"Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 наурызда № 22404 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 26 қарашада жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларында:

      226-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "226. Уақытша өтемдік тариф осы Қағидалардың 241-тармағына сәйкес шешім қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып бекітіледі.";

      231-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "231. Уақытша өтемдік тарифтің қолданылуы кезеңінде субъект қажет болған жағдайда уәкілетті органның ведомствосына осы Қағидаларға сәйкес жаңа тарифті бекітуге өтініммен жүгінеді.

      Бұл ретте жаңа тарифтің деңгейін негіздеуге алынған кіріс субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушыларға оның өтеген сомасын шегерумен, шешім қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып негізсіз алынған кіріс сомасына азаяды.

      Инвестициялық бағдарламаны іске асыратын және міндеттемелері субъектінің рейтингімен тікелей байланысты кредиттік ұйымдардың қарыз қаражатын тартатын субъекті үшін тарифтік сметаның және (немесе) инвестициялық бағдарламаның орындалмауы нәтижесінде алынған сома кіріс бөлігін кеміту жолымен тарифтің деңгейін өзгертуге өтінімді қарау кезінде ескеріледі.

      Бұл ретте тарифтік сметада тарифтік сметаны және (немесе) инвестициялық бағдарламаны орындамау сомасы жеке жолда көрсетіледі.

      Уәкілетті органның ведомствосы субъектінің жаңа тарифті бекітуге арналған өтінімін қарау кезінде уәкілетті органның ведомствосы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін ескере отырып негізсіз кіріс сомасын анықтаған кезде, оны жаңа тариф деңгейін негіздеуге алынған кірістен алып тастайды.

      Уәкілетті органның ведомствосы Қағидалардың осы тармағына сәйкес жаңа тарифті бекітуден бас тартқан және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін ескере отырып негізсіз кіріс сомасын анықтаған жағдайда уәкілетті органның ведомствосы уақытша өтемдік тарифті бекіту туралы шешім қабылдайды.";

      241-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "241. Негізсіз алынған кірістің түпкілікті сомасы шешім қабылдаған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып, мынадай формула бойынша айқындалады:



      мұндағы:

      НКк – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып негізсіз алынған кіріс сомасы, теңгемен;

      НК – осы Қағидалардың 220-тармағында көзделген бұзушылықтардың түрлері бойынша негізсіз алынған кірістің жалпы сомасы;

      к – шешім қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі, пайызбен.";

      541-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "541. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру көрсетілетін қызметтерін ұсынатын субъектілер үшін пайда мөлшерлемесі отыз пайыздан аспайтын мөлшерде қабылданады.

      Қаржыландыру көздері инвестиция көлемдерінен асып түскен кезде инвестицияларды қаржыландыру көздері ретінде амортизациялық аударымдар мен қарыз қаражатының пайдаланылуы ескеріле отырып, пайда инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыру үшін қажет деңгейге дейін төмендеу жағына қарай түзетіледі.

      Егер сумен жабдықтау және (немесе) су бұру көрсетілетін қызметтеріне тарифтің жоспарлы деңгейі қосылған құн салығынсыз бір текше метр үшін екі жүз теңгеден асып түссе, пайда мөлшерлемесі тарифті бекітуге өтінім беру күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі деңгейінде қабылданады.";

      543-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "543. КОӨҚ мынадай формула бойынша айқындалады:

      ӨҚ (КОӨҚ) = ((1 – g) * re) + (g * rd),

      мұндағы:

      g – леверидж қаржыландырудың жалпы құрылымында субъектінің қарыз және меншікті капиталының ара қатынасын сипаттайтын шама, яғни негізгі құралдарға жүргізілген соңғы қайта бағалауды ескере отырып барлық капиталдың (меншікті және қарыз капиталының сомасы) құрылымындағы нақты қарыз қаражатының үлесі болып табылады. Леверидж деңгейі нөлден кем емес шама болып табылады. Субъектінің меншікті капититалының теріс мәні болған кезде леверидждің деңгейі 1-ге тең шама ретінде алынады;

      re – меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі (%);

      rd – қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі (%).

      Қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:

      rd = rf + ҚС,

      мұндағы:

      rf – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып айқындалатын тәуекелсіз мөлшерлеме;

      ҚС – субъекті шығарған және егер борыштық міндеттемелерді шығару орын алған болса, айналымның сол мерзіміне мемлекеттік бағалы қағаздарға қатысты айналымда болатын борыштық міндеттемелерге сыйлықақы негізінде айқындалатын, субъекті бойынша тәуекел үшін борыштық сыйлықақы. Басқа жағдайда ол ұқсас қызмет түрімен айналысатын және Қазақстан Республикасының аумағында осындай кредиттік рейтингі бар басқа субъектілердің борыштық сыйақыларын ескере отырып айқындалады.

      Меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:

      re = rf + ra,

      мұндағы:

      ra – меншікті капиталға тәуекел үшін сыйлықақы. Меншікті капиталға тәуекел үшін сыйлықақы тұтастай алғанда Қазақстан Республикасының қор нарығы бойынша тәуекел үшін сыйлықақы негізінде айқындалады және мынадай формула бойынша салалық бета-коэффициентке түзетіледі:

      ra = b* (15,7 % – rf),

      мұндағы:

      b – энергетика секторының салалық бета-коэффициенті. Энергетика секторы ұйымының іске қосылған активтеріне пайда мөлшерлемесін есептеу үшін салалық бета-коэффициент, олар үшін салалық бета-коэффициент 1,3 деңгейінде қабылданған "Халықтық ІPO" бағдарламасы шеңберінде акцияларын бағалы қағаздар нарығына шығаруды жүзеге асырған субъектілерді қоспағанда, 0,89 деңгейінде қабылданды.

      Акционерлік капиталға сыйақының құны қарыз қаражатына сыйақы құнынан кем емес шама болып табылады.";

      583-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "583. Бүкіл капиталға қатысты қарыз капиталының үлес салмағы елу пайыз және одан астамды құрайтын мұнай құбыры ұйымының қарыз капиталының құны мынадай формула бойынша айқындалады:



      мұндағы:

      ПМ ҚК– қарыз капиталға пайда мөлшерлемесі;

      і кредиттер – айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттерді қоспағанда, мұнай құбыры ұйымының тарифті бекітуге өтінім берген күніне немесе уәкілетті орган ведомствосының бастамасы бойынша тарифті бекіту туралы шешім қабылдау күніне алынған қаржы ресурстары бойынша мұнай құбыры ұйымының міндеттемелері;

      ҰББМ – мұнай құбыры ұйымының тарифті бекітуге өтінім берген күніне немесе уәкілетті орган ведомствосының бастамасы бойынша тарифті бекіту туралы шешім қабылдау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі;

      іЕа – мұнай құбыры ұйымының тарифті бекітуге өтінім берген күніне немесе уәкілетті орган ведомствосының бастамасы бойынша тарифті бекіту туралы шешім қабылдау күніне кредит алынған валюталы елдің бірінші деңгейдегі банкінің (орталық банк) қайта қаржыландыру мөлшерлемесі;

      і мөлшерлемесі – тиісті кредит бойынша сыйақының жылдық пайыздық мөлшерлемесі.";

      585-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "585. Магистральдық теміржол желісі және кірме жолдар көрсетілетін қызметтерін ұсынатын субъектілер үшін пайда мөлшерлемесі КОӨҚ әдісінің көмегімен есептеледі және мынадай формула бойынша айқындалады:

      ӨК (КОӨК) = ((1 – g) x r e )+(g x r d ),

      мұндағы:

      g – леверидж қаржыландырудың жалпы құрылымында субъектінің қарыз және меншікті капиталының ара қатынасын сипаттайтын шама, яғни негізгі құралдарға жүргізілген соңғы қайта бағалауды ескере отырып барлық капиталдың (меншікті және қарыз капиталының сомасы) құрылымындағы нақты қарызға алынған қаражаттың үлесі болып табылады. Леверидж деңгейі нөлден кем емес шама болып табылады. Субъектінің меншікті капититалының теріс мәні болған кезде леверидждің деңгейі 1-ге тең шама ретінде алынады;

      re – меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі (%);

      rd – қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі (%).

      Қарыз қаражатына сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:

      r d = r f + ҚС,

      мұндағы:

      rf – тәуекелсіз мөлшерлеме Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі деңгейіне тең болып алынады;

      ҚС – субъекті шығарған және егер борыштық міндеттемелерді шығару орын алған болса, айналымның сол мерзіміне мемлекеттік бағалы қағаздарға қатысты айналымда болатын борыштық міндеттемелерге сыйлықақы негізінде айқындалатын, субъекті бойынша тәуекел үшін борыштық сыйлықақы. Басқа жағдайда ол ұқсас қызмет түрімен айналысатын және Қазақстан Республикасының аумағында осындай кредиттік рейтингі бар басқа субъектілердің борыштық сыйақыларын ескере отырып айқындалады. Меншікті капиталға сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша айқындалады:

      r e = r f + r а ,

      мұндағы:

      rа – меншікті капиталға тәуекел үшін сыйлықақы. Меншікті капиталға тәуекел үшін сыйлықақыны уәкілетті органның ведомствосы белгілеген тәртіппен айқындайды. Акционерлік капиталға сыйақының құны қарыз қаражатына сыйақы құнынан кем емес шама болып табылады.";

      589-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "589. Негізгі қорлардың тозу тәуекелі (rІn) мынадай өрнектің көмегімен бағаланады:



      мұндағы:

      І – і-көрсетілетін қызметіне (жұмысына) негізгі құралдарды қалпына келтіру үшін инвестицияларға қажеттілік, амортизациялық аударымдармен жабылмайтын өткізілген тозу);

      Zқ – субъектінің инвестициялық жоспарына сәйкес, реттеу кезеңіне і-көрсетілетін қызметіне (жұмысына) негізгі құралдарды қалпына келтіруге бағытталатын қарыз қаражатының көлемі;

      Zсуб – субъектінің инвестициялық жоспарына сәйкес, жоспарланған кезеңге і-көрсетілетін қызметіне (жұмысына) негізгі құралдарды қалпына келтіруге арналған мемлекеттік субсидиялардың жылдық орташа көлемі;

      М – меншікті капитал құны;

      Сuі – негізгі құралдардың бастапқы және қалдық құнының айырмасы ретінде і-көрсетілетін қызметіне (жұмысына) негізгі құралдардың і-тобының жинақталған тозуы;

      tі – негізгі құралдардың і-тобы қызметінің нормативтік мерзімі. Мұндағы tні әрбір топтың ішінде орташа өлшенген шамалар ретінде айқындалған.

      Тәуекелсіз мөлшерлеме (rf) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің деңгейіне тең қабылданады.";

      631-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "631. Кезең шығыстары тарифтің шығындық бөлігінде былайша есепке алынады:

      1) әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары нақты, бірақ субъект персоналының нормативтік санынан аспайтын санды және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін (инфляцияны) есепке ала отырып, қолданыстағы тарифтерде қабылданған орташа айлық жалақы негізге алына айқындалады.

      Персонал санын қысқарту нәтижесінде әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары нақты үнемделген жағдайда, әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары тарифте бұрын бекітілген тарифтік сметада көзделген мөлшерде ескеріледі, ал үнемдеу сомасын субъект әкімшілік персонал жалақысының деңгейін ұлғайтуға бағыттайды.

      Мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, субъектілер басшыларының, олардың орынбасарларының, бас (аға) бухгалтерлерінің және әкімшілік персоналдың басқа да жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақылары бойынша шығындарға енгізілетін субъектілердің әкімшілік персоналының еңбегіне ақы төлеу шығыстары штат кестесіне сәйкес субъект жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларының ең жоғарғы және ең төменгі деңгейінің арасындағы он бес еседен аспайтын арақатынасы негізінде шектеледі.

      Электр және жылу энергиясының құрамдастырылған өндірісі бар энергия өндіруші ұйымдарды қоспағанда, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру, жылу энергиясын өндіру, беру саласындағы субъектілер үшін әкімшілік персоналдың еңбегіне ақы төлеу шығыстары нақты, бірақ субъект персоналының нормативтік санынан аспайтын сан және өтінім берудің алдында бір жыл бұрын статистика деректері бойынша қалыптасқан экономикалық қызмет түрлері бойынша өңірдегі орташа айлық жалақы негізге алына отырып айқындалады.

      2) кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлеріне, салықтарға, алымдар мен төлемдерге арналған шығыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасы бойынша белгіленген мөлшерлемелерге сәйкес айқындалады:

      3) негізгі құралдардың және өндірістік емес сипаттағы материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;

      4) өзге де әкімшілік шығыстар салалық ерекшеліктерді ескере отырып, растайтын құжаттардың негізінде тарифтің шығындық бөлігіне енгізіледі.

      Өзге де әкімшілік шығыстар консалтингтік, маркетингтік көрсетілетін қызметтердің және мердігерлік тәсілмен жүргізілетін жөндеу жұмыстарының шығыстарын және бөгде ұйымдар жүзеге асыратын салалық ерекшеліктерге байланысты басқа да көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ іссапар шығыстарын және әкімшілік персоналдың байланысқа, мерзімдік баспасөзге, қызметтік автокөлікті ұстауға, ақпараттық, консультациялық көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстарын қамтиды.

      Табиғатты қорғауға арналған шығыстар, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемақы өзге де шығыстарға қосылады және мөлшерлемелер мен алымдар мөлшерін ескере отырып айқындалады.

      Өндірістік қажеттілікке байланысты әкімшілік персоналдың біліктілігін арттыруға арналған шығыстар мұндай қажеттілікті растайтын құжаттарды ұсынған кезде кезең шығыстарында ескеріледі.

      Өндірістегі өнертапқыштыққа және өнертабыстыққа байланысты шығыстар реттеліп көрсетілетін қызметтердің шеңберінде экономикалық негізделген материалдар болған кезде кезең шығыстарына қосылады.

      5) субъектінің инвестициялық жобасын іске асыру үшін қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлеуге арналған шығыстар субъект банкпен жасалған шартты ұсынған кезде кезең шығыстарына (негізгі борышты және пайыздарды өтеу графигін қоса бере отырып) қосылады және былайша анықталады:

      инвестициялық жобаны іске асыру үшін ұлттық валютада алынған қарыз қаражаттары бойынша сыйақы төлеуге арналған шығыстар тарифті есептеу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2,5 еселік базалық мөлшерлемесі қолданыла отырып есептелген сома шегінде ескеріледі.

      инвестициялық жобаны іске асыру үшін шетелдік валютада алынған қарыз қаражаттары бойынша сыйақы төлеуге арналған шығыстар тарифті есептеу кезінде Лондон банкаралық нарығының төрт еселік мөлшерлемесі қолданыла отырып есептелген сома шегінде ескеріледі.

      Шетелдік валютада алынған қарыз қаражаттары үшін сыйақы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштерінің және Қазақстан Республикасы республикалық бюджетінің болжамды көрсеткіштерінің негізінде шетелдік валютаға теңге бағамының болжамды өзгеруі ескеріле отырып, тарифтің шығындық бөлігінің кезең шығыстарында ескеріледі.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі мен Лондон банкаралық нарығының мөлшерлемесі субъектінің тарифін және тарифтік сметаларын бекіту жөнінде шешім қабылданған күніне қолданылады.".

      2. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология, геология

      және табиғи ресурстар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрлігі