Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 447 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 28 маусымда № 18928 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 24 наурыздағы № 177 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 24.03.2023 № 177 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. 01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі – осы бұйрықтың 4-тармағымен.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңы 16-11-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
      Индустрия және инфрақұрылымдық
      даму министрі Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 27 маусымдағы
№ 447
бұйрығымен бекітілген

Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативі (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-11-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару қағидалары мен олардың нормативтерінің тәртібін айқындайды.

2-тарау. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды аудару тәртібі

      2. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін жүйелі қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды іске асыру қамтамасыз ету мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші) азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдарды жүзеге асырады.

      Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші аударымдарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға оның билігінде қалған таза кірісінің бір бөлігінен жүзеге асырады.

      3. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар сомасын аударымдар нормативі нысанында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      4. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар тоқсан басталғанға дейін бес күнтізбелік күн бұрын ішінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның банк шотына тоқсан сайын аударылуға тиіс.

      5. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар аударылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға ақша аудару туралы растама беруге міндетті.

3-тарау. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударымдар нормативі

      6. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударым нормативін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның даму жоспарының негізінде айқындалады.

      7. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аударым нормативі аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің иелігінде қалған таза кіріс бөлігінің он пайызынан кем емес соманы құрайды, бірақ болашақ кезеңдердің кірісі деп танылатын азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударымдардың пайдаланылмаған сомасының қалдығын ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның даму жоспарында көрсетілген сомадан артық емес.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.04.2021 № 211 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.