Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 11 шілдедегі № 501 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 18 шілдеде № 19045 болып тіркелді

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. "Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін, өтінім беретін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасары - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2011 жылғы 21 қарашадағы № 425 бұйрығының (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 7345 болып тіркелген, 2011 жылы 29 желтоқсанда № 421-423 (26812-26814) "Казахстанская правда", 2011 жылғы 29 желтоқсанда № 660-665 (27057) "Егемен Қазақстан" газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 11 шілдедегі
№ 501 бұйрығымен
бекітілген

Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптар 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін, өтініш берушімен берілетін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Талаптарға сәйкес әзірленеді.

2-тарау. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін, өтініш берушімен берілетін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің құрылымы

      3. Арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін, өтініш берушімен берілетін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің құрылымы жобаның бағытына байланысты және келесі бөлімдерді қамтиды:

      1) жоба кіріспесі;

      2) жоба мазмұны;

      3) жобаның жалпы сипаттамасы;

      4) маркетинг және өнімді (қызметті) өткізу;

      5) өндірістік жоспар;

      6) қаржылық-экономикалық бөлім;

      7) қосымша.

      4. "Жоба кіріспесі" бөлімінде бар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жобасын іске асырылуы болжамданатын әлеуметтік-экономикалық, табиғи-климаттық, географиялық, инженерлік-геологиялық шарттар сипатталады.

      Сондай-ақ, осы бөлімде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында жобаны құру арқылы жартылай және толық шешуге мүмкін болатын проблемалар көрсетіледі.

      5. "Жоба мазмұны" бөлімі қысқаша сипаттаманы, жобаның тиімділігін, қызметтің негізгі бағыттарын, ауқымын, оның ішінде қуаттылығын, жобаның құрамдастарын, іс-қимыл жоспарын, қаржыландырудың болжанған көздерін және схемасын, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың іске асыру кезеңін қамтиды.

      6. "Жобаның жалпы сипаттамасы" бөлімінде жобаны және оның нарықтағы жағдайын, ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын, негізгі қызмет түрлерін, жетістіктерін, жобаның негізгі қаржылық көрсеткіштеріне сипаттау қажет.

      Жобаның жалпы сипаттамасы келесі ақпаратты қамтиды:

      1) өнімнің, тауардың, көрсетілетін қызметтің атауы;

      2) өтінім беруші туралы жалпы мәлімет (қашан, қайда және кіммен құрылды, жұмыскерлер саны, жарғылық капиталы, негізгі және айналым қаражаты);

      3) қаржылық-экономикалық көрсеткіштері (жобаның көлемі);

      4) басқару құрылымы;

      5) кадр құрамы (басқару командасы және жетекші мамандарының біліктілігі және жұмыс тәжірибесі, қызметкерлерге қойылатын талаптар және білім);

      6) еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы нормалары;

      7) қызмет бағыты;

      8) экономика саласы және оның перспективалары;

      9) өңірді дамытуға үлесі, қоғамдық және әлеуметтік белсенділік (өңірдің экономикасындағы рөлі, өңірлік проблемаларды шешуге қатысуы, демеушілік және қайырымдылық, қоғамдық бірлестіктерде қатысуы);

      10) экспорт немесе импортты алмастыру мүмкіндігі;

      11) өнімнің (қызметтің) бәсекеге қабілеттігі;

      12) дайындық дәрежесі (ғылыми-техникалық құжаттама, макет);

      13) патентке қабілеті және авторлық құқық;

      14) сапа сертификаты және лицензияның қажеттілігі және болуы;

      15) қауіпсіздік және экологиялылық.

      7. "Маркетинг және өнімді (қызметті) өткізу" бөлімі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде шығарылатын (ұсынылатын) өнімнің (қызметтің) түріне қазіргі бар және перспективті (арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында жобаны дамыту және жұмыс жасауы кезеңіне) сұраныс бағасын көрсетеді.

      Бұл бөлімде маркетингтік талдауды (нарық мінездемесі, өнімді тұтынушы), маркетингтік жоспарды (өнімдерді нарыққа ілгерілету стратегиясы - баға саясаты, жарнама, сату жүйесі, сатудан кейінгі қызмет көрсету, сату көлемі), өндіруге болжанған тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сипатын, оларды стандарттарға сәйкес қолдану мүмкіншілігін, олардың қызығушылық тараптарын, өнімді талдауды көрсету қажет.

      8. "Өндірістік жоспар" бөлімі технологиялық процестің сипатын қамтиды және жобаны ұйымдастыруға жалпы тәсілді көрсетеді, шикізат пен материалдар көзі, технологиялық жабдық (атауы мен негізгі сипаттамалары) көрсетіледі, жобаның үй-жайларға, коммуникацияларға, энергия көздеріне қажеттіліктерін, еңбек ресурстарына қатысты талаптарды (персонал, еңбекақы төлеу және ынталандыру шарттары, еңбек жағдайлары, бөлімшелердің құрылымы мен құрамы, персоналды оқыту, жобаның дамуына қарай персонал құрылымындағы болжамды өзгерістер) көрсетеді.

      9. "Қаржылық-экономикалық бөлім" балама схемалар мен қаржыландыру көздерін бағалаумен қатар қаржылық шығындар мен табыстарды бағалауды, жобалар құруды бағалауды, ақша қаражатының қозғалысы туралы, пайда мен шығындар туралы есепті, жалпы республика (өңір) экономикасының тұрғысынан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағындағы жобаның тиімділік көрсеткіштерін қамтиды.

      Осы бөлім:

      1) инфрақұрылым объектілерін салуға шығындарды қоса алғанда, жобаны құруға болжамды шығындарды бағалауды;

      2) жалпы инвестициялық шығындардың есебі, қаржыландыру қажеттілігін бөлуді;

      3) өндірістік шығындардың (пайдалану шығындарының) есебін;

      4) жобаның қаржылық талдауды, ол мыналарды:

      қаржылық бағалаудың қарапайым тәсілдерінің көмегімен жүргізілетін, оның ішінде, өзін өзі ақтау мерзімін, пайданың қарапайым нормасын, берешекті жабу коэффициентін есептеу көмегімен жобаларды талдауды;

      қаржыландырудың схемаларын, көздерін, шарттарын және олардың балама нұсқаларын талдауды;

      тәуекелдің негізгі факторларын, болжалды сипаттамасын және өзгерістер ауқымын, тәуекелдерді төмендету жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын қаржылық тәуекелдерді бағалауды;

      5) жобаның тәуекелдерін талдауды;

      6) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында және оның аумағынан тыс жерде жобаның экономикалық жағдайын талдауды;

      7) экономикалық пайдалар мен шығындарды бағалауды, оның ішінде, нәтижелерді, салдарларды және әсерлерді талдау, шығындарды және өлшенбейтін пайдаларды, өсімді пайдалар мен шығындарды, тұтынушының қосымша пайдаларын, тұрақты шығындарды, сыртқы әсерлерді, халықаралық әсерлерді, жанама пайдаларды талдауды қамтиды.

      10. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағындағы жобаның "Қосымша" бөлімі нақтыланған түрде шығыс кестелерін, маркетингтік зерттеулердің нәтижелерін, аудиторлардың қорытындыларын, өнім үлгілерінің фотосуреттерін, өзін-өзі ақтау кестелерін және жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын басқа материалдарды, құжаттарды қамтуы мүмкін.