БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17020) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары бекітілсін";
Бұйрықпен бекітілген жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кадрларды көмірсутектер мен уран өндіру кезеңі ішінде оқытуды қаржыландыру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
А. Аймагамбетов |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушы |
М. Журебеков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 129-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және 178-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібін айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру деп қазақстандық кадрларды оқыту, кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау (бұдан әрі – қазақстандық кадрларды оқыту) түсініледі.
3. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру өндіру кезеңі ішінде екінші жылдан бастап жыл сайын, алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының өндіру үшін шеккен шығындарының 1 (бір) пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушының алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша өндіру үшін шеккен шығындарының 1 (бір) пайызынан асатын қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру көлемі жер қойнауын пайдаланушының келесі жылғы тиісті міндеттемелерін орындауы есебіне ескеріледі.
5. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді есептеу мақсатында алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының өндіру үшін шеккен шығындарын айқындау мына деректердің негізінде жүзеге асырылады:
Кодекстің 132-бабы бірінші абзацының 2) тармақшасында көзделген лицензиялық-келісімшарттық талаптардың орындалуы туралы есеп;
Кодекстің 180-бабы бірінші абзацының 3) тармақшасында көзделген келісімшарттық талаптардың орындалуы туралы есеп.
2-тарау. Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру және (немесе) уранды өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібі
6. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау деп жер қойнауын пайдаланушының мынадай бағыттар бойынша:
1) жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылатын қазақстандық кадрларды жер қойнауын пайдаланушының өндірістік қызметімен байланысты мамандықтар бойынша оқытуға;
2) жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын қазақстандық кадрларды оқытуға, оның ішінде орта білім беру ұйымдарының оқушыларын кәсіптік бағдарлауға;
3) қазақстандық кадрларды оқыту үшін мемлекеттік бюджетке аударылған ақшалай қаражат;
4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында жер қойнауын пайдалану саласымен байланысты мамандықтар бойынша кадрларды даярлауды жүзеге асыратын білім беру ұйымымен (оның ішінде қолданыстағы кен орындарында орналасқан оқу (тәжірибелік-зерттеу) полигондары объектілерімен) бірлесе отырып ұсынған және көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті органмен келісілген білім беру ұйымының (бұдан әрі – білім беру ұйымы) материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарлардың тізбесі (бұдан әрі – тауарлар тізбесі) бойынша жер қойнауын пайдаланушының тауарларды сатып алуына;
5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы білім беру ұйымымен бірлесе отырып ұсынған және көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті органмен келісілген тізбе бойынша білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарларды сатып алуға білім беру ұйымына жер қойнауын пайдаланушының ақшалай қаражат аударуы түріндегі нақты шеккен шығыстары танылады.
7. Жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру көлемін дербес айқындайды.
8. Жер қойнауын пайдаланушы Кодекстің 129-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында және 178-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген міндеттемелер мөлшерінің 30 % (отыз пайызына) дейінгі көлемді қаржыландыруды жүзеге асыра алады:
1) жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын қазақстандық кадрларды оқытуға:
1-ші, 2-ші және 3-ші топ мүгедектері;
жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жиырма бір жасқа толмаған, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған балалар;
көпбалалы отбасылар;
толық емес отбасылар;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушыларын энергетика саласының мамандықтары бойынша кәсіптік бағдарлауға қаржыландыруды жүзеге асыруы мүмкін.
9. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі шығыстарға Қазақстан Республикасы аумағындағы көлік шығыстары (оқу орнына жол жүру және қайту), қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) ескере отырып, тұрумен байланысты шығыстар, тәулікақы қосылады.
10. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда басқасы белгіленбесе, қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландырумен байланысты келісімшарттық міндеттемелерді орындау есебіне осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген ҚҚС-ты қоспағанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер қосылмайды.
11. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру:
1) Энергетика саласына аса қажетті мамандықтар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Тізбені көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органның келісуі бойынша қалыптастырады және интернет-ресурсында орналастырады және оны тиісті жылдың 25 қаңтарына дейінгі мерзімде жыл сайын жаңартып отыруға тиіс;
2) институционалдық немесе мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымында немесе "Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы №8 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелді) сәйкес білім туралы құжаттарды нострификациялау рәсімінен өткізу қажеттілігімен шетел оқу орындарында (оның филиалдарында) жүзеге асырылады.
12. Жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында белгіленген бағыт бойынша қаржыландыру көлемдерін айқындаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы тауарларды сатып алуды Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 196 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17122 болып тіркелген) Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына не "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарды оны сатып алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей білім беру ұйымына береді.
13. Жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында белгіленген бағыт бойынша қаржыландыру көлемдерін айқындаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы білім беру ұйымы пайдасына ақшалай қаражат аударуды жер қойнауын пайдаланушы мен білім беру ұйымы арасында жасалатын шарттың негізінде жүзеге асырады.
Мемлекеттік сатып алу субъектісі болып табылатын білім беру ұйымы тапсырыс беруші ретінде тауарларды сатып алуды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Мемлекеттік сатып алу субъектісі болып табылмайтын білім беру ұйымы тапсырыс беруші ретінде тауарларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурс негізінде сатып алады.
Білім беру ұйымы осы тармақта белгіленген тәртіппен тауарларды сатып алған күннен бастап бір айдың ішінде әрбір тауардың атауын, бағасын көрсете отырып, сатып алынған тауарлар туралы есептерді және мемлекеттік сатып алудың немесе ашық конкурстың (тендердің) қорытындылары туралы хаттамаларды жер қойнауын пайдаланушыға ұсынады.
14. Жер қойнауын пайдаланушының осы Қағидалардың 6-тармағының 4) және (немесе) 5) тармақшаларында көзделген міндеттемелерді орындауы мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы білім беру ұйымымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушының сұрау салуы бойынша тауарлар тізбесін қалыптастырады.
15. Көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган тауарлар тізбесін алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, оны келіседі не келісуден дәлелді бас тартуды береді
Келісілген жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген тауарлар тізбесін жер қойнауын пайдаланушыдан сұрау салу хаты түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей білім беру ұйымына және жер қойнауын пайдаланушыға жолдайды.
16. Жер қойнауын пайдаланушы тауарлар тізбесіне сәйкес қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді осы Қағидалардың 6-тармағының 4) және (немесе) 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілмен орындайды.
Жер қойнауын пайдаланушының білім беру ұйымының пайдасына ақшалай қаражатты нақты аударуы осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алудың немесе ашық конкурстың (тендердің) қорытындылары туралы хаттаманы ұсынғаннан кейін білім беру ұйымының сатып алуларында белгіленген сомалар шегінде жүзеге асырылады.
17. Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау шеңберінде қаражатты игермеу фактілері анықталған жағдайда, көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыны электрондық пошта және/немесе ресми хат (қағаз нұсқада) арқылы аталған фактілер туралы хабардар етеді.
18. Көмірсутектерді және (немесе) уранды өндіру кезеңі ішінде осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерін орындауын растайтын құжаттар ретінде "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 59) тармақшасына сәйкес төлем тапсырмасы және Қазақстан Республикасының азаматын оқу орнына алу туралы ресми құжаттың көшірмесі немесе осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының тауарларды сатып алуын растайтын құжаттар болып табылады.
19. Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау шеңберінде игерілмеген қаражатты жіберу осы Қағидалардың 6-тармағының 4) және (немесе) 5) тармақшаларына және (немесе) 11-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.