"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 157-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. "Азаматты туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық тексеруді өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 481 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 5836 болып тіркелген, 2009 жылғы 13 қарашада № 174 (1771) "Заң газетінде" жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық-әлеуметтік көмек департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А. Ғиниятқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйегі № ҚР ДСМ-107/2020 бұйрығына қосымша |
Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу қағидалары
1-тарау . Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 157-бабының 4-тармағына сәйкес және адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарау жүргізу тәртібін (бұдан әрі – Қағидалар) айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) туберкулездің жұқпалы түрі – науқастың қоршаған ортаға туберкулез бактерияларын бөлуіне байланысты айналасындағыларға қауіп төндіретін туберкулездің түрі;
2) пациент – медициналық көмек көрсетуді талап ететін аурудың немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болған) жеке тұлға;
3) бактерия бөлуші – ем жүргізгенге дейін қақырық жағындысының микроскопиясы кезінде кем дегенде бір порцияда қышқылға төзімді бактериялар табылған өкпе туберкулезі бар адам.
2- тарау. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібі
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарды анықтау:
1) адамның денсаулық сақтау ұйымына, оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға жүгінген;
2) профилактикалық медициналық қарап-тексеру (мектепке, жоғары және орта оқу орнына түскенде, жұмысқа орналасқанда, нысаналық, скринингтік медициналық қарап-тексерулерде, диспансерлеуде);
3) басқа ауруларды диагностикалау мен емдеу;
4) вакцинациялау;
5) өзге де жағдайлар кезінде жүзеге асырылады.
4. Пациент міндетті тексеруден туберкулезге қарсы тексеріледі, егер ол мыналарға шағымданған болса:
1) жөтел (2 аптадан астам);
2) қақырық бөлінген жағдайда;
3) тершеңдік;
4) шаршау, әлсіреу;
5) дененің қызуы көтерілгенде;
6) қан түкіргенде;
7) тәбеті жоғалғанда, салмағы азайғанда.
Туберкулезге күдікті флюоро- және (немесе) рентгенограммасында өзгерістері бар адам шағымдан жағдайда, ол келгеннен кейін үш күннен кешіктірмей қақырығы микроскопиялық зерттеуге жіберіледі.
5. Туберкулезге зерттеп-тексеру мынадай зерттеулерді қамтиды:
1) міндетті:
қақырықты Xpert MTB RIF-ға зерттеу және қақырықты микроскопиялық зерттеу (қақырықты 2 рет зерттеу);
2) қосымша:
рентгенологиялық (флюорография, рентгенография, кеуде қуысы ағзаларының компьютерлік томографиясы);
микробиологиялық (бакөсінділер);
бронхологиялық;
қан, несеп анализдері;
ультрадыбыстық зерттеу (туберкулездің өкпеден тыс түрлері).
6. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану, туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
7. Туберкулез микобактериясын бөлетін адам мынадай жағдайларда туберкулездің жұқпалы түрімен немесе бактерия бөлуші (БК+) деп танылады:
1) микроскоппен зерттеу нәтижесінде кем дегенде қақырықтың екі талдауында қышқылға төзімді бактериялар анықталды;
2) рентгенологиялық әдіспен анықталған патологиялық өзгерістер және қышқылға төзімді бактерияларға қақырықтың бір оң сынамасы;
3) жағындыда қышқылға төзімді бактерияларды бір рет табу және туберкулез микобактериялары өсіндісінің бөлінуі.
8. Туберкулезбен ауыратын науқас медициналық бақылау мен емделуден міндетті тұрде өтеді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
9. Медицина қызметкері анықталған орны бойынша туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын әрбір науқасқа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 31) тармағына сәйкес анықталады бекіткен нысан бойынша аумақтық халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің ведомствасына шұғыл хабарлама береді.
10. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас емдеуді және оңалтуды алу үшін фтизиопульмонологиялық ұйымға емдеуге жатқызылады.
Қабылдау бөлімшесінде медицина қызметкері туберкулезбен ауыратын науқасты оның құқықтары мен міндеттері, оның ауруының сипаты, қолданылатын емдеу әдістері мен мінез-құлық қағидалары туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Бактерия бөлу (БК–) тоқтағаннан дейін науқас емдеудің амбулаториялық кезеңіне емдеуге ауыстырылады.
Туберкулезбен ауыратын науқасты емдеуді бүкіл емдеу кезеңі бойы медицина қызметкері бақылайды.
11. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқаспен байланыстағы немесе байланыста болған адамдар байланыстары анықталғаннан кейін екі аптадан кешіктірмей оларда туберкулездің бар-жоқтығын анықтау мақсатында зертттеп-қараудан өтеді.
12. Емдеуде жатқан туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған адам фтизиопульмонологиялық ұйымдарда болу режимін сақтау қажеттілігіне байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын пайдаланады.
13. Дәрігер тағайындаған, медициналық құжаттамада белгіленген емдеуден бас тартқан, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас мәжбүрлеп емдеуге жатады.