Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 275 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 31 наурызда № 20215 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 72-бабы 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 22 шілдедегі № 383 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14160 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылы 9 қыркүйекте жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 31 наурыздағы № 213 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрықтары тізбесінің 2-тармағының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15096 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 13 маусымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
Бірінші Орынбасары -Қаржы министрі
А. Смаилов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің Бірінші
Орынбасары – Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2020 жылғы 16 наурызы
№ 275 бұйрығымен
бекітілді

Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалары) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 72-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және салықтық бақылауды жүзеге асыру барысында жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау (бұдан әрі – жанама әдіс) тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау, салық декларацияларында көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығын айқындау мақсатында жеке тұлғаға қатысты салықтық бақылауды жүзеге асыру барысында қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Қағидалардың күші дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға қатысты оның осындай қызметті жүзеге асыру кезеңіне қолданылмайды.

      4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының арнайы ұғымдары мен терминдері Салық кодексінің тиісті баптарында айқындалатын мағынасында пайдаланылады.

2-тарау. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау тәртібі

      5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары (бұдан әрі – МКО) Салық кодексінің 72-бабы 6-тармағына сәйкес жеке тұлғаның кірісін айқындаудың жанама әдісінің мынадай түрлерін:

      1) активтердің құн өсімі әдісін;

      2) шығындарды есепке алу әдісін;

      3) банк шоттарындағы қаражаттың қозғалысын есепке алу әдісін қолданады.

      МКО қажет болған жағдайда, Қағидалардың осы тармағында көрсетілген әдістер жиынтығын пайдаланады.

      6. Жанама әдіспен айқындау мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) объектілерді айқындау;

      2) объектілерді бағалау;

      3) жеке тұлғаның кірісін есептеу.

      7. МКО объектілерді айқындау үшін:

      1) жеке тұлғаның банк шоттарындағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы, жеке тұлғаға берілген кредиттер және ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша сыйақыны өтеуге арналған шығыстар туралы;

      2) Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлік туралы, медициналық және білім беруге арналған шығыстар туралы, жеке тұлғалардың мәмілелері мен шарттары, оның ішінде сақтандыру шарттары, жеке тұлғалардың бағалы қағаздармен, биржалық тауарлармен мәмілелері туралы және әлеуметтік төлемдер бойынша аударымдар мен төлемдер туралы;

      3) Салық кодексінің 294-бабы 3-тармағына сәйкес айқындалатын шет мемлекеттегі мүлік, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мүлік туралы;

      4) жеке және заңды тұлғалар табыс еткен салық есептілігі нысандарынан;

      5) салықтық және кедендік бақылаудың, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәмілелер жасасқан және (немесе) жеке тұлғада есеп айырысу бойынша дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешек пайда болған тұлғаларға қатысты өзге де нысандарының нәтижелері бойынша алынған;

      6) құжаттамалық расталған басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді пайдаланады.

      8. МКО объектілерді айқындау мақсатында:

      1) банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және өзге де ұйымдарға;

      3) қолданыстағы халықаралық шарттар негізінде ақпарат алмасу шеңберінде шет мемлекеттердің құзыретті органдары немесе осындай ақпарат бар халықаралық ұйымдарға сұрау салулар жолдайды.

      9. Мәлімет көздері мән-жайларға, жеке тұлға қызметінің сипаты мен түріне қарай әрбір нақты жағдайда ерекшеленуі мүмкін.

      10. Объектілерді бағалау салық есептілігінен және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттардан, сондай-ақ басқа да көздерден алынған ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.

      11. Жеке тұлғада активтердің, оның ішінде аяқталмаған құрылыс объектілердің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің, материалдық емес активтердің, жылжамайтын инвистициялардың және өзге де мүліктің бағасын растайтын құжаттар болмаған кезде осы жеке тұлғаның кірісіне көрсетілген активтің нарықтық бағасы қосылады.

      Объектілердің нарықтық құны МКО тартатын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын бағалаушы есебінің негізінде айқындалады.

      12. МКО жанама әдістер негізінде айқындаған объектілер туралы мәліметтері жеке тұлғаның салық декларацияларында көрсетілген тиісті деректермен салыстырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Салықтық бақылау кезінде жеке тұлғаның декларацияларында көрсетілген сомалар қабылданады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13-1. Жеке тұлғаның Салық кодексінің 635-бабында белгіленген мерзімде кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырмауы осындай жеке тұлғада:

      жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістердің;

      мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісінің болмағанын растау болып есептеледі.

      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Егер жеке тұлғаның салық декларацияларында көрсетілген кірістері, жеке тұтынуға, оның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарына сәйкес келмесе МКО кіріс пен салықты, өткен кезеңдердегі кірістерін ескере отырып, оның жұмсаған шығыстары негізінде айқындайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 18.03.2021 № 231 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау нәтижелері салықтық тексеру жүргізу және (немесе) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асыру барысында пайдаланылады.