Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы "Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы" № 326 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 5 наурыздағы № 88 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 13 наурызда № 20121 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы "Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы" № 326 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14966 нөмірімен тіркелген, 2017 жылғы 5 сәуірде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сот-сараптама қызметiн лицензиялау жөнiндегi комиссия туралы ережеде:

      5-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "5. Комиссияның құрамы тақ саннан тұрады (кемінде бес адам). Комиссия төрағасы Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры немесе оның міндетін атқарушы тұлға болып табылады.

      Комиссия құрамына Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің, сондай-ақ арнайы ғылыми білімі, ғылыми дәрежесі немесе осы салада кемінде бес жыл ғылыми-сараптамалық жұмыс тәжірибесі бар Министрліктің сот-сараптама органдарының өкілдері кіреді.

      Біліктілік талаптарына сәйкес келмегені үшін немесе заңнама талаптарын бұзғаны үшін сот-сараптама қызметімен айналысу лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұратын, тоқтатылатын жағдайда, Комиссия құрамына қосымша Сот сарапшылары палатасының Төрағасы, сондай-ақ қызметтің көрсетілген түрі бойынша сәйкес мамандығы бар сот сарапшысы қосылады.

      2. Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Н. Пан