Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салуды белгілеудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 258 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қарашада № 17826 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Заңның 15-1-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының мақсаттары үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған (соңғы он екі ай ішінде) мәміленің немесе мәмілелер жиынтығының құны сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәміле немесе мәмілелер жиынтығын жасау туралы шешім қабылдаған күні сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншіктік капиталының 0,1 (нөл бүтін оннан бір) пайызынан немесе 2 (екі) миллион теңгеден асып кетеді.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін көрсетілген мәндердің ең азы қолданылады.

      Мәмілелер жиынтығының құнын есептеу бұрын жасалған мәмілелер құнын қосқанда соңғы мәміле жасалған күні жүзеге асырылады.

      2. Заңның 15-1-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің мақсаттары үшін мәмілелерді жеңілдікті жағдайлары бар мәмілелерге жатқызудың мынадай қосымша өлшемшарттары белгіленсін:

      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен не сақтандыру жағдайлары болмағанда сақтанушыға (қайта сақтанушыға) алынған сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтаруды көздейтін оның мүдделері үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасау;

      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын немесе оның бір бөлігін төлеу мерзімін бірнеше рет ұзарту;

      3) сыйақыны сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты сақтандыру агентіне немесе сақтандыру брокеріне басқа сақтандыру агенттеріне немесе сақтандыру брокерлеріне қарағанда жоғары мөлшерде төлеу;

      4) қайта сақтандыру тәуекелдерін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға басқа қайта сақтандырушыларға қарағанда қайта сақтандырудағы жоғары тарифті қолдана отырып, қайта сақтандыру шарты бойынша беру;

      5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен қайта сақтандыру шартын жасау, оның талаптары бойынша қайта сақтандыру төлемінің мөлшері қайта сақтандыру сыйлықақысынан асып кетпейді.

      3. Заңның 15-1-бабы 2-1-тармағының бірінші бөлігі 5) тармақшасының мақсаттары үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты жеке немесе заңды тұлғаның мынадай байланыстылық белгілері белгіленсін:

      1) бұрын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының үлестес тұлғасы болып табылған тұлға.

      Осы тармақшаның талабы тұлға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының үлестес тұлғасы белгілерін жоғалтқаннан кейін қатарынан он екі ай ішінде қолданыста болады;

      2) заңды тұлғаның лауазымды адамдары, басшы қызметкерлері және ірі қатысушылары, сондай-ақ қызметкерлері бірлесіп (тікелей немесе жанама) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акцияларының жиырма және одан да көп пайызын (артықшылықты акциялары шегеріле отырып) иеленетін осы заңды тұлға;

      3) соңғы он екі ай ішіндегі жиынтық табысының 30 (отыз) пайызынан астамы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан және (немесе) онымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалардан түскен түсімді құрайтын сақтандыру брокері;

      4) онымен жасалған мәміленің немесе мәмілелер жиынтығының (соңғы он екі ай ішіндегі) сомасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншікті капиталының 50 (елу) пайызынан асатын тұлға.

      Осы тармақшаның мақсаттары үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары есепке алынбайды;

      5) заңды тұлға және оның үлестес тұлғалары, егер олармен соңғы он екі ай ішінде жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) сыйлықақыларының сомасы соңғы он екі ай ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 20 (жиырма) және одан да жоғары пайызын құраса.

      Осы тармақшаның талабы ерікті сақтандыру нысанындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарына қолданылады.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) сыйлықақыларының сомасын есептеу бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ескерумен соңғы сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасау күніне жүзеге асырылады;

      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру агенті немесе сақтандыру брокері, егер соңғы он екі ай ішінде көрсетілген тұлғалардың делдалдығымен жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша келіп түскен сақтандыру (қайта сақтандыру) сыйлықақыларының сомасы соңғы он екі ай ішінде күшіне енген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 30 (отыз) және одан да жоғары пайызын құраса.

      Осы тармақшаның талабы ерікті сақтандыру нысанындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарына қолданылады.

      Сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемін есептеу бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ескерумен соңғы сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасалған күні жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалымен байланысты тұлғаларды тану мақсаттары үшін:

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы деп Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы түсініледі;

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 5) және 6) тармақшаларында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы деп Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы түсініледі;

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасындағы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншікті капиталы деп Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының резерв ретінде қабылданатын активтері түсініледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Заңның 15-1-бабының 2-1-тармағы үшінші бөлігінің мақсаттары үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып танылмайтын мынадай өзге де тұлғалар айқындалсын:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

      2) "Мемлекеттік кредиттік бюро" акционерлік қоғамы;

      3) "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамы;

      4) "Қазақстан актуарийлер қоғамы" қоғамдық бірлестігі;

      5) мемлекеттік мекемелер;

      6) қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар бірлестігі;

      7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес үлестес тұлғалар болып танылмайтын тұлғалар.

      5. Осы қаулының талаптары Заңның 15-1-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру холдингтеріне қолданылады.

      6. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 7-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      7. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      8. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      9. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев