Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-246/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 желтоқсанда № 21776 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 110-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын талаптары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 122 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10952 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 1 маусымда жарияланған) және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 3 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-9 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 2-тармағының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17501 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 15 қазанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 10 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-246/2020
бұйрығымен бекітілген

Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын талаптар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 110-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды (бұдан әрі – темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар) темекі бұйымдарын тұтыну процесінде бөлінетін ластанудың көрші үй-жайларға енуіне кедергі келтіретін есікпен немесе осыған ұқсас құрылғымен жабдықталған жеке үй-жайларда орналастырады.

      Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды кабиналар түрінде орналастыруға жол беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындардың сыртқы жағында көрінетін жерлерде "Темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орын" деген жазба немесе белгі орналастырылады.

      4. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда сусындарды және тамақты ішуге жол берілмейді.

      5. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар:

      1) темекі бұйымдарын тұтыну процесінде бөлінетін ластануларды ассимиляциялауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ ластанған ауаның жапсарлас үй-жайларға енуіне кедергі келтіретін механикалық іске қосылатын ішке сору-сыртқа тарату желдеткіш жүйесі бар жабық үй-жайларда желдетудің жалпы сыртқа тарату жүйесінен бөлек;

      2) күлсалғыштармен және (немесе) темекі тұқылдарды жинауға арналған арнайы урналармен және өрт сөндіргіштермен жабдықталады (көлемі 5 килограмнан кем емес). Темекі тұқылдары мен сіріңкелерді сөндіруді қамтамасыз ету мақсатында урналарды құммен және басқа да жанбайтын сіңіргіш материалдармен толтыруға жол беріледі;

      3) үй-жайда темекі түтінінен және (немесе) иісінен арылуға мүмкіндік беретін құралдарды орналастыруға жол беріледі.

      6. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті ылғалды жинау жүргізіледі. Урналар мен күлсалғыштар күн сайын және толуына қарай темекі тұқылдардан және қоқыстан босатылады, жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып күнделікті жуылады.

      7. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар темекі шекпейтіндердің темекі бұйымдарын тұтыну процесінде бөлінетін ластанумен байланысын болдырмау мақсатында санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардан оқшауланады.

      8. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда көрінетін жерлерде жазбалар және (немесе) пиктограммалар түрінде темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы, сусындар, тамақты, қорқорға арналған темекіні және қорқор қоспасын тұтынуға тыйым салынатыны туралы ақпарат орналастырылады, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді тұтынудың зияны туралы ақпараттық материал ұсынылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.06.2024 № 38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.