"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 11 мамырдағы № 443 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 11 мамырда № 22737 болып тіркелді

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 82-бабы 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:

      167-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "167. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу жағдайларын қоспағанда, міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарының шегінде бір бюджеттік бағдарлама аясында шарт жасасады.

      Мемлекеттік мекеме ақша алушының біреуімен бюджеттік кіші бағдарламалардың немесе шығыстардың экономикалық сыныптамасының бірнеше ерекшеліктері бойынша шарт жасасқан кезде шартта жалпы соманы әрбір бюджеттік кіші бағдарлама немесе шығыстардың бюджеттік сыныптамасының әрбір коды бойынша бөле отырып көрсетеді.

      Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын шартты жасасу кезінде мемлекеттік мекеме заңнамада белгіленген мөлшерде жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырудың жыл сайынғы сомалары бар бюджеттік кіші бағдарламаларды міндетті түрде көрсетуді қамтамасыз етеді.";

      188-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалуы көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алуға азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінім аумақтық қазынашылық бөлімшесіне "Электрондық мемлекеттік сатып алу" автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі – "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың (қосымша келісімнің) деректерін "Қазынашылық-клиент" АЖ арқылы беру жолымен ұсынылады.";

      199-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "199. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне тіркеуге берілген шартты (қосымша келісімді) "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде мыналарға:

      1) мемлекеттік мекеме атауының көрсетілу дұрыстығына;

      2) ҚР ББС сәйкес бюджеттік бағдарлама, кіші бағдарламалар, ерекшеліктер кодының және атауының болуына және дұрыстығына;

      3) шарт мәнінің Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшелігінің құрылымына сәйкес шығыстар бағытына сәйкестігіне;

      4) аванстық төлем пайызының осы Ережеде белгіленген мөлшерден асып түспеуіне;

      5) жазумен көрсетілген соманың санмен көрсетілген сомаға сәйкестігіне;

      6) қағаз жеткізгіштегі шартқа (қосымша келісімге) қойылған қолдардың және мөр бедерінің қойылған қолдардың және мөр бедерінің үлгілері бар құжатқа сәйкестігіне, бұл ретте қолдар жарыққа төзімді сиялармен қойылады. Мемлекеттік мекеменің және ақша алушының елтаңбалы мөрінің бедері дәл және анық қойылады. Мемлекеттік мекемелер мен ақша алушыларға ұшып кететін сиялар құйылған фломастермен және автоқаламмен қол қоюға және қолды факсимильді көшіру құралдарын пайдалануға жол берілмейді. Елтаңбалы мөрді қойған кезде ("Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі" мемлекеттік мекемесін қоспағанда), қызыл, қара және жасыл түсті мастиканы пайдалануға тыйым салынады, мөр бедері дәл және анық қойылады. "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша электрондық түрі ұсынылған кезде ЭЦҚ түпнұсқалығы және мемлекеттік мекеменің және ақша алушының елтаңбалы мөрінің бедері анықтығы тексеріледі;

      7) қолданылу мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асуы мүмкін шарттарды қоспағанда, шарттың қолданылу мерзімін ағымдағы қаржы жылының шегінен асып кетпеуіне;

      8) шарт сомасының қабылданбаған міндеттемелер сомасынан асып кетпеуіне;

      9) қолданылу мерзімі тек осы Ережеде көзделген жағдайларда ғана ағымдағы қаржы жылынан асатын қосымша келісімдердің, сондай-ақ шарттардың жасалуына;

      10) осы Ереженің 167-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бір бюджеттік бағдарлама шеңберіндегі шарттарды тіркеуге ұсынуға;

      11) қолданылу мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттың және жұмыстар көлемдерінің жалпы сомасын тиісті қаржы жылдары бойынша шартты түрде бөлісудің бар-жоғына тексеруді жүзеге асырады;

      12) шарттың (қосымша келісімнің) талаптарын қолмен қандай да бір түзетулерге не дұрыстауға жол берілмейді;

      13) егер ақша алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылса, шарт (шарт сомасын өзгертуге арналған қосымша келісім) талаптарында сатып алынатын тауарлар, көрсетілетін қызметтер және жұмыстар бойынша қосылған құн салығы сомасын міндетті түрде көрсетудің болуы егер ақша алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, қосылған құн салығының болмауы;

      14) шарттың, оны аумақтық қазынашылық бөлімшесінде міндетті тіркегеннен кейін күшіне ену талаптарының шартта болуы;

      15) ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта жаңартуға, үй-жайларды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шарт сомасының жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысында көзделген сомасынан асып түспеуіне;

      16) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру есебінен іске асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған шартта орындаушы Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама қорытындысын алғаннан кейін түпкілікті төлемді жүзеге асыру міндетті шартының болуы;

      17) шетел валютасындағы келісім-шарттың мәні 8-08 "Шетел валютасындағы шоттардың тізбесі" нысанындағы шығыстардың рұқсат етілген бағыттарының сәйкестігіне;

      18) мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар қолданылмайтын тауарларды (жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) сатып алуға арналған шарттар бойынша шарттың кіріспесінде шарт жасалған заңнамалық актінің бабына (тармақшасына, тармағына) сілтеме міндетті түрде көрсетілуі бар болуы қажет.";

      202-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "202. Өтiнiм дұрыс рәсімделмеген және оған қоса берiлген құжаттарға не шарт осы Ереженің 164-171-тармақтарында, 173-178, 180-185, 188, 194, 198, 199 және 201-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкес келмеген кезде, аумақтық қазынашылық бөлiмшесi өтiнiм мен оған қоса берiлген құжаттарды:

      1) қабылдау кезеңiнде сәйкессiздiк байқалса, мемлекеттiк мекеменiң азаматтық-құқықтық мәмiлесiн тiркеуге өтiнiм тiзiлiмiне қайтару туралы соғылған белгiмен хат ресiмдемей;

      2) қабылдағаннан кейiн тексеру барысында сәйкессiздiк байқалса, оларды аумақтық қазынашылық бөлiмшесiне берген күннен бастап екі жұмыс күнi iшiнде аумақтық қазынашылық бөлiмшесi басшысының қойылған қолымен жазбаша түрде қайтарады, бұл ретте өтiнiмнiң екiншi данасы хаттың екiншi данасымен қалады.

      "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша өтінімнің электрондық түрі оған тіркелген құжаттарға не осы Ереженің 164-171, 173-178, 180-185, 188,194, 198, 199 және 201-тармақтарында белгіленген шарт талаптарына сәйкес келмеген кезде, қазынашылықтың аумақтық бөлімшесі осы Ереженің тиісті тармақтарына сілтеме жасап, қабылдамау себептерін көрсете отырып, өтінімді қабылдамайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі