"Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 1184 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 335/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 16 қыркүйекте № 21206 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 1184 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12889 болып тіркелген, 2016 жылғы 1 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми-жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
2020 жылғы 14 қыркүйегі
№ 335/НҚ бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 1184 бұйрығымен
бекітілген

Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және куәландырушы орталықтың негізгі міндеттерін, функцияларын және қызметінің тоқтатылуын айқындайды.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің анықтығын растайтын заңды тұлға;

      2) тіркеу куәлігі – куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін беретін электрондық құжат;

      3) электрондық құжат айналымы жүйесі (бұдан әрі – ЭҚЖ) – қатысушылары арасындағы қатынастар Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі;

      4) электрондық құжат айналымы жүйесіне қатысушы (бұдан әрі – ЭҚЖ қатысушысы) – электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздестіру және тарату процестеріне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе лауазымды адам;

      5) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;

      6) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаға қолжетімді және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;

      7) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.

      3. Куәландырушы орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

2-тарау. Куәландырушы орталықтың негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Куәландырушы орталықтың негізгі міндеті электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру, сондай-ақ тіркеу куәлігінің анықтығын растау болып табылады.

      5. Куәландырушы орталық Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін заңсыз қол жеткізуден қорғау үшін шаралар қабылдай отырып, ЭҚЖ қатысушыларының өтініші бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаның кілттерін жасау;

      2) тіркеу куәліктерін беру, тіркеу, қайтарып алу, сақтау, тіркеу куәліктерінің тіркелімін жүргізу;

      3) тіркеу куәліктерін қолдану қағидаларын бекіту;

      4) қолданыстағы және кері қайтарып алынған тіркеу куәліктерін есепке алуды жүзеге асыру;

      5) Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1231 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13341 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығын, мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығын, Қазақстан Республикасы ұлттық куәландырушы орталығын және Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапын қоспағанда, куәландырушы орталықтың тіркеу куәліктерін беру, сақтау, кері қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларында белгіленген тәртіппен және және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 маусымдағы № 727 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12181 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының және Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беру, сақтау, кері қайтарып алу және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларына сәйкес куәландырушы орталық тіркеген электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау;

      6) сақтауда тұрған ашық кілттердің және (немесе) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерінің жоғалуын, модификациялануын, компрометациялануын, заңсыз пайдаланылуын және қолдан жасалуын болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау.

      6. Тіркеу куәлігін оның қолданылу мерзімі туралы ақпаратпен бірге беру электрондық құжат нысанында жүзеге асырылады.

      7. Заңның 5-бабының 13-3) тармақшасына сәйкес бекітілетін Куәландырушы орталықта электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін жасау, пайдалану және сақтау қағидаларына сәйкес куәландырушы орталықта электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін сақтауға жол беріледі.

3-тарау. Куәландырушы орталықтың қызметін тоқтату тәртібі

      8. Өз қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда куәландырушы орталық қызметі тоқтатылғанға дейін күнтізбелік отыз күн бұрын ол қызмет көрсететін барлық ЭҚЖ қатысушыларын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      9. Куәландырушы орталықтың қызметі тоқтатылған кезде, оларға берілген тіркеу куәліктері және электрондық цифрлық қолтаңбаның тиісті кілттері тіркеу куәліктерінің иелері туралы мәліметтер тіркеу куәлігінің иесімен келісім бойынша басқа куәландырушы орталықтарға тапсырылады.

      10. Осы Ереженің 8-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін басқа куәландырушы орталықтарға берілмеген тіркеу куәліктері мен электрондық цифрлық қолтаңбаның тиісті кілттері өз қолданысын тоқтатады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуы тиіс.