"Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қазандағы № 1049 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21565 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10801 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      4-тармақтың

      2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) бұйрық - тізілімде тіркелетін және тізілім бөлімдерінде есепке алу объектілері бойынша деректерді өзгертуге бағытталған іс-қимыл;";

      5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) орындаушы - мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың (бұдан әрі - Бірыңғай оператор), тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық меншік бойынша) немесе облыстық (аудандық) уәкілетті органның және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ (коммуналдық меншік бойынша) әкім аппаратының, тізілімдегі бұйрықтардың орындалуын жүзеге асыратын қызметкері;";

      7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) тіркеуші - мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы Бірыңғай оператордың, тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық меншік бойынша) немесе облыстық (аудандық) уәкілетті органның және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ (коммуналдық меншік бойынша) әкім аппаратының тізілімде бұйрықтарды тіркеу құқығы берілген уәкілетті тұлғасы;";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Тізілімді жүргізу тәртібі. Тізілімде мемлекеттік мүлікті есепке алуды ұйымдастыру";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Тізілімде мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша республикалық және коммуналдық мүліктің бөлек есебі, ал жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару деңгейлері бойынша - Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті және мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, облыстық және аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудағы коммуналдық мүліктің бөлек есебі жүзеге асырылады.";

      9-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) қоршаған ортаны қорғау, "жасыл экономиканы" дамыту, қалдықтармен жұмыс істеу (коммуналдық, медициналық және радиоактивті қалдықтарды қоспағанда), табиғат ресурстарын қорғау, олардың ұтымды пайдаланылуын бақылау және қадағалау, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын өндіру, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында басқару процестерін үйлестіру, мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрының (орман кадастры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) объектілеріне қатысты;";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Тізілім деректерінің құрылымы";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Қосымша кіші бөлімде мемлекеттік міндеттерді шешу үшін қажетті әр түрлі серпінді көрсеткіштер қамтылады:

      1) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік туралы мәліметтер;

      2) бекітіліп берілмейтін есепке алу объектілері туралы мәліметтер;

      3) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау және олардың орындалуы туралы есептер;

      4) квазимелекеттік сектор субъектілері және олардың кеңістіктік (географиялық) деректері туралы мәліметтер;

      5) мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындарды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқару тиімділігінің мониторинг нәтижелері;

      6) мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті түгендеу, паспорттау және қайта бағалау бойынша, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғалардың үй-жай алаңдарына қажеттігі туралы, мемлекеттік заңды тұлғалар орналасып отырған ғимараттардың немесе үй-жайлардың аландары, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаларды автомобильдермен қамтамасыз ету бойынша ақпарат;

      7) мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлік басқаруға беру үшін ұсынылатын есепке алынатын объектілер туралы мәліметтер;

      8) жасалған мүліктік жалдау (жалға алу) және сенімгерлік басқару шарттары бойынша, атап айтқанда шарттың талаптары, осындай шарт бойынша есептеулер, өсімпұл және бюджетке аударылған төлемдер бойынша мәліметтер;

      9) мемлекеттік меншік объектілерін сауда-саттыққа қою кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпарат пен материалдар;

      10) жасалған концессия шарттары және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мәліметтер;

      11) республикалық және коммуналдық мүлікке жататын мүлікке құқықты мемлекеттің алуы бойынша жасалған сыйға тарту шарттары жөнінде мәліметтер;

      12) мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жасалған жалға алу шарттары жөнінде мәліметтер;

      13) Ресей Федерациясына мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілген "Байқоңыр" кешеніндегі Қазақстан Республикасының мүлкі бойынша мәліметтер;

      14) жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүлік құрамына түскен мүлік бойынша мәліметтер (дереу жоюға немесе сатуға жататын мүлікті қоспағанда);

      15) кәсіпкерлік ортада мемлекеттің қатысуы орындылығын анықтау мақсатында ұйымдар және мемлекеттік кәсіпорындар бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері туралы мәліметтер;

      16) мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігі;

      17) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру шарттары жөнінде мәліметтер;

      18) аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу шарттары жөнінде мәліметтер;

      19) бастапқы су пайдалану жасалған шарттар жөнінде мәліметтер;

      20) жер пайдалану шарттары жөнінде мәліметтер;";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Тізілімнің деректерін өзгерту";

      16 және 17 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар Заңның 200-бабы 3-тармағына сәйкес ведомстволық ақпараттық жүйелерден есепке алу объектілері туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді және (немесе) ведомстволық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырады.

      17. Тізілімнің мәліметтерін өзекті етуді Бірыңғай оператор тізілімде есепке алу объектілері туралы объективті және тиісті ақпаратты көрсетуге мүмкіндік беретін жаңарту, толықтыру, өзгерту және өзге де іс-қимылдар жолымен бұйрықтарды енгізу (тіркеу) және орындау арқылы жүзеге асырады.";

      18, 19, 20, 21 және 24 тармақтар алып тасталсын;

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Мемлекеттік заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін, сондай-ақ ұйымдарды тіркеу, қайта ұйымдастыру (қайта құру, біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару), тарату, қайта тіркеу үшін:

      мемлекеттік заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ ұйымдар "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушы 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20771 болып тіркелді) көзделген нысан бойынша толтырылған және уәкілетті адам қол қойған өтініштің бланкісін Бірыңғай операторға береді;

      бірыңғай оператор өтінішті алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініште көрсетілген мемлекеттік заңды тұлға немесе ұйым бойынша тізілімде қамтылған ақпаратты тексереді, қажетті өзгерістер мен толықтыруларды тізілімге енгізеді және өтініштің бланкісіне тиісті белгіні қояды;

      мемлекеттік заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ ұйымдар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - тіркеуші орган) бірыңғай оператордың белгісі бар өтінішті береді.";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Тізілімге қолжетімділік".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Б.К. Тәшенов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Әділет министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология, геология және табиғи

      ресурстар министрлігі