Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 112 "Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 221 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 18 наурызда № 20133 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 112 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10488 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 2 сәуірде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      бұйрықтың преамбуласы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-30) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2020 жылғы 16 наурыздағы
№ 221 бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 13 ақпандағы
№ 112 бұйрығымен
бекітілген

Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 11 сәуірдегі "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағының 70-30) тармақшаларына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит қызметін жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу тәртібін айқындайды.

      2. Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеуді азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады.

2-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      3. Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптама ұйымдарын аккредиттеу аттестатын (бұдан әрі – Аккредиттеу) алу үшін заңды және жеке тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетіне (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) "Е-лицензиялау" Мемлекеттік деректер қоры "ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – Портал) "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес электрондық құжат нысанында өтініш береді.

      Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаның нысанында мемлекеттік қызмет стандартында (бұдан әрі – Стандарт) баяндалған.

      Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, ғимараттың немесе үй-жайдың бар-жоғы, көрсетілетін қызмет алушы жұмыскерлерінің білімі және еңбек қызметі (көрсетілетін қызметті алушы жұмыскерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін көрсеткен кезде) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінішті қарау мәртебесі туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініш бергеннен кейін көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері өтінішті Порталда тіркеуді жүзеге асырады, көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды қабылдау туралы хабарлама алады, көрсетілетін қызметті берушінің басшысы өтінішті орындаушыны анықтайды. Көрсетілетін қызметті алушы еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      4. Көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы көрсетілген мерзімде көрсетілетін қызметті беруші басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қолы қойылған электрондық құжат нысанында өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы Аккредиттеу аттестатын алу үшін құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы төрт жұмыс күні ішінде құжаттарды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 13 ақпандағы № 110 бұйрығымен бекітілген Сараптама ұйымдарына қойылатын рұқсат беру талаптарына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10496 болып бекітілген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 2 сәуірде жарияланған) сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Орындаушы көрсетілетін қызметті алушыға тиісті тексеру жүргізілгеннен кейін қағаз форматта аттестат беру құқығына арналған құжаттарды қоса бере отырып, көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына баянат немесе аттестат беруден дәлелді бас тарту жасайды және Порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін қалыптастырады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің басшысы бір жұмыс күні ішінде электрондық нәтижеге қол қояды және оны Портал арқылы беруді жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті беруші "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

      Ақпараттық жүйенің ақауы болған жағдайда, электрондық байланыс болмаған немесе хабарламаларды жіберуге кедергі келтіретін өзге де жағдайлар туындаған кезде, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті бөлімшесі техникалық істен шығудың пайда болуы анықталған сәттен бастап көрсетілген себептерді анықтау және жою үшін (жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін) шаралар қабылдайды.

      Хабарламаларды жөнелтудің бір сағаттан артық кідіруіне әкеп соғатын авариялық жағдайдың әрбір жағдайын көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті бөлімшесінің жауапты орындаушысы арнайы журналда тіркейді.

      5. Қызметті беруші көрсетілген мерзімде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына тиісті аккредиттеу аттестатын бірмезгілде бере отырып, Стандартқа сәйкес аттестаттау жөніндегі өзінің шешімі туралы не аттестаттаудан дәлелді бас тарту туралы өтініш берушілерді хабардар етеді.

      6. Аттестаттау нәтижелері осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сараптама ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне енгізіледі және ведомствоның сайтына орналастырылады.

      7. Аккредиттеуді өткізу үшін құжаттар, сондай-ақ оның нәтижелері іске қалыптастырылады.

      8. Аттестаттың қолданылуы мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:

      1) ұйымның аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы өтініш беруі (еркін нысанда);

      2) заңды тұлғаны тарату.

3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      9. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға берілуі мүмкін.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

  Өрт қауіпсіздігі саласындағы
аудит жөніндегі қызметті
жүзеге асыруға сараптама
ұйымдарын аккредиттеу
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігінің
Төтенше жағдайлар комитетінің
төрағасына
_______________________

Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы өтініш

      Сізден қоса беріліп отырған құжаттар тізбесін қарауды және

      ____________________________________________________________________

                              (ұйымның атауы)

      өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына аттестат беруіңізді сұраймын.

      Ұйымның орналасқан жері:_____________________________________________

      Заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы

      куәліктің № және күні_________________________________

      ЖСН/БСН__________________________

      Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      Басшы__________________________________________________

                        (тегі, аты, әкесінің аты болған жағдайда)

      _____________________________

                        (күні)

  Өрт қауіпсіздігі саласындағы
аудит жөніндегі қызметті
жүзеге асыруға сараптама
ұйымдарын аккредиттеу
қағидаларына
2-қосымша

"Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі сараптама ұйымдарын аккредиттеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Қызмет берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті.

2

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері(каналдары)

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:
www.egov.kz "электрондық үкіметтің"
веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызмет көрстеу мерзімі

7 жұмыс күні.

4

Мемлекеттік қызмет көрстеу нысаны

Электрондық.

5

Мемлекеттік қызмет көрстеу нәтижесі

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына аккредиттеу аттестатын беру
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық.

6

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және мемлекеттік қызметті көрсету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері.

Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.

7

Жұмыс графигі

1) қызымет беруші 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес мереке және демалыс күндерін қоспағанда дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09.00-ден сағат 18.30-ға дейін, сағат 13.00-ден сағат 14.30-ға түскі үзіліспен.
2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Кодекске сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурстарында: www.mvd.gov.kz, www.emer.gov.kz;
2) "электрондық үкімет" веб-порталында: www.egov.kz, www.elicense.kz ескерту.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қолы қойылған электрондық сұрау салу.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері

1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталғанда;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдар мен объектілердің осы Стандарттың 8-тармағында көрсетілген рұқсат беру талаптарына сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген соттың белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы шешімі (үкімі) бар болса.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда портал арқылы алу мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті", көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті беруші кеңсесінің байланыс телефондары
8 (7172) 60-21-33, бірыңғай байланыс орталығы 1414, 8 800 080 7777.

  Өрт қауіпсіздігі саласындағы
аудит жөніндегі қызметті
жүзеге асыруға сараптама
ұйымдарын аккредиттеу
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гербі

АККРЕДИТТЕУ АТТЕСТАТЫ № _____________________________________ (аккредиттеу аттестатының нөмірі) ОСЫ АККРЕДИТТЕУ АТТЕСТАТЫ _____________________________________________________________________ (ұйымның заңды мекенжайы) _____________________________________________________________________ (ұйымның атауы) БЕРІЛДІ

      және "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 19-2) тармақшасына сәйкес осы сараптама ұйымы өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі жұмыстарды жүргізуге аккредиттелгенін куәландырады.

      Аккредиттеу аттестатын сараптама ұйымдарының мемлекеттік тізілімінде тіркеу күні

      _________________________________________

      Төраға _____________________________

      (тегі , аты, әкесінің аты болған жағдайда)

  Өрт қауіпсіздігі саласындағы
аудит жөніндегі қызметті
жүзеге асыруға сараптама
ұйымдарын аккредиттеу
қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Сараптама ұйымдарының мемлекеттік тізілімі

Р/с №

Сараптама ұйымының атауы басшының Т.Ә.Ж.

Аккредиттеу аттестатының нөмірі

Аттестаттың қолданылу мерзімі

Мекенжайы

Телефоны