Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 19.08.2024 № 64 (20.08.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) 718-бабының 2-тармағына, "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8306 болып тіркелген, 2013 жылғы 18 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшері:
екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін банк қарыздары бойынша – кепілсіз банк қарыздары бойынша 56 (елу алты) пайыз; кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздары бойынша 40 (қырық) пайыз; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 (жиырма бес) пайыз;
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша – 56 (елу алты) пайыз болып бекітілсін.
Банк қарызы шартын, микрокредит беру туралы шартты жасау, банк қарызын берумен және қызмет көрсетумен байланысты банк қарызы, микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды.".
2. "Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 209 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19715 болып тіркелген, 2019 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні:
мүлік кепілімен қамтамасыз етілген – берілген микрокредит сомасының 20 (жиырма) пайызы мөлшерінде;
мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген – берілген микрокредит сомасының 30 (отыз) пайызы мөлшерінде белгіленсін.".
3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |