"Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 7 маусымдағы № 551 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 10 маусымда № 18825 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10801 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Тізілімнің есепке алу объектілері (бұдан әрі – есепке алу объектілері) мыналар:

      1) мемлекеттік заңды тұлғалар мен оларға бекітіліп берілген мүлік;

      2) жер пайдаланудағы жер учаскелері;

      3) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;

      4) мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері;

      5) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілері;

      6) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелері;

      7) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдары және ауыл шаруашылығындағы көлік құралдары;

      8) мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензиялар мен рұқсаттар;

      9) мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрларының объектілері;

      10) мемлекеттік мүлік бойынша уәкілетті органның заңды тұлғалар тізіміне сәйкес, заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдер (шешімдердің көшірмесі) бойынша және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы мәліметтер.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мемлекеттік органдар тізілімге есепке алу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады және (немесе) есепке алу объектілері бойынша тізіліммен интеграциялау үшін ведомстволық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті ұйымдастырады, атап айтқанда:

      1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қатысты;

      2) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік техникалық тексеру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган –мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты;

      3) жер қатынастары саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – жер пайдаланудағы жер учаскелеріне қатысты;

      4) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      5) аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке жатқызылған акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне қатысты;

      6) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілеріне қатысты;

      7) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне қатысты;

      8) көлік және коммуникация саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген шағын өлшемді және өзен кемелеріне қатысты;

      9) жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өз құзыреті шегінде басшылық етуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген көлік құралдарына қатысты;

      10) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласында қызметті реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалардың және ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігіне қатысты;

      11) байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", ақпарат және мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында басшылық етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғалар мен ұйымдарға берілген лицензияларға және рұқсаттарға қатысты;

      12) агроөнеркәсіптік кешен, су, балық, орман және аңшылық шаруашылығы, жер ресурстары, геодезия және картография саласында басшылық етуді, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте өзінің құзыретіне жатқызылған қызмет саласында мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген ауыл шаруашылығындағы көлік құралдарына қатысты;

      13) қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалану саласында басшылық етуді және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары – мемлекеттік заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне тіркелген табиғи ресурстар кадастрының (орман кадастры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) объектілеріне қатысты;

      14) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері (соттар әкімшілері) бар жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган – заңды тұлғалардың банкроттығы туралы іс қозғау жөніндегі шешімдерге (шешімдердің көшірмесі) қатысты және заңды күшіне енген, жекелеген негіздер бойынша мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыруды көздейтін соттардың шешімдері (үкімдері, қаулылары) туралы.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Жеке және заңды тұлғалар үшін тізілімнің веб-порталында мынадай функцияларға:

      1) ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалар мен оларға бекітіліп берілген жылжымайтын мүлік бойынша мәліметтерді қарау;

      2) тізілім бойынша құқықтық және анықтамалық ақпаратпен танысу;

      3) мемлекеттік меншік объектілерінің сауда-саттыққа қойылу кестесіне енгізілген мемлекеттік мүлік туралы ақпаратты, оның ішінде "Acrobat Reader" электрондық форматында мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі есептерді, сондай-ақ баспа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бойынша алдағы сауда-саттық туралы ақпараттық хабарламаларды қарау;

      4) мемлекеттік мүлікті жалға алушылардың, сенімгерлік басқарушылардың олармен жасалған жалға алу және сенімгерлік басқару шарттары бойынша, атап айтқанда шарттың талаптары, осы шарт бойынша есептеулер, өсімпұлдар мен бюджетке аударылған төлемдер жөніндегі ақпаратты қарауы;

      5) кәсіпкерлік ортада мемлекеттің қатысуы орындылығын анықтау мақсатында ұйымдар және мемлекеттік кәсіпорындар бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері туралы мәліметтерді қарау;

      6) мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін түгендеу бойынша ақпаратты қарау;

      7) ұйымдардың және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарлары мен даму жоспарларының орындалуы жөніндегі есептерді қарау қолжетімді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Б.К. Тәшенов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жоғарғы соты

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, қорғаныс және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі