"Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 470 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 4 шілдеде № 18967 болып тіркелді

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10795 болып тіркелген, 2015 жылы 15 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларында:

      11-тармақтың 18) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) ұсыныстарды қарайды және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеушімен келісе отырып, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға түбегейлі емес, объектінің конструктивтік схемасына, оның көлемдік-жоспарлау, инженерлік-техникалық немесе технологиялық жобалық шешімдеріне, бекітілген техникалық-экономикалық көрсеткіштерін қозғамайтын өзгерістерді енгізу бойынша шешім қабылдайды, оларды кейіннен ресімдеп, сақтауға тапсырады;";

      12-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) заңнамалық актілерде немесе шартта белгіленген мерзімдерде және тәртіпте нақты орындалған жұмыстарды қабылдауды және оларға ақы төлеуді қамтамасыз етеді.

      Мердiгердiң нақты шығыстары бағаны белгiлеу (сметаны және құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрылымдарын тасымалдау сызбасын жасау) кезiнде есептелгеннен кем болып шыққан жағдайда, тапсырыс беруші, жобалау-сметалық құжаттаманы мердігердің өзi жасаған және/немесе оның тапсырысы бойынша жасалған жағдайларды қоспағанда, шартта көзделген баға бойынша орындалған жұмыс үшін төлем жүргізеді.

      Егер тапсырыс берушінің объектілерінде бірнеше әртүрлі қаржыландыру көздері болса, шығыстар сметасы әрбір инвестордың қаржыландыру көлеміне сәйкес қаражат шығысының пропорциясын сақтай отырып, әрбір инвестормен келісіледі.";

      3-1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі