"Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 838 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 6 желтоқсанда № 17875 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығына (бұдан әрі - Қағидалар) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15564 болып тіркелген, 2017 жылғы 6 қыркүйекте Нормативтік құқықтық актілерді эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларында:

      2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) күдiктiлер мен айыпталушылардың хаттарды, ақшалай аударымдарды алуы және жіберуі;";

      8-тармақтың 1) тармақшасының төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "туу туралы куәлiк немесе баланың медициналық ұйымда туғанын растайтын құжаттары, баланы асырап алу құжаты, ал мұндай құжаттар болмаған жағдайда қылмыстық iс өндірісіне берілген анықтау жүргiзетiн адамның, тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың жазбаша нұсқауы болуын тексереді (үш жасқа дейiнгi баласы бар әйелдi тергеу изоляторына қабылдау үшiн).";

      59-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Күдіктілер мен айыпталушылардың жеке шоттарынан талап еткен ақша сомасын есепке алу үшін күдіктілер мен айыпталушылар тергеу изоляторының қаржы бөлімінің қызметкеріне тергеу изоляторының бастығы куәландырылған сенімхатты береді. Берiлген ақша есеп беретін адамнан осы туралы өтініш берген адамдарға сатып алынған тамақ өнімдерін және бірінші кезекте қажетті заттарды бергенін растайтын аванстық есеп және құжаттар негiзiнде есептен шығарылады. Тамақ өнімдерін және бірінші кезекте қажетті заттарды алуға өтiнiштiң және қолхаттың негiзiнде олардың құны күдіктiлер мен айыпталушылардың жеке шоттарынан есептен шығарылады.";

      8-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-тарау. Күдіктiлер мен айыпталушылардың хаттарды және ақшалай аударымдарды алу және жіберу тәртібі";

      73-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "73. Күдіктiлер және айыпталушылар туыстарынан және өзге де адамдардан хаттар алады және жiбереді.";

      75-78-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "75. Күдіктiлер мен айыпталушылар пошта қажеттіліктерiн (конверттер, маркалар) тергеу изоляторының дүкенiнен (дүңгіршегiнен) сатып алады.

      76. Күдіктiлер мен айыпталушылардың хаттарын күн сайын әкiмшiлiк өкiлi қабылдайды. Хаттарда жөнелтушiнiң тегi, аты-жөнi және тергеу изоляторының пошта мекенжайы көрсетiлген жағдайда ғана қабылданады.

      77. Күдiктiлер мен айыпталушылардан хатты қабылдаған сәттен бастап және оны жібергенге дейін, сондай-ақ тергеу изоляторына хат келiп түскен сәттен бастап және оны адресатқа тапсырғанға дейiн көрсетілген мекеменің әкімшілігі хаттың сақталуын, хат алмасудағы құпияны қамтамасыз етедi.

      78. Күдiктi мен айыпталушының атына келiп түскен хаттарды тапсыруды, сондай-ақ оның хаттарын адресаттарға жіберуді тергеу изоляторының әкiмшiлiгi хаттың келiп түскен немесе оны күдiктiге және айыпталушыға тапсырған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді. Хатты мемлекеттiк немесе ресми қолданылатын орыс тiлiне аудару қажет болған кезде хатты тапсыру мерзiмi аударма жасау үшін бір айға дейін ұзартылады.";

      80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "80. Жәбiрленушiлерге, куәлерге арналған, сондай-ақ iшiнде қылмыстық iс бойынша мәліметтер, қорлау, қорқыту, кек алуға, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасауға шақыру, тергеу изоляторының күзетi, оның қызметкерлерi туралы ақпарат, тыйым салынған заттарды беру тәсiлдерi және қылмыстық iс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі болатын немесе қылмыс жасауға ықпал ететiн басқа да мәлiметтер бар, сондай-ақ құпия жазбамен, мемлекеттiк немесе өзге де заңмен қорғалатын құпиялар шифрленiп жазылған хаттар адресатқа жіберілмейді, күдіктілерге және айыпталушыларға берілмейді және өндірісінде қылмыстық iс бар адамға немесе органға беріледі.";

      87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Апелляциялық және кассациялық шағымдарды қоспағанда, ұсыныстарды, өтiнiштердi және шағымдарды жiберу бойынша шығыстарды төлеу жөнелтушiнiң есебiнен жүргізіледі. Күдіктiнiң немесе айыпталушының жеке шотында ақшасы болмаған кезде шығыс тергеу изоляторының есебiнен жүргізіледі.";

      94-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "94. Күдіктiлердің және айыпталушылардың некесін тiркеуді "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы кодексінің 233-бабына сәйкес осы тергеу изоляторы орналасқан аумақтағы азаматтық хал актiлерiн тіркеу органы (бұдан әрi – АХАТ) тергеу изоляторында жүргiзедi.";

      130-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "130. Күдіктімен немесе айыпталушымен кездесу іске қорғаушы ретінде қатысатын адвокатқа "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігін және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаны көрсеткен кезде беріледі.

      Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 66-бабының екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес іс бойынша қорғаушы болып танылған басқа адамға өзінің қылмыстық процеске қорғаушы ретінде қатысу құқығын растайтын және жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткен кезде.";

      148-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер қайтыс болған адамның туыстары тергеу изоляторы орналасқан қалада тұрмаса, хабар пошта арқылы жіберіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. 2019 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 130-тармағын қоспағанда, осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов