"Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 284 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 28 қазандағы № ҚР ДСМ-137 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 қазанда № 19537 болып тіркелді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ - 133/2020 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 15.10.2020 № ҚР ДСМ - 133/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 86) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 284 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 11231 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 19 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіндегі:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қалалық деңгейде:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      бекітілген халық саны 1500-ден (бір мың бес жүз) бастап 10000 (он мың) адамға дейін болатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын дәрігерлік амбулатория;

      бекітілген халық саны 10000-нан (он мың) бастап 30000 (отыз мың) адамға дейін болатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы;

      бекітілген халық саны 30000 (отыз мың) адамнан асатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын қалалық емхана (бұдан әрі – ҚЕ), бірақ кемінде бір ҚЕ;

      алғашқы психикалық денсаулық орталығы бекітілген халық саны 60000 (алпыс мың) адам және одан жоғары, оның ішінде бір немесе бірнеше жақын орналасқан амбулаториялық-емханалық ұйымдардың халқына қызмет көрсету үшін ҚЕ құрамында құрылады;

      республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын стоматологиялық емхана;

      республикалық маңызы бар қалаларда және астанада көп бейінді аурухананың құрылымдық бөлімшесі ретінде консультациялық-диагностикалық орталық;

      2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      халқының саны 100000 (жүз мың) адамнан аспайтын қалаларда құрылатын қалалық аурухана;

      қызмет көрсетілетін халықтың саны 100000 (жүз мың) адамнан асатын жақын орналасқан аудандардың халқына қызмет көрсету үшін республикалық маңызы бар қалада, астанада және қалаларда құрылатын көп бейінді қалалық аурухана;

      халықтың саны 300000 (үш жүз мың) мың адамнан асатын қалаларда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын көп бейінді қалалық балалар ауруханасы;

      республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын психикалық денсаулық орталығы;

      республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын фтизиопульмонология орталығы;

      көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшесі ретінде перинаталдық (босандыру бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, травматогиялық, инсульттік, ревматологиялық, офтальмалогиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар құрылады;

      3) республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын жедел медициналық жәрдем станциясы. Республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан басқа қалаларда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады;

      4) көп бейінді аурухана жанынан ұйымдастырылатын қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдары - санаторий, мамандандырылған санаторий, профилакторий, оңалту орталығы немесе оңалту бөлімшесі (төсектері);

      5) көп бейінді аурухананың, фтизиопульмонология орталығының жанынан ұйымдастырылатын паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар - хоспис, мейіргерлік күтім ауруханасы немесе бөлімшесі, төсектері;

      6) қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары қала халқының саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылады, оларда қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдары болмаған кезде;

      7) республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, сондай-ақ халық саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда құрылатын патологиялық анатомия (цитопатология) саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары. Халықтың саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда қалалық немесе ауданаралық ауруханалар құрылымында орталықтандырылған патологиялық-анатомиялық бөлімше ретінде құрылады;

      8) республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын АИТВ/ЖИТС-тің профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;

      9) республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын жетім балаларға, туғанынан бастап үш жылға дейін ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғанынан бастап төрт жылға дейін психикалық және физикалық дамуында ауытқулары бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасылармен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүргізетін денсаулық сақтау ұйымдары;

      10) қалаларда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада құрылатын денсаулық сақтау саласындағы техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары;

      11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдары:

      астанада, республикалық маңызы бар қалаларда құрылымдық бөлімшелерімен астанада құрылатын ұлттық сараптама орталығы;

      республикалық маңызы бар қалаларда құрылатын ғылыми ұйымдар;

      инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында құрылатын обаға қарсы мекемелер;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық деңгейде астанада құрылатын денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг";

      3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      облыс орталығында құрылатын көпбейінді облыстық аурухана;

      облыс орталығында құрылатын көп бейінді облыстық балалар ауруханасы;

      облыс орталығында құрылатын облыстық психикалық денсаулық орталығы;

      облыс орталығында құрылған облыстық фтизипульмонология орталығы;

      перинаталдық (перзентхана бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, травматологиялық, инсульт, ревматологиялық, офтальмологиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшелері ретінде құрылады;".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі К.Т. Надыровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Биртанов