РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 140 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17250 болып тіркелген, 2018 жылғы 10 тамызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Іскерлік қатынастар қашықтықтан орнатылған жағдайда қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеруіне қойылатын талаптарда:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қаржы мониторингі субъектілері мынадай талаптарға сәйкес келетін клиенттермен ғана іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату тәсілімен орнатады:
1) сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға не заңды тұлғаға сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) не Қазақстан Республикасының бейрезиденті-жеке тұлға немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденті-заңды тұлға шет мемлекетте тіркелген нөмір берілген жеке не заңды тұлға;
2) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген тұлға болып табылмайды;
3) клиент (оның өкілі) және бенефициар меншік иесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын белгіленген тұлға немесе ұйым болып табылмайды;
4) клиент КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына және ішкі бақылау қағидаларына сәйкес тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолдану талап етілетін тәуекел деңгейі берілген тұлға болып табылмайды.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау үшін мынадай тәсілдер қолданылады:
1) жеке немесе заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы;
2) немесе биометриялық сәйкестендіру құралдары;
3) немесе егер жеке тұлғаны қаржы мониторингі субъектісі бұған дейін жеке қатыса отырып сәйкестендірген жағдайда, қаржы мониторингі субъектісі ақпарат алмасу туралы келісім жасаған екінші деңгейдегі банк немесе Ұлттық пошта операторы шығарған жеке тұлғаны сәйкестендіру және аутентификациялау кезіндегі төлем карточкасының деректемелері (төлем карточкасының нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем карточкалары жүйесінің атауы);
4) немесе әріптердің, цифрлардың немесе таңбалардың комбинациясын білдіретін бірегей сәйкестендіруші немесе клиентті сәйкестендіру үшін қаржы мониторингі субъектісі белгілеген және онымен келісілген өзге сәйкестендіргіш.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау тәсілдерінің бірін немесе жиынтығында бірнешеуін қолдануға болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау тәсілі мынадай жағдайлардың бірінде пайдаланылады:
1) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау тәсілдерінің біреуімен немесе бірнешеуімен жиынтығында;
2) өмірді сақтандыру шарттарын, аннуитеттік сақтандыру шарттарын және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттарын қоспағанда, сақтандыру ұйымдары сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасқан кезде.
Клиентті сәйкестендіру және аутентификациялау тәсілін таңдауды қаржы мониторингі субъектісі жүзеге асырады.".
2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.
5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Ә. Смайылов
_______________________
2018 жылғы "___" ________