"Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығына өзгерістер е

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 9 наурыздағы № 72 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 10 наурызда № 22315 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10476 болып тіркелген, 2015 жылғы 3 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Н. Ногаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2021 жылғы 9 наурыздағы
№ 72 Бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 117 бұйрығымен
бекітілген

Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі – жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      2) жүйелік оператор – орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмысты қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы қызметтер сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      3) жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесі – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін параметрлері бар елді мекеннің жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне құбыржолдың қиылысатын ең жақын нүктесі;

      4) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін технологиялық жағынан қажетті, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым жиынтығы;

      5) тапсырыс беруші (инвестор) – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасын іске асыруға ниеті бар және (немесе) кіріскен тұлға;

      6) электр желілеріне ең жақын қосу нүктесі – жаңартылатын энергия көздерін немесе қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның энергетикалық қондырғысын энергия беруші ұйымның кернеу класы бойынша сәйкес келетін электр желісімен физикалық қосудың ең жақын орны.

      3. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жаңадан салынған объектілер, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі реконструкцияланған объектілер пайдалануға беру мерзіміне қарамастан, энергия беруші ұйымның кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.

2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау тәртібі мен мерзімдері

      4. Электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін анықтауға инвестордың өтінімі энергия беруші ұйымға еркін нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) қондырғының атауы мен түрі;

      2) учаскенің қолайлы орналасуы;

      3) барлық қондырғының рұқсат етілген қуаты (Соs көрсете отырып, ең жоғары мегаватта және (немесе) мегаваттарда (бұдан әрі – МВт), мегавольтамперлерде);

      4) ұсынылатын энергия қондырғысы пайдаланатын технология;

      5) пайдалануға берудің болжамды күні;

      6) мегавольтампердің, МВт-ның номиналды мәні, бойлық осі бойынша өтпелі реактивтік кедергісі, қысқа тұйықталу қатынасы, синхронды генераторлары (қозғалтқыштары) бар энергия қондырғысы инерциясының тұрақтысы;

      7) жоғарылататын трансформатордың мегавольтамперінің номиналды мәні және тікелей реттіліктің реактивтік кедергісі (тармақтардың мах/міn кезінде);

      8) станцияның кернеу реттегішінің түрі мен сипаттамасы.

      5. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтердің толықтығын тексереді.

      Инвестор осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынбаған жағдайда, энергия беруші ұйым олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімді қайтарады. Инвестор өтінім қайтарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде өтінімді осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында өтінімді жетіспейтін мәліметтермен толықтырады және/немесе энергия беруші ұйымның ескертулерін жояды.

      6. Энергия беруші ұйым осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынған кезде инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындайды және инвесторды жазбаша нысанда хабардар етеді.

3-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау тәртібі мен мерзімдері

      7. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындауға арналған өтінімі энергия беруші ұйымға еркін нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) пайдаланылатын жаңартылатын энергия көзінің түрі, жылу желілеріне қосудың ұсынылатын нүктесі, босатылатын жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;

      2) жылу көздерінің параметрлері және басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып қосатын нүктелердегі гидравликалық режимі;

      3) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша талаптар;

      4) жылу желілерін салу тәсілі (жерүсті немесе жерасты);

      5) жылыту-желдеткіш және технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;

      6) температуралық кесте және желілік судың шығыны;

      7) салынатын немесе реконструкцияланатын жылу желілерінің теңгерімдік және пайдалану тиесілігі және тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.

      8. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген мәліметтердің толықтығын тексереді.

      Инвестор осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынбаған жағдайда, энергия беруші ұйым олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімді қайтарады. Инвестор өтінім қайтарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында өтінімді жетіспейтін мәліметтермен толықтырады және/немесе энергия беруші ұйымның ескертулерін жояды.

      9. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмейтін мерзімде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындайды және инвесторды жазбаша нысанда хабардар етеді.

4-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу тәртібі мен мерзімдері

      10. Техникалық шарттарды энергия беруші ұйым техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде береді.

      11. Инвестордың техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау нәтижесі бойынша энергия беруші ұйым өтінім түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, энергия беруші ұйым айқындаған қосу нүктесін, қосу бойынша жұмысты аяқтаудың болжамды күнін көрсете отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр немесе жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды береді.

      Техникалық шартты беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.

      12. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі оларды инвестор қабылдағаннан кейін тараптардың уағдаластығы бойынша, бірақ қолданыстағы жобалау және құрылыс нормалары негізінде айқындалған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау алдындағы зерттеулер, жобалау және салу кезеңі үшін қажетті мерзімнен кем емес мерзім белгіленеді және 3 жылдан аспайды.

      13. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін энергия беруші ұйымның желілеріне қосу кешенді сынақтар бағдарламасын жүйелік оператормен келісіп, техникалық шарттар толық көлемде орындалғаннан кейін жүргізіледі.