Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69-қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қарашада № 21693 болып тіркелді

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 30-1-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпарат және киберқауіпсіздік қызметі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін ережелерді қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
К. Масимов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2020 жылғы 27 қазаны № 69-қе
бұйрығымен бекітілген

Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 30-1-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абонент – иелігінде және (немесе) қолдануында Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне міндетті түрде қосылуы тиіс объектілері бар жеке немесе заңды тұлға;

      2) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі типтегі міндеттерді шешу үшін бірге пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      3) бейнеталдау — ағынды бейнені талдау (бейнеталдау) негізінде деректерді автоматты жинау үшін компьютерлік көру әдістерін пайдаланатын бағдарламалық қамтылым немесе технология;

      4) үйлестіруші – салааралық басқаруды және Ұлттық бейнемониторинг жүйесі қатысушыларының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      5) Ұлттық бейнемониторинг жүйесі– ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін бейнекөріністер жинауды, өңдеу мен сақтауды жүзеге асыратын бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығын қамтитын ақпараттық жүйе;

      6) деректерді беру желісінің операторы – Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің қатысушылары арасында деректерді беру үшін байланыс арналарының жұмыс істеуін және дамытуды қамтамасыз ететін байланыс операторы;

      7) пайдаланушы – "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы Заңының 30-1-бабына сәйкес айқындалған, заңнамамен жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қол жеткізе алатын мемлекеттік орган;

      8) Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тізілімі - Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің абоненттері, пайдаланушылары және бейнебақылау жүйелері туралы ақпаратты қамтитын ақпараттандыру объектісі;

      9) техникалық мүмкіндіктер – пайдаланушының Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қол жеткізу мүмкіндігіне тікелей ықпал ететін белгілі шарттар мен факторлар жиынтығы;

      10) техникалық шарттар – абоненттің бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу мүмкіндігіне тікелей ықпал ететін белгілі шарттар мен факторлар жиынтығы;

      11) техникалық оператор – деректерді өңдеу орталықтарының аппараттық-бағдарламалық кешені мен технологиялық платформаларының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және оларды дамытуға қатысатын ұйым;

      12) технологиялық платформа – деректерді өңдеу орталықтарының деректерді өңдеу мен талдауға арналған бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      13) деректерді өңдеу орталығы – Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің серверлік және желілік жабдығын орналастыруға арналған мамандандырылған құрылыс.

2-тарау. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу тәртібі

1-параграф. Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне абоненттерді қосу

      3. Абоненттің бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу үшін үйлестіруші бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу қажеттілігі туралы абонентке хабарлама жібереді.

      4. Хабарламаны алғаннан кейін абонент 15 жұмыс күні ішінде техникалық операторға бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосудың техникалық шарттарын беруге өтінішті осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша келесі құжаттарды қоса ұсыну арқылы жібереді:

      1) бейнебақылау жүйесінің архитектурасы;

      2) бейнебақылау жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдардың құрамы мен саны және олардың сипаттамалары;

      3) бейнебақылау жүйесінің пайдаланылатын байланыс арналарының параметрлері;

      4) бейнесурет берілетін бейнеағын форматы;

      5) бейнебақылау құралдарын басқару командаларының жинағы;

      6) бейнебақылау құралдарын (бар болса) жайғастыруды басқару функционалы;

      7) бейнебақылау құралдарына пайдаланушылардың қолжетімділігін басқару функционалы;

      8) бейнесуреттер архивін басқару функционалы;

      9) Ұлттық бейнемониторинг жүйесі абонентінің жүйесінде пайдаланушылардың қолжетімділігін және бейнедеректер архивін басқару функционалы.

      5. Техникалық оператор осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген өтінішті алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде абонентке бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосудың 12 айдан аспайтын мерзімін көрсете отырып, техникалық шарттарды жібереді.

      6. Абонент техникалық шарттарды алғаннан кейін оларды бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық параметрлерін техникалық оператормен келісуді қамтитын техникалық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

      Абонентті бейнебақылау жүйесіне қосу осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген минималды техникалық шарттар болған кезде жүзеге асырылады.

      7. Техникалық шарттарды қамтамасыз еткеннен кейін абонент техникалық шарттарды орындау толықтығын және дұрыстығын тексеру үшін техникалық операторға өтініш жібереді. Техникалық оператор 10 жұмыс күні ішінде техникалық шарттарды орындау толықтығы мен дұрыстығын тексеруді жүргізеді және бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосуға рұқсат немесе кемшіліктерді жою қажеттілігі туралы олардың тізбесі мен жою мерзімі көрсетілген қорытынды береді.

      Абонент айқындалған кемшіліктерді жойғаннан кейін техникалық шарттарды орындау толықтығы мен дұрыстығын қайтадан тексеруді жүргізеді.

      8. Абонент бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосуға рұқсат алғаннан кейін техникалық оператор абонентпен бірлесіп (қажет болған кезде, деректерді беру желісінің операторымен) 20 жұмыс күні ішінде абоненттің бейнебақылау жүйесінен деректерді Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешеніне дейін беруді ұйымдастырады.

      9. Деректерді беруді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар аяқталғаннан кейін абонент пен техникалық оператор 10 жұмыс күні ішінде деректерді беру басталған күні көрсетілген бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу актісіне қол қояды.

      Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылған бейнебақылау жүйесі мен абонент туралы ақпарат Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тізілімінде көрсетіледі. Техникалық оператор осы актінің көшірмесін үйлестірушінің мекенжайына жібереді.

      10. Абоненттің бейнебақылау жүйелерін қосуы деректерді беру желісі операторының байланыс арналарын пайдалана отырып немесе техникалық мүмкіндіктер болған кезде абоненттің не пайдаланушының меншікті байланыс арналарымен жүргізіледі және Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тізілімінде көрсетіледі.

      Техникалық оператор мен деректерді беру желісі операторының өзара іс-қимыл шарттары осы Қағидалардың талаптары ескерілген келісімде айқындалады.

      Техникалық оператор мен абоненттің өзара іс-қимыл шарттары осы Қағидалардың талаптары ескерілген келісімде айқындалады.

      11. Иелігінде және (немесе) пайдалануында бейнебақылау жүйелері бар жеке немесе заңды тұлғалар, Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне бейнебақылау жүйесін ерікті негізде қосуға өтініш берген жағдайда, үйлестіруші қосудан дәлелді бас тарту немесе "абонент" мәртебесін беру туралы шешім жібере алады.

2- параграф. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеуі

      12. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде бейнесуреттерді жинау, өңдеу және сақтау Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің деректерді өңдеу орталықтарының аппараттық - бағдарламалық кешендері мен технологиялық платформаларын пайдалана отырып жүргізіледі.

      13. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде сақтау мерзімі кемінде 7 жылды құрайтын ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз ету міндеттерін шешу шеңберіндегі оқиғалар (уақиға) бойынша бейнесуреттерді қоспағанда, Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде бейнесуреттерді сақтау мерзімі 30 тәулікті құрайды.

      14. Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қатысушылар үйлестіруші, техникалық оператор, пайдаланушы, деректерді беру желісінің операторы мен абонент болып табылады.

      15. Үйлестіруші мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) Ұлттық бейнемониторинг жүйесін құру, дамыту мен жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ұйымдастыру; техникалық оператор көрсететін қызметтердің тізбесін мемлекеттік органдармен келісу және бекіту;

      2) техникалық оператор мен деректерді беру желісінің операторы, техникалық оператор мен абонент арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімдердің жобасын келісу;

      3) абоненттердің сұрау салуларын қарау мен Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес және осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, ресми жауап беру;

      4) ерікті негізде қосылуға өтініш берген меншігінде, жедел басқаруында немесе шаруашылық жүргізуінде бейнебақылау жүйелері бар меншік иелерінің немесе иеленушілерінің бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосуды келісу;

      5) мемлекеттік органдардың архивтік деректер алуға сұрау салуларын қарау және ақпаратты берудің құқықтық негіздемелерінің болуын тексеру; мемлекеттік органға сұрау салынған ақпаратты немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, оны беруден дәлелді бас тартуды жолдау;

      6) басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жедел-кезекшілік қызметінің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      7) Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеуі үшін байланыс арналарын ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

      16. Техникалық оператор мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің абонентіне, пайдаланушыларына келесі қызметтерді көрсету:

      бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу бойынша техникалық шарттарды беру;

      пайдаланушыларға Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алудың техникалық мүмкіндіктерін беру;

      бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу;

      пайдаланушыларға Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік беру;

      2) Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің деректерді өңдеу орталықтарының аппараттық-бағдарламалық кешендері мен технологиялық платформаларына жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және қолдап отыруды жүзеге асыру; Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қатысты штаттан тыс оқиғалар (авариялық) және жүргізілетін жоспарлы регламенттік жұмыстар туралы пайдаланушыларды уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету; үйлестірушіге Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеуі туралы кешенді есепті мерзімді түрде жолдау; үйлестірушіні Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде туындаған штаттан тыс жағдайлар туралы хабардар ету;

      3) үйлестіруші мен техникалық оператор, техникалық оператор мен деректерді беру желісінің операторы, техникалық оператор мен абонент, техникалық оператор мен пайдаланушы арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімдерді әзірлеу;

      4) абоненттердің бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық шарттарын беруге өтініштерін қарау; бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу мерзімін белгілеу және абонентке техникалық шарттарды жіберу; бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық параметрлерін келісу; техникалық шарттарды орындау толықтығын және дұрыстығын тексеру; бейнебақылау жүйесін қосуға рұқсат немесе айқындалған кемшіліктерді жою қажеттілігі туралы қорытынды беру; деректерді абоненттен деректерді өңдеу орталығының аппараттық-бағдарламалық кешеніне дейін беруді ұйымдастыру; Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу;

      5) пайдаланушылардың қолжетімділік алудың техникалық мүмкіндіктерін беруге өтініштерін қарау; пайдаланушылардың Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алудың техникалық мүмкіндіктерін тексеру және техникалық параметрлерін анықтау; байланыс арналары мен өзге техникалық құралдарды құру, жаңғырту, монтаждау, баптау жөніндегі іс-шараларды келісуді қамтитын техникалық мүмкіндіктер жасауды ұйымдастыру; деректерді пайдаланушыдан Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешеніне дейін және Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешенінен пайдаланушыға дейін беруді ұйымдастыру;

      6) Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс қабілеттілігін басқару, бақылау мен жұмыс істеуіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің ақпараттық (кибер) қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу және ақпараттық (кибер) қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету үшін кезекшілік қызметінің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      7) осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, деректерді Ұлттық бейнемониторинг жүйесінде сақтауды қамтамасыз ету.

      17. Деректерді беру желісінің операторы мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен және шарттарда Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеуі үшін байланыс арналарын ұйымдастыру; байланыс арналары мен өзге техникалық құралдарды құру, жаңғырту, монтаждау, баптау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      2) байланыс арналарына жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және қолдап отыруды жүзеге асыру; байланыс арналарына қатысты жүргізілетін жоспарлы регламенттік жұмыстар туралы техникалық операторды уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету; техникалық операторға байланыс арналарының жұмыс істеуі туралы кешенді есепті мерзімді түрде жолдау; байланыс арналарында орын алған инциденттер туралы техникалық операторды хабардар ету;

      3) техникалық оператор мен деректерді беру желісінің операторы арасындағы өзара іс-қимыл талаптарын айқындайтын өзара іс-қимыл келісімін әзірлеуге қатысу;

      4) байланыс арналарының жұмыс қабілеттілігін басқару, бақылау мен жұмыс істеуіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесі байланыс арналарының ақпараттық (кибер) қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу және ақпараттық (кибер) қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету үшін кезекшілік қызметінің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

      18. Абонент мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) бар бейнебақылау жүйесін осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен және шарттарында Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу мүмкіндігін;

      2) бейнебақылау жүйесі мен деректерді берудің техникалық құралдарына жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және қолдап отыруды жүзеге асыру; бейнебақылау жүйесі мен деректерді берудің техникалық құралдарына қатысты жүргізілетін жоспарлы регламенттік жұмыстар туралы техникалық операторды уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайлармен бейнебақылау жүйелерін өшіру және бейнебақылау жүйесі мен деректерді берудің техникалық құралдарында орын алған инциденттер туралы техникалық операторды хабардар ету;

      3) бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық шарттарын беруге өтініштер жіберу; бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық параметрлерін техникалық оператормен келісуді қамтитын техникалық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету; техникалық шарттарды орындау толықтығы мен дұрыстығы тексерілгеннен кейін кемшіліктерді жою;

      4) техникалық оператор қол қойған өзара іс-қимыл келісімдерінде көрсетілген және (немесе) бейнебақылау жүйесін Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу актісінде қамтылған мәліметтердің өзгергені туралы техникалық операторды уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету;

      5) өтпелі және ілеспелі жабдық үшін тұрақ-орнын, электрмен қоректендіру мен салқындатуды қамтамасыз ету, өтпелі жабдықтың физикалық қауіпсіздігін, сондай-ақ жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүргізу үшін оған тәуліктік рұқсатты ұйымдастыру.

      19. Пайдаланушылар мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділікті ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін пайдалану;

      2) техникалық оператор қол қойған өзара іс-қимыл келісімдерінде көрсетілген және (немесе) Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қол жеткізу актісінде қамтылған мәліметтердің өзгергені туралы техникалық операторды уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ету.

      20. Пайдаланушылар Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне техникалық оператормен бірлесіп үйлестіруші қамтамасыз ететін үздіксіз қолжетімділікке ие болады.

      Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеуі нәтижесінде алынған мәліметтерді қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда ғана шектеледі.

      Техникалық оператор және/немесе үйлестірушінің пайдаланушымен өзара іс-қимыл шарттары осы Қағидалардың талаптары және пайдаланушының қызметін реттейтін заңнамалар ескерілген келісімде айқындалады.

3-параграф. Қолжетімділік және архивтік ақпаратты алу тәртібі

      21. Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылу үшін үйлестіруші мен техникалық оператор пайдаланушыға оның осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініші негізінде қолжетімділік береді.

      22. Техникалық оператор осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген өтінішті алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде техникалық мүмкіндіктерді тексеріп, Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алудың 12 айдан аспайтын мерзімін көрсете отырып, үйлестірушіге техникалық параметрлерді жібереді.

      Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділікті ұзарту осы параграфта белгіленген Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылу тәртібінде жүзеге асырылады.

      23. Техникалық оператордан Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алудың техникалық параметрлерін алғаннан кейін үйлестіруші 10 жұмыс күні ішінде шешімнің көшірмесін техникалық операторға жіберіп, пайдаланушыға Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің техникалық мүмкіндіктерінен шығатын Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алуға рұқсат береді.

      24. Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алғаннан кейін техникалық оператор, пайдаланушы және, қажет болған кезде, деректерді беру желісінің операторы байланыс арналары мен өзге техникалық байланыс құралдарын құру, жаңғырту, монтаждау және баптау жөніндегі іс-шараларды қамтуы ықтимал техникалық мүмкіндіктер жасауды ұйымдастырады.

      25. Техникалық мүмкіндіктерді жасағаннан кейін пайдаланушы мен техникалық оператор 10 жұмыс күні ішінде өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қояды.

      26. Өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылғаннан кейін техникалық оператор 10 жұмыс күні ішінде алған рұқсатқа сәйкес Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешенінен пайдаланушыға дейін деректерге қолжетімділікті ұйымдастырады.

      27. Қолжетімділік алуды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар аяқталған соң пайдаланушы мен техникалық оператор 10 жұмыс күні ішінде деректер беруді бастау күні көрсетілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қолжетімділік алу актісіне қол қояды. Техникалық оператор осы актінің көшірмесін үйлестірушінің мекенжайына жолдайды.

      28. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда архивтік ақпаратты алу үшін мемлекеттік органдар болып табылатын абоненттер үйлестірушіге екі ақпарат тасығышты қоса бере отырып, ақпарат алуға дәлелді сұрау салу жібереді.

      29. Үйлестіруші осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген сұрау салуды алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде құқықтық негіздемелер мен техникалық мүмкіндіктердің болуын тексереді және бірінші ақпарат тасығышта абонентке сұрау салынған ақпаратты немесе оны беруден бас тарту туралы дәлеледі жауап жібереді.

      30. Екінші тасығыш пен сұрау салудың және жауаптың көшірмелері кемінде 24 ай сақталып, одан кейін тиісті актіні еркін түрде ресімдей отырып, физикалық жою жүзеге асырылады.

      31. Абоненттердің осы Қағидалардың 28-30 тармақтарында көрсетілген Ұлттық бейнемониторинг жүйесінен архивтік ақпаратты алу тәртібі үйлестірушінің шешімі бойынша сұрау салуды беру рәсімін және жауап алуды электрондық форматқа көшіру есебінен автоматтандырылуы (оңайлату) мүмкін.

4-параграф. Бағдарламалық платформаны іске асыру ерекшеліктері

      32. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі құрамындағы бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру үшін бейнеталдау функцияларын іске асыратын бағдарламалық платформа ұйымдастырылады.

      33. Бағдарламалық платформада "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған міндеттерге сәйкес функционал іске асырылады.

      34. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бағдарламалық платформа Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің өтпелі жабдығын қоса алғанда, Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің деректерді өңдеу орталықтарының аппараттық-бағдарламалық кешендерінде ғана жұмыс істейді.

      35. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің өтпелі жабдығын монтаждау туралы шешімді абоненттің бейнебақылау жүйесіндегі бейнекамералар санын, қолданыстағы байланыс арналарының өткізу қабілеті мен техникалық мүмкіндікті ескере отырып, техникалық оператор қабылдайды.

      36. Абонент ведомстволық регламентке сәйкес және режимдік объектілерге қойылатын талаптарды ескере отырып, Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің өтпелі жабдығын орнату, оның физикалық тұрғыдан қорғалуы үшін ұйымдастырушылық-техникалық жағдайларды және техникалық операторға тәуліктік қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      37. Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің өтпелі жабдығын орнатуға байланысты ерекшеліктер техникалық оператор мен абонент арасындағы осы Қағидалардың талаптары ескерілген тиісті келісімде айқындалады.

  Ұлттық бейнемониторинг
жүйесінің жұмыс істеу
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Бейнебақылау жүйесін қосудың техникалық шарттарын беруге өтініш

      Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, заңды тұлғаның атауы ______________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      Бейнебақылау жүйесінің орналасу мекенжайы: __________________________________

      қаласы,____________________көшесі,______________________________________ ғимараты,

      ________________________________________________________________________ объекті

      Қосу форматы (қажеттісін белгілеу): міндетті түрде, ерікті негізде

      Өтінішке мынадай мәліметтерді қамтитын құжаттар қоса беріледі:

      1) бейнебақылау жүйесінің архитектурасы;

      2) бейнебақылау жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдардың құрамы мен саны және олардың сипаттамалары;

      3) бейнебақылау жүйесінің пайдаланылатын байланыс арналарының параметрлері;

      4) бейнесурет берілетін бейнеағын форматы;

      5) бейнебақылау құралдарын басқару командаларының жинағы;

      6) бейнебақылау құралдарын (бар болса) жайғастыруды басқару функционалы;

      7) бейнебақылау құралдарына пайдаланушылардың қолжетімділігін басқару функционалы;

      8) бейнесуреттер архивін басқару функционалы;

      9) Ұлттық бейнемониторинг жүйесі абонентінің жүйесінде пайдаланушылардың қолжетімділігін және бейнедеректер архивін басқару функционалы.

  Ұлттық бейнемониторинг
жүйесінің жұмыс істеу
қағидаларына
2-қосымша

Бейнебақылау жүйелерінің минималды техникалық шарттары

      1. Бейнекамералардың жалпы мүмкіндіктері:

      1) Айыру қабілеті (матрицаның тиімді беті) - 1920х1080 пиксельден кем емес;

      2) Битрейттің мәні - 5000 кбит/с кем емес;

      3) Бейнесигналды түрлендірудің жылдамдығы – 25 к/с кем емес;

      4) Пакеттің жоғалулары - 20% артық емес;

      5) Фокустануы - Auto / Manual (опциональды);

      6) Ең аз жарық сезімталдығы - 0,01 лк;

      7) Суретті жақсарту - WDR 120 дБ кем емес;

      8) "Күн/түн" режимі - механикалық ИК фильтрі;

      9) "Күн/түн" қайта қосу - автоматты түрде/кесте бойынша;

      10) Жұмыстың сыртқы шарттары - IP66 қорғау деңгейінен кем емес;

      11) Қорғау дәрежесінің параметрі - IK10;

      12) Бақылау аймағының шекараларында суреттің сапасы келесі аралықта белгіленеді:

      метрге 150 пиксельден кем емес – талдап тексеретін шолу камераларында,

      250 pix/m кем емес – кіру топтарында,

      50pix/m кем емес –талдап тексермейтін шолу камераларында

      2. Бейнекамералардың түріне сәйкес мүмкіндіктері:

Бейнекамералардың түрлері

Ең төменгі мүмкіндіктері

1) Стационарлық көшеде орнатылатын – шолу

Фокустық қашықтық – 2,8 – 12 мм бастап, вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/50 с артық емес,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 30 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

2) Стационарлық көшеде орнатылатын - кіру тобы

Фокустық қашықтық – 2.8 – 8 мм бастап; моторизацияланған вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/100 с артық емес, баяу ысырманы қолдау,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 30 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

3) Стационарлық көшеде орнатылатын - объектілерге/ бақылау-өткізу пункттеріне/ автокөлікті тексеру аймақтарына шығатын топ

Фокустық қашықтық – 2.8 бастап; моторизацияланған вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/250 с артық емес, баяу ысырманы қолдау,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 30 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

4) Стационарлық көшеде орнатылатын - көлік ағынының мониторингі:

Фокустық қашықтық – 2.8 – 8 мм бастап; моторизацияланған вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/5000 с артық емес, баяу ысырманы қолдау,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 50 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

5) Стационарлық іште орнатылатын - кіру тобы/ бақылау-өткізу пункттері/ келушілерді тексеру аймақтары

Фокустық қашықтық – 2.8 – 8 мм бастап; моторизацияланған вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/100 с артық емес, баяу ысырманы қолдау,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 20м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;

6) Стационарлық іште орнатылатын – шолу

Фокустық қашықтық – 2.8 – 12 мм бастап;
вариофокальды объектив,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/50 с артық емес,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 20 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;

7) Көшеде орнатылатын жылдамдықты бұрма– шолу

Фокустық қашықтық – 2.8 мм бастап, Wide-Tele вариофокальды объектив,
Ұлғайту жылдамдығы – 4.5с нашар емес,
Зум – 24x бастап оптикалық, 8x бастап цифрлық,
Диафрагма – реттелетін, F1.6 бастап,
Бұрылу диапазоны - 360°,
Бұрылу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 200°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 240°/с бастап,
Көлбеу диапазоны - 10° бастап 90° дейін немесе жақсырақ, автоматты түрде бұрылу,
Көлбеу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 120°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 200°/с бастап,
Өшіру кезіндегі жадының позициясы– иә,
Тұрғыландыру дәлдігі - 0,2°,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/25 бастап 1/30000с дейін,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 150 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

8) Іште орнатылатын жылдамдықты бұрма–шолу

Фокустық қашықтық – 2.8 мм бастап, Wide-Tele вариофокальды объектив,
Ұлғайту жылдамдығы – 4.5с нашар емес,
Зум – 24x бастап оптикалық, 8x бастап цифрлық,
Диафрагма – реттелетін, F1.6 бастап,
Бұрылу диапазоны - 360°,
Бұрылу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 200°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 240°/с бастап,
Көлбеу диапазоны - 10° бастап 90° дейін немесе жақсырақ, автоматты түрде бұрылу,
Көлбеу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 120°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 200°/с бастап,
Өшіру кезіндегі жадының позициясы– иә,
Тұрғыландыру дәлдігі - 0,2°,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/25 бастап 1/30000с дейін,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 30 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;

9) Көшеде орнатылатын жылдамдықты бұрма– автокөлік жолдары

Фокустық қашықтық – 4.3 мм бастап, Wide-Tele вариофокальды объектив,
Ұлғайту жылдамдығы – 4.5с нашар емес,
Зум – 24x бастап оптикалық, 8x бастап цифрлық,
Диафрагма – реттелетін, F1.6 бастап,
Бұрылу диапазоны - 360°,
Бұрылу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 200°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 140°/с бастап,
Көлбеу диапазоны 0° бастап 90° дейін немесе жақсырақ, автоматты түрде бұрылу,
Көлбеу жылдамдығы - қолмен: 0.1° бастап 120°/с дейін, алдын ала орнату бойынша: 200°/с бастап,
Өшіру кезіндегі жадының позициясы– иә,
Тұрғыландыру дәлдігі - 0,2°,
Электрондық ысырманың жылдамдығы - 1/25 бастап 1/30000с дейін,
Инфрақызыл жарық - қашықтығы 150 м кем емес, жарықтың әрекет ету бұрышы камераның шолу бұрышына сәйкес келеді;
Температуралардың жұмыс диапазоны -400 бастап +600 дейін;

      3. Бейнекамераларды орнату.

      1) кадрдағы кедергілерді болдырмау үшін: камераның көру алаңында шолуды жабатын және адамдарға, байқалатын объектілерге не көлік құралдарына бақылау аймағында байқаусыз қозғалуға мүмкіндік беретін заттарды алып тастау қажет. Кадрда егер бұл объектілер бақылау мақсаты болып табылмаса, теледидар экрандарының, интерактивті жарнамалық қалқандардың, айналмалы есіктердің, эскалаторлардың, тербелмелі бұтақтардың және тұрақты қозғалыс жасайтын басқа да объектілердің аймақтарын болдырмау немесе шектеу қажет;

      2) жаңадан орнатылатын бейнекамералар пайда болған кедергілерден (бейнеағынды берудің сигналдық тізбектерінен, сондай-ақ электрмен қоректендіру желілерінен) қорғанысты қамтамасыз етуі қажет, нөлдеу және жерге қосу тізбектерін ескеруі тиіс. Тіректерге бейнекамераларды орнату кезінде конструкцияның, негіздің дірілге тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

      3) объектіге іргелес аумақты мониторингтеу және бақылау мақсатында жалпы бейнебақылау үшін камераларды орнату объектінің қабырғасында немесе тіректерде кемінде 4 метр биіктікте жүргізіледі;

      4) жол жағдайының мониторингі үшін камераларды орнату 12 метрге дейінгі биіктікте, көлік құралындағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін тану үшін 6-дан 30 метрге дейінгі биіктікте жүргізіледі;

      5) кіру топтары және жаяу жүргіншілер өтпелерінде азаматтардың түрлерін әлеуетті сәйкестендіру үшін камералар 2,5 метрге дейінгі, жұмыс істеп тұрған кіру-шығу есіктерінде (басты жақта - 2 кем емес, екінші кезектегі - 1 кем емес) 3,5 метрге дейінгі биіктікте орнатылады.

      4. Объектінің сыныптамасына байланысты орнатуға ұсынылатын камералардың түрлері:

Объектілердің сыныптамасы

Бейнекамералардың түрлері (кем дегенде)

Адамдар көп жиналатын объектілердегі бейнебақылау жүйелері

1. Стационарлық көшеде орнатылатын – шолу;
2. Стационарлық көшеде орнатылатын – кіру тобы;
3. Стационарлық іште орнатылатын - кіру тобы/ бақылау-өткізу пункттері/ келушілерді тексеру аймақтары;
4. Стационарлық іште орнатылатын – шолу/ дәліздік;
5. Көшеде орнатылатын жылдамдықты бұрма– шолу;

Аула ішіндегі бейнебақылау жүйелері

1. Стационарлық көшеде орнатылатын – шолу;
2. Стационарлық көшеде орнатылатын – кіру тобы;
3. Стационарлық көшеде орнатылатын – объектіге көлікпен кіру тобы;
4. Стационарлық іште орнатылатын - кіру тобы.

Аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және қауіпті өндірістік объектілердегі бейнебақылау жүйелері

1. Стационарлық көшеде орнатылатын – шолу;
2. Стационарлық көшеде орнатылатын – кіру тобы;
3. Стационарлық көшеде орнатылатын – автокөлікпен кіру тобы/ бақылау-өткізу пункттері/ автокөлікті тексеру аймақтары; 4. Стационарлық іште орнатылатын - кіру тобы/ бақылау-өткізу пункттері;
5. Стационарлық іште орнатылатын – шолу/ дәліздік;
6. Көшеде орнатылатын жылдамдықты бұрма– шолу;

Жол қауіпсіздігін бейнебақылау жүйелері

Стационарлық көшеде орнатылатын – шолу;
Стационарлық көшеде орнатылатын – автокөлік жолдары;
Көшеде орнатылатын жылдамдықты бұрма – автокөлік жолдары.

      5. Бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері.

      1) абоненттердің бейнебақылау жүйелеріне осы Қағидалардың талаптарына сәйкес бағдарламалық қамтылымды техникалық қолдап отыруды, жаңарту мен дамытуды көздеуі қажет;

      2) мемлекеттік органдар әзірлейтін, енгізетін және қаржыландыратын бейнебақылау жүйелеріне қаржыландыру моделіне қарамастан, бейнедеректерді Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне беруді қамтамасыз етуі қажет;

      3) бейнебақылау жүйелерінде пайдаланылатын техникалық құралдардың электрмен қоректендіру көздерінен кепілді және кемінде 60 минут режимде автономды электрмен жабдықтау болуы қажет;

      6. Бейнебақылау жүйелері:

      1) 24/7/365 жұмыс режимін;

      2) дәл уақыт сигналдарын құрылғылардың, серверлердің және жұмыс станцияларының сағаттарымен синхрондауын;

      3) жүйенің барлық объектілері мен сервистері үшін қол жеткізу құқықтары мен қауіпсіздік саясаттарын орталықтандырылған басқару мен бөлуді;

      4) жүйеде барлық қол жеткізу деңгейіндегі пайдаланушылардың іс-қимылдарын автоматты түрде жазу (логтау), сондай-ақ операциялық жүйе мен дерекқоры деңгейінде өзгерістер енгізуге қол жеткізу мүмкіндігін болдырмауды;

      5) қауіпсіз желілік өзара іс-қимылды;

      6) бейнені мультипротокольды таратуды;

      7) Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне бейнефрагменттерді (бейнежазбаларды) икемдеуге келетін, автоматты түрінде жүктеудің және табыстаудың болуы;

      8) мазасыздық дабылдарды өңдеуге арналған бірыңғай интерфейсінде барлық объектілер мен жүйенің қызметтері үшін мазасыздық дабылдарды орталықтандырылған өңдеу мүмкіншілігімен дабыл хабарламаларын автоматты түрде хаттамалау және оқиғаларға әрекет ету қағидаларын жасау және баптау мүмкіншілігі;

      9) жазу сервері мен желідегі ақаулар пайда болған жағдайда жетіспейтін жазбаларды қайта қалпына келтіру мүмкіншілігі бар, бөлінген файл архивіне IP камераларынан бейне жазуды;

      10) архивтің міндетті сақталуын – күнтізбелік 30 күннен кем емес;

      11) сыртқы жүйелермен интеграциялау үшін ашық платформалық-тәуелсіз API;

      12) еркін түрінде таратылатын (ақысыз) SDK пакетінің негізінде сыртқы бейнеталдау модульдерді (сыртқы плагиндерді) қосу және меншіктілерді әзірлеу мүмкіндігін;

      13) камераларды Onvif, PSIA хаттамалары бойынша қосу мүмкіндігін;

      14) MJPEG, MPEG-4, MPEG-4 ASP, MxPEG, H.264 және H.265 кодекстерін қолдау мүмкіндігін;

      15) қозғалыс айқындалған, белгілі оқиға туындаған кезде немесе уақыт аралығында (кесте бойынша) жазу жылдамдығын ұлғайту мүмкіндігін;

      16) IP камераларымен HTTPS-қосылу мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет;

      17) Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне бас / еншілес логиканы пайдаланып, біртұтас сатыластықты ұйымдастыру жолымен қосылу мүмкіндігі мен жүйелерді өзара байланыстыруға және бейнефрагменттерді алуға мүмкіндігін;

      18) проблемаларды айқындау және өзара байланыстағы объектілерімен қашықтықтағы басқару мүмкіндігі. Еншілес жүйелер автономды сайттар ретінде жұмыс істеуі қажет, соның ішінде желілік қосылудың үзілген жағдайда;

      19) Жүйеде параллельды түрде жүктелініп қашықтықтағы объектіден алынған жазбалардың барлық құрылғылары үшін максималды өткізу қабілеттілігін орнатудың мүмкіндігі;

      20) Ұлттық бейнемониторг жүйесі арқылы бейнекамераларды қарау және басқару мүмкіндігі.

      7. Деректерді беру ортасы.

      Деректерді беру ортасы – бұл тұрақты қосылу мен деректерді беру қамтамасыз етілген оптикалық-талшықты (өткізгіш) немесе сымсыз деректерді беру желілері.

      1) бейнебақылау жүйесін, локальдық бейнебақылау жүйесін құру (жаңғырту) үшін пайдаланылатын коммутациялық жабдықты орнату кезінде желі ресурстарына қолжетімділікті, хаттамаларды маршураттауды, адрестерді трансляциялау технологиясын (NAT), Multicast және т. б. бөлу, болып жатқан оқиғаларды есепке алуды жүргізу, әртүрлі трафик түрлерін беру үшін басымдықтарды орнату (басқару арнасы, нақты уақыттағы бейнебақылау арнасы, бейне архивіне қол жеткізу арнасы және басқалар) үшін виртуалды локальдық желілер құру мүмкіндігін көздеу қажет;

      2) байланыс және деректерді беру жүйесі байланыс желілері бойынша берілетін деректерді сенімді маршруттауды және коммутациялауды қамтамасыз етуі, сондай-ақ берілетін бейнеақпараттың сапасына әсер ететін берудің кідіруі мен деректердің жоғалуын болдырмау қажет;

      3) бейнебақылау жүйесінің құрамдастары арасындағы ақпараттық алмасу хаттамалары ашық болу қажет;

      4) бейнебақылау жүйелерінде пайдаланылатын байланыс желілері мен телекоммуникациялық "түйіспелер" бейнеағынын ұстап қалу мүмкіндігін, сондай-ақ оған өзгерістер енгізуді болдырмау қажет және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болу қажет;

      5) істен шығу және техникалық қызмет көрсету себептері бойынша тұрып қалу уақыты пайдалану жөніндегі талаптар сақталған жағдайда жылына 50 сағаттан аспау қажет;

      6) ахуалдық орталықтың инфрақұрылым деңгейі ҚР Үкіметінің "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №832 қаулысына сәйкес белгіленеді;

      7) деректерді берудің және бейнесигналды камералардан бейнебақылау жүйесіне жеткізудің негізгі желілері ауа-райына, электромагниттік және өзге де пайдалану жағдайларына және деректерді ұстап алуға және мәнін ашуға төзімді ортаға тәуелді емес деректерді берудің жалғыз ортасы ретінде тіркелген оптикалық-талшықты байланыс желілері (FC) болып табылады;

      8) резервтік деректер беруді сымсыз желілермен қолдау мүмкіндігі;

      9) сымсыз желілерді пайдалану уәкілетті органдармен келісілген деректерді шифрлау хаттамаларын қолдану арқылы техникалық оператормен келісілген кезде мүмкін болады.

  Ұлттық бейнемониторинг
жүйесінің жұмыс істеу
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Қолжетімділік алудың техникалық мүмкіндіктерін беруге өтініш

      Пайдаланушының атауы: ________________________________________

      ____________________________________________________________________

      Қол жеткізу нүктесінің орналасу мекенжайы: _________________ қаласы,

      ____________________________ көшесі, ________________________ ғимараты.

      Өтінішке қол жеткізуге қажет бейнебақылау жүйелерінің тізімі және қол жеткізу құқығы көрсетілген тіркеу жазбасының саны қоса беріледі.