариялық дауалауды жүргізбей вакциналанатын саламаттылық аймаққа жануарларды әкелу, сатып алу, әкету, орнын ауыстыру, келтіру жүзеге асырылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Жануарларды республика ішінде вакциналанбайтын саламаттылық аймақтан вакциналанатын саламаттылық аймаққа ауыстырған жағдайда, жануарларды вакциналау межелі пункте жүзеге асырылады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жеке және заңды тұлғалардан алынған ақпарат негізінде аумақтық бөлімшелер 7 (жеті) жұмыс күні ішінде ЖАО бөлімшелерімен келісу бойынша жануарларды карантиндеу жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      Бекітілген жануарларды карантиндеу жоспарының көшірмесін аумақтық бөлімше бекітілген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат алынған жеке және (немесе) заңды тұлғаға жібереді.

      Жануарларды карантиндеу жоспарында әкелінген жануарларды карантиндеу ұзақтығы мен шарттары, оларды жүргізу күні, вакциналауды жүргізу мерзімдері, ветеринариялық іс-шараларды орындауға жауапты адамдарды, ауруға күдікті жануарлар, ауру жануарлар анықталған кездегі іс-шараларды қоса көрсете отырып, диагностикалық зерттеулерге, ветеринариялық дауалауға жататын жануарлар ауруларының тізбесі көрсетіледі. Жануарларды карантиндеу кезеңінде диагностикалық зерттеулер жүргізуді жоспарлаған кезде бұрын жүргізілген ветеринариялық дауалау, диагностикалық зерттеулердің дұрыс емес қорытындыларын алуды болдырмау мақсатында жануарларды вакциналау, аумақты аймақтарға бөлу және ірі қара малды бруцеллез бен туберкулезге, ұсақ малды, түйелер мен шошқаларды бруцеллезге, жылқыларды маңқа, күйек ауруына, есектер мен қашырларды маңқа ауруына міндетті диагностикалық зерттеу, асыл тұқымды жануарларды паратуберкулез, трихомоноз, (Trіchomonasfetus), бұқалар үшін кампилобактериоз (Campylobacterfetusvenerealіs), хламидиоз, лептоспироз (егер вакциналанбаған болса немесе профилактикалық мақсатта дегидрострептомицинмен немесе эквивалентті әсер беретін заттармен өңделмеген болса), инфекциялық ринотрахейт пен ірі қара малдың вирустық деареясына (егер жануарлар алдын ала вакциналанбаған болса) қосымша зерттеулер туралы мәліметтер ескеріледі. Үшінші елдерден немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден әкелінетін жануарларды карантиндеу кезеңінде диагностикалық зерттеулер жүргізуді жоспарлау кезінде межелі пунктте Шмалленберг ауруына мониторингтік диагностикалық зерттеулер жүргізу ескеріледі.

      Егер алушы елдің аумағында жануарлардың басқа ауруларының профилактикасы және/немесе жойылуы бойынша бағдарламалар жүргізілсе ғана, осы ауруларға зерттеулер жүргізіледі..".

      4. "Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 7-1/394 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11265 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін::

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 45) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 45) тармақшасына сәйкес әзірленді және ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну тәртібін айқындайды.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. ЖАО бөлімшелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ЖАО мемлекеттік ұйымдары ұсынған есептерді жинақтағаннан және талдағаннан кейін есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесінші күніне қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелеріне ветеринариялық есептілікті ұсынады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелері ЖАО бөлімшелері ұсынған есептерге олардың толтырылуының дұрыстығына талдау жүргізеді және есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасыншы күніне қарай жүргізілген талдаулардың нәтижелерімен ведомствоға ветеринариялық есептілікті ұсынады.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген ветеринариялық есептілікті аумақтық бөлімшелер, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері жасайды және облыстық аумақтық бөлімшелерге есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесінші күніне қарай ұсынады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелері ведомствоға есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасыншы күніне қарай ветеринариялық есептілікті ұсынады.

      Ведомство облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық бөлімшелері, мемлекеттік ұйымдар ұсынған есептерді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелері жүргізген талдаулардың нәтижелерін талдайды.".