"Банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларын бекіту және оны ұйымдастырушыны айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 178 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 17 тамыздағы № 750 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 19 тамызда № 21108 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларын бекіту және оны ұйымдастырушыны айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 178 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10753 болып тіркелген, 2015 жылғы 28 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Банкроттың мүлкін сату бойынша электрондық аукционды өткізу қағидаларында:

      9-тармақ алып тасталсын;

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Сату жоспарын жасау кезінде сату объектілерінің бастапқы бағасын сатушы теңгерімдік құны не бағалау құнының жетпіс бес пайызы деңгейінде белгілейді.

      Дебиторлық берешек электрондық аукционға оның номиналды мәні мөлшерінде бастапқы бағамен шығарылады.";

      13-тармақ алып тасталсын;

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Мүлікті электрондық аукционға қайта шығарған кезде сатушы кредиторлар комитетінің келісімімен лоттың бастапқы бағасын алғашқы бастапқы бағасынан жиырма бес пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетеді. Алғашқы бастапқы бағаны төмендету бір рет қана рұқсат етіледі.

      15. Объектінің бастапқы бағасы бағалау құнының жетпіс бес пайызы деңгейінде белгіленген жағдайда, сатушы бағалаушының тартуын осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның интернет-ресурсында борышкердің мүлкін бағалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстың өткізілетіні туралы ақпараттық хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде жариялай отырып, баға ұсыныстарын сұрату әдісімен конкурстық негізде жүргізеді.

      Уәкілетті орган банкроттың мүлкін бағалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөнінде конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламаны сатушы ұсынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      Баға ұсыныстары бар конверттерді кредиторлар жиналысы немесе комитеті белгілеген мерзімде ашу конкурстық комиссияның отырысында жүзеге асырылады. Ең төмен бағаны ұсынған бағалаушы жеңімпаз болып танылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев