Эмитенттің қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпаратты ашып көрсету қағидаларын және талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 шілдедегі № 124 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 шілдеде № 19149 болып тіркелді.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 56-1-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Эмитенттің қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпаратты ашып көрсету қағидалары және талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Бағалы қағаздар нарығында Инсайдерлік ақпаратты ашу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 69 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7572 болып тіркелген, 2012 жылғы 24 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 261-266 (27340) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 250 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13001 болып тіркелген, 2016 жылғы 29 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 16-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес ұйымдарды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 26 шілдедегі
№ 124 қаулысымен
бекітілген

Эмитенттің қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпаратты ашып көрсету қағидалары және талаптары

      1. Осы Эмитенттің қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпаратты ашып көрсету қағидалары және талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-1-бабы сәйкес әзірленген және эмитенттің қызметіне қатысты болатын және жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын егер осы ақпарат эмитенттің мүліктік және қаржылық жағдайының салдарларына байланысты осы эмитент шығарған (ұсынған) бағалы қағаздардың (туынды қаржы құралдарының) құнына әсер етуге қабілетті болса, ақпаратты ашудың тәртібі мен талаптарын айқындайды.

      2. Эмитентке Заңның 56-1-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкес әзірленген және бекітілген инсайдерлік ақпаратқа билік еткені және оны пайдаланғаны үшін бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін эмитенттің ішкі бақылау қағидаларын эмитент мемлекеттік және орыс тілдерінде бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілік депозитарийінің (бұдан әрі - қаржылық есептілік депозитарийі) интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының интернет-ресурсында (эмитенттің бағалы қағаздары (туынды қаржы құралдары) осы қор биржасының тізіміне енгізілген және болған жағдайда) орналастырады, сондай-ақ эмитент мүдделі тұлғалардың сұратуы бойынша ішкі бақылау қағидаларының көшірмелеріне оны дайындауға шығындардың шегінен аспайтын мөлшерде төлем жасауды қоспағанда, ақысыз ұсынады.

      3. Эмитенттің қызметіне қатысты, жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын ақпарат, егер салдарына байланысты эмитенттің мүліктік және қаржылық жағдайы үшін бұл ақпараттың осы эмитент шығарған (берген) бағалы қағаздардың (туынды қаржы құралдарының) құнына әсер етуге ықпалы болса, оның ресми ашылу (жариялану) сәтіне дейін инсайдерлік ақпаратқа жатады.

      Инсайдерлік ақпаратқа жататын ақпарат тізбесі эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында айқындалады.

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ақпаратқа қолжетімділігі талап етілмейтін және шектелмейтін немесе ашылуы тиіс ақпарат эмитенттің қызметі туралы ақпарат болып түсініледі.

      4. Эмитенттің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар тұлғалардың тізімін жүргізу және өзекті қалпында ұстау тәртібі эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында белгіленеді.

      5. Эмитенттің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар тұлғалар тізбесін эмитент қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның, жазбаша талабы бойынша талапта көрсетілген мерзімде эмитенттің инсайдерлік ақпаратына қолжетімділігі бар тұлғалар туралы ақпаратты аша отырып, мыналар туралы мәліметтерді қоса алғанда уәкілетті органға ұсынады:

      1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), оның туған күні;

      2) заңды тұлғаның атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуін (қайта тіркеуін) растайтын құжаттың деректемелері;

      3) тізімге енгізу негіздері;

      4) тізімге енгізу үшін негіздердің пайда болу күні;

      5) тізімнен алып тастау күні.

      6. Эмитент және эмитенттің инсайдерлері болып танылатын тұлғалар инсайдерлік ақпараттың ресми ашылу (жариялану) сәтіне дейін инсайдерлік ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.

      Егер эмитент инсайдерлікке жататын ақпараттың талап етілетін конфиденциалдылық дәрежесінің сақталмауы немесе осы ақпараттың конфиденциалдылығының бұзылуына жол берілуі мүмкін деп санаса, эмитент тез арада эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында белгіленген тәртіпте және мерзімде оны ашу бойынша шараларды қабылдауы тиіс.

      Эмитенттің инсайдерлері болып танылатын тұлғалар олар шығарған (ұсынған) бағалы қағаздар (туынды қаржы құралдары) туралы, оның ішінде эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында белгіленген инсайдерлік ақпаратты ашу тәртібі мен талаптарын сақтайды.

      7. Қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында Заңның 102-бабының 2-тармағына сәйкес эмитентті ашуға жататын ақпараттар және құжаттардың тізбесіне кірмейтін, не оған қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде эмитентті ашу тәртібі мен мерзімдері белгіленбеген ақпаратқа жатпайтын инсайдерлік ақпарат эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында белгіленген тәртібі мен мерзімде ашылады.

      Инсайдерлік ақпаратты тізбесі эмитенттің ішкі бақылау қағидаларымен белгіленген бірнеше дереккөздер жәрдемімен орналастыру (жариялау) арқылы ашқан кезде инсайдерлік ақпаратты ашу күні инсайдерлік ақпаратты алғашқы орналастыру (жариялау) күні болып есептеледі.

      Егер эмитенттің ішкі бақылау қағидаларымен инсайдерлік ақпаратты орналастыру (жариялау) дереккөзі ретінде Интернет айқындалса, онда интернет-ресурс мекенжайы көрсетіледі.

      Егер эмитенттің ішкі бақылау қағидаларымен инсайдерлік ақпаратты орналастыру (жариялау) дереккөзі ретінде баспасөз басылымы айқындалса, онда оның ресми атауы мен басылымның кезеңділігі көрсетіледі.

      Егер эмитенттің ішкі бақылау қағидаларымен инсайдерлік ақпаратты орналастыру (жариялау) дереккөзі ретінде осы тармақтың үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілмеген өзге де бұқаралық ақпарат құралдары айқындалса, бұқаралық ақпарат құралдарының атауы және мүдделі тұлғалардың инсайдерлік ақпаратты алуына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін ол туралы өзге де мәліметтер көрсетіледі.

      8. Эмитенттің бағалы қағаздарын (туынды қаржы құралдарын) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізген кезде эмитент және осы эмитенттің инсайдерлері деп танылатын тұлғалар эмитент және осы бағалы қағаздармен (туынды қаржы құралдарымен) сауда-саттық басталғанға дейін қор биржасының қағидаларында белгіленген тәртіпте және талаптарда олардың құнының және эмитент қызметінің өзгеруіне ықпал ететін ол шығарған (ұсынған) бағалы қағаздар (туынды қаржы құралдары) туралы инсайдерлік ақпаратты ашуды қамтамасыз етеді.

      9. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының сауда жүйесінде эмитенттің бағалы қағаздарының (туынды қаржы құралдарының) айналысы кезінде инсайдерлік ақпаратты тұлғалардың кең тобы арасында ашу болжанатын хабарламалар тізіміне эмитенттің бағалы қағаздары енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасына жіберіледі, содан кейін эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында айқындалған тәртіпте және мерзімде орналастырылады (таратылады).

      Бір мезгілде Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының және шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының сауда жүйелерінде эмитенттің бағалы қағаздарының (туынды қаржы құралдарының) айналысы кезінде инсайдерлік ақпаратты тұлғалардың кең тобы арасында ашу болжанатын хабарламалар тізіміне эмитенттің бағалы қағаздары енгізілген барлық қор биржаларына бір мезгілде жіберіледі, содан кейін эмитенттің ішкі бақылау қағидаларында айқындалған тәртіпте және мерзімде орналастырылады (таратылады).