"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 1 шілдедегі № 663 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 шілдеде № 18938 болып тіркелді

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 82-бабы 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      188-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "188. Азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінім аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шарттың (қосымша келісімнің) түпнұсқасын және көшірмесін қоса бере отырып қағаз жеткізгіште 2 данада ұсынылады, бұл ретте тіркелген шарттың (қосымша келісімнің) қағаз жеткізгіштегі көшірмесі аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады.

      Қарыз (грант) туралы шарт шеңберінде шартты тіркеу үшін азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімді мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыз туралы халықаралық шарт шеңберіндегі немесе байланысты гранттар бойынша осы шартты қоса бере отырып, қағаз жеткізгіште ұсынады.

      "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-де жасалған азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінім аумақтық қазынашылық бөлімшесіне "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-ден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың (қосымша келісімнің) деректерін "Қазынашылық-клиент" АЖ арқылы беру жолымен ұсынылады.

      Науқастарды шетелде емдеуді көздейтін шығыстар бойынша азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеу үшін мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуге өтінімді қағаз жеткізгіште аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шарттың әр парағы мемлекеттік мекеме мөрі бедерінің түпнұсқасымен расталған көшірмесін қоса бере отырып ұсынады. Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне міндеттеме бойынша түпкілікті төлемді берген кезде бір мезгілде шарттың түпнұсқасын ұсынады.

      Ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта жаңартуға, үй-жайларды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шартты тіркеу үшін азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімді мемлекеттік мекеме жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы, жобалау-іздестіру жұмыстарын әзірлеу жөніндегі қызмет және олардың мемлекеттік сараптамасы шарттың құнына енгізілген шартты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту туралы бұйрықтың көшірмесін, жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзiмi шегінде жобалау-сметалық құжаттама бойынша, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының көшірмесін міндетті түрде қоса бере отырып қағаз жеткізгіште ұсынады.

      "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша қызмет көрсету кезінде мемлекеттік мекеме басшысының және бас бухгалтерінің ЭЦҚ қол қойылған, осы тармақта санамаланған құжаттардың түпнұсқасынан құжаттардың сканерленген түрлерін тіркей отырып, өтінімнің электрондық түрі қалыптастырылады.

      "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-де жасалған ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта жаңартуға, үй-жайларды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шартты тіркеу үшін мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың деректерін "Қазынашылық-клиент" АЖ арқылы беру жолымен ұсынатын азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімге жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі қызмет, жобалау-іздестіру жұмыстары мен олардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасы шарттың құнына енгізілген шартты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жобалау-сметалық құжаттаманың қолданыс мерзімі шегінде жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының түпнұсқасынан, ЖСҚ-ны бекіту туралы бұйрықтың көшірмесін сканерленген түрін тіркейді.

      Бұл ретте "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ-да Түркістан қаласындағы құрылыс объектілері бойынша жасалған шарттарды тіркеу, құрылыс объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың түпкілікті оң қорытындысы алынған кезде кейіннен шарттардың жалпы құнын түзете отырып, жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын кезең-кезеңімен алу негізінде жүзеге асырылады.

      "Электрондық мемлекеттік сатып алу" АИАЖ арқылы түскен азаматтық-құқықтық мәмілені тіркеуге арналған өтінімге міндеттемелерді тіркеу туралы хабарламаның нөмірі мен күні, шарттың талаптарын өзгерту себептері, сондай-ақ өзгерген жағдайда шарттың сомасы көрсетілетін қосымша келісімді тіркеу кезінде мемлекеттік мекеменің жобалау-сметалық құжаттаманы бекіту туралы бұйрығының көшірмесі мен түсіндірме жазба бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын қоспағанда, осы тармақта көрсетілген құжаттардың түпнұсқасынан сканерленген түрлерін тіркеу талап етілмейді.";

      378-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "378-2. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік құпиялары бар қызметтік ақпаратты ("Құпия" белгісі бар) қамтитын мәліметтері бар объектілерді және Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 сәуірдегі № 314 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бар объектілерді қоспағанда, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық сүйемелдеу шарттарымен, жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік сатып алу қорытындысы өткеннен кейін:

      қазынашылық қолдау кезіндегі тапсырыс беруші, бас мердігер анықталған күннен бастап келесі жұмыс күннен кешіктірмей, аумақтық қазынашылық органдарына құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алу туралы жазбаша түрде хабарлайды;

      қазынашылық қолдау кезіндегі тапсырыс беруші, бас мердігері анықталған күннен бастап келесі жұмыс күннен кешіктірмей, оны аумақтық қазынашылық органдарында шот ашу туралы жазбаша түрде хабарлайды;

      қазынашылық қолдау кезіндегі бас мердігер, қазынашылық қолдау кезіндегі тапсырыс берушіден хабарлама алғаннан кейін, келесі жұмыс күннен кешіктірмей, тапсырыс берушіге қызмет көрсету орны бойынша аумақтық қазынашылық органдарына осы Ереженің 4-тарауының 5-параграфында қарастырылған құжаттар жинағын қалыптастыруға қажетті құжаттарды, осы тармақтың үшінші абзацында көрсетілген хабарламаның көшірмесін қоса тіркеп, осы Ереженің 115-қосымшасына сәйкес нысанда кодтарды беру және шоттарын ашуға арналған өтінімді береді және қазынашылық қолдау кезіндегі қосалқы мердігерлердің салық заңнамасына сәйкес ұсынған тізімін мемлекеттік кірістер органдарына талдау жүргізу үшін жолдайды.";

      631 және 632-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "631. Бюджеттік кредит беру кезінде қарыз алушы мамандандырылған ұйымдардың мынадай құжаттарды беруі талап етіледі:

      1) таратып жазуды, оның ішінде дебиторлық және кредиторлық берешекті таратып жазуды қоса бере отырып, алдыңғы қаржы жылындағы және соңғы есепті кезеңдегі жағдай бойынша бухгалтерлік теңгерім;

      2) алдыңғы қаржы жылындағы және соңғы есепті кезеңдегі жағдай бойынша ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп;

      3) алдыңғы қаржы жылындағы және соңғы есепті кезеңдегі жағдай бойынша табыстар мен шығындар туралы есеп;

      4) тәуелсіз аудитордың алдыңғы қаржы жылындағы қорытындысы;

      5) ұйғарылатын кепілді қамтамасыз етуге меншік құқығын және кепіл мүлкіне өзге ауыртпалықтарының жоқтығын растайтын құжат;

      6) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 100-бабының 1-тармағына сәйкес есебі мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екені туралы мәліметтердің электрондық нысаны;

      7) түпкілікті қарыз алушыға бюджеттік кредит беру кезінде алынатын маржа туралы құжат;

      8) құрылтай құжаттары;

      9) кредит саясаты туралы құжат.

      632. Қарыз алушы банктің кредиттік қабілетінің негізгі өлшемдері:

      бұрын республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің ақшасы есебінен алынған кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегінің болмауы;

      салықтық берешектің болмауы;

      конкурсты өткізу күнінің алдындағы соңғы үш айдың ішінде банк заңнамасында белгіленген пруденциялық нормативтерді сақтауы;

      меншікті капиталы берілетін бюджеттік кредит пен бұрын берілген бюджеттік кредиттер бойынша негізгі борыш қалдығы сомасынан кемінде елу пайызды құрауы тиіс болатын тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінің қызметтерін жүзеге асыратын қаржы агенттіктерін қоспағанда, меншікті капиталы берілетін бюджеттік кредит пен бұрын берілген бюджеттік кредиттер бойынша негізгі борыш қалдығы сомасынан кемінде екі есеге артық болуға тиіс;

      бюджеттік кредиттерді уақтылы қайтару бойынша қамтамасыз етудің болуы; қажет болған кезде филиалдық желінің және/немесе корреспонденттік желінің болуы болып табылады.";

      649-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "649. Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпей алатын қаржы агенттіктерінің тізбесіне енгізу үшін агенттік бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне мынадай құжаттарды жібереді:

      1) тізбеге енгізуге арналған өтініш;

      2) Жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      3) соңғы қаржы жылындағы қаржылық есептілік (бухгалтерлік теңгерім, табыстар мен шығындар туралы есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп, капиталдағы өзгерістер туралы есеп, түсіндірме жазба);

      4) Салық кодексінің 100-бабының 1-тармағына сәйкес есебі мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екені туралы мәліметтер.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      __________________________

      2019 жылғы "____"___________