"Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/203 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2018 жылғы 4 қазанда № 17484 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 16-6) тармақшасына және 27, 28-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫЕТЕДІ:

      1. "Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 25 маусымдағы № 90/178 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 4778 болып тіркелген, "Казахстанская правда" газетінде 2007 жылғы 7 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      қаулының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің қоса беріліп отырған қағидалары бекітілсін.".

      көрсетілген қаулымен бекітілген Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы мен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберіліуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы міндетін атқарушы
К. Петров
      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
хатшысы міндетін атқарушы
Б. Мелдешов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      _____________ Д. Абаев

      2018 жылғы "__" ______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _____________ Ә. Смайылов

      2018 жылғы "__" _________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      _____________ Т. Сүлейменов

      2018 жылғы "__" _________

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2018 жылғы 25 тамыздағы
№ 12/203 қаулысына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2007 жылғы 25 маусымдағы
№ 90/178 қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Конституциялық заң), "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың, сайлау науқанын ақпараттық қамтамасыз етудің тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      бұқаралық ақпарат құралы - мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, кинодокументалистика, дыбысбейне жазба және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз бұқаралық таратудың өзге де нысаны;

      сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету - сайлау алдындағы үгітті қоспағанда, сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу барысы туралы сайлаушыларды жедел және кеңінен хабардар етуге бағытталған шаралар кешені;

      сайлау алдындағы үгіт - сайлаушылардың Президентті, Парламент, мәслихат депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауда белгілі бір кандидатты немесе саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет;

      сөз сөйлеу - кандидаттардың, тиісінше партиялық тізімдері мен кандидаттарын ұсынған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің уәкілетті өкілдерінің, сондай-ақ сенім білдірген адамдардың сайлау алдындағы бағдарламасы баяндалған сайлаушыларға жеке үндеуі;

      сайлау алдындағы пікірсайыс - Президенттікке екі және одан көп кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың түрлі қоғамдық маңызды мәселелер, оның ішінде олардың сайлау алдындағы бағдарламаларына қатысты мәселелер бойынша жария пікірлер алмасуы.

2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың тәртібі

      3. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.

      Сайлау алдындағы үгіт Президенттікке, Парламент Сенатының (бұдан әрі - Сенат) депутаттығына кандидаттарды, Парламент Мәжілісінің (бұдан әрі - Мәжіліс) депутаттығына, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынған саяси партиялардың партиялық тізімдерін, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайта дауыс беруді өткізген кезде сайлау алдындағы үгіт қайта дауыс беру күні тағайындалған күннен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

      Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға сайлау алдындағы үгітті жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең жағдайларына кепілдік беріледі.

      Сенім білдірген адамдар сайлау алдындағы үгітті жүргізе алады.

      4. Сайлау алдындағы үгіт басталған сәттен бастап Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияның, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын барлық ақпарат, жаңалық және талдау бағдарламаларын қоспағанда, кандидаттардың немесе саяси партиялардың сайлау қорынан не жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сайлау қорынан төленуге тиіс.

      Сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарынан басқасын тегін таратуға жол берілмейді.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сайлау алдындағы үгіт:

      1) Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидатты, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияны, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне белгілі бір кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беру үндеулерін;

      2) сайлаушы дауыс беретін Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарды, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияның, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне қандай да бір кандидатқа қатысты артықшылық жасауды;

      3) Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарды, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияның, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидатты сайлаудың немесе сайламаудың мүмкін салдарларын сипаттауды;

      4) Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидат, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партия, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат туралы жағымды не жағымсыз аргументтелген көрінеу басым мәліметтерді қамтитын материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарының жарыққа шығару (эфирге шығару) жөніндегі қызметі танылады.

      6. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітті жүргізуге жол берілмейді.

      Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.

      7. Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияның, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар үшін бірдей болып табылады.

      8. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарды, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламалары Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру идеяларын жария етсе, оларды жарыққа шығарудан (эфирге шығарудан) бас тартады.

      9. Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының лауазымды адамдары осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқандары үшін жауап бермейді.

      10. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы сайлау алдындағы науқан барысында Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың материалында кандидаттардың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін ақпарат болған жағдайда, олардың үгіт материалдарын жарыққа шығарудан (эфирге шығарудан) бас тартады.

      Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттар, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттар бұқаралық ақпарат құралы редакциясының талабы бойынша үгіт материалдарында көрсетілген ақпаратты растайтын құжаттарды тапсырады.

      Үгіт материалдарын жарыққа шығарудан (эфирге шығарудан) бас тартуға заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      Қандай да бір адамның бейнесін оның жазбаша келісімінсіз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерінің жазбаша келісімінсіз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргізуге жол берілмейді.

      Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарды, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.

      11. Мыналарға:

      1) мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;

      2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілеріне, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға;

      3) сайлау комиссияларының мүшелеріне;

      4) діни бірлестіктерге сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, кез келген сайлау алдындағы үгіт материалдарын таратуға жол берілмейді.

3-тарау. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін мемлекет қаржыландыратын эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      12. Мемлекет Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді.

4-тарау. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидатқа шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру тәртібі

      13. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді.

      14. Кандидаттарға немесе саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру үшін кандидаттың куәлігі, хабар беруді (эфирге шығаруды) жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жазылған жеке жазбаша өтініші немесе Орталық не тиісті аумақтық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркеу туралы шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.

      15. Бұқаралық ақпарат құралдарында Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарттың талаптары белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық туғызбауға тиіс.

      16. Бұқаралық ақпарат құралы редакциясының Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарға, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге берген келісімі басқа кандидаттарға немесе саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге келісімі болып табылады.

      17. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не, егер өтініштер бір мезгілде келіп түскен жағдайда, жеребе бойынша белгіленеді.

      Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттар, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттар жазбаша өтініштерінде қай кезде сөз сөйлейтінін жорамалдайтын күнін, уақытын көрсетеді. Осы ұсыныстардың негізінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың немесе саяси партиялардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін белгілейді.

      18. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін бұқаралық ақпарат құралының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралының редакциясы әзірлейді. Осы кестеге кандидаттардың немесе саяси партиялардың жарнама және үгіт материалдарын жариялау да енгізіледі.

      Кандидаттардың немесе саяси партиялардың үгіт материалдарын жарыққа шығарудың (эфирге шығарудың) күні мен уақыты көрсетілген кестенің көшірмесі Орталық немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясына, кестеге бір тәулік ішінде ұсынылуы тиіс өзгерістердің енгізілуін қоспағанда, үш тәулік ішінде жіберіледі.

      19. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың теледидар мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздеріне іле-шала сол күні, сондай-ақ баспасөз басылымдарындағы сөздеріне сол нөмірде түсініктеме жасауға жол берілмейді.

      20. Республикалық мерзімді баспасөз басылымдары мәслихат депутаттарын сайлау кезінде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы материалдарын тиісті облыста, қалада, ауданда қосымша парақтарды (беттерді) басу арқылы таратады.

      21. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ Президентті және Парламент депутаттарын сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясына, мәслихат депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына беруге тиіс.

      22. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жарияланымдары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

      Ақпараттандыру тәсілін бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өзі айқындайды.

      23. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шығару (эфирге шығару) құны кандидаттардың немесе саяси партияның сайлау қорының қаражатынан төленеді.

      Құны кандидаттың не саяси партияның сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген үгіт материалдарын жарыққа шығаруға (эфирге шығаруға) жол берілмейді.

      24. Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады.

      Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады.

      25. Сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді мемлекеттік билік органдары, сайлау комиссиялары, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

5-тарау. Сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету тәртібі

      26. Бұқаралық ақпарат құралдары барлық Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттарды, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарды ұсыну, оларды тиісті сайлау комиссияларының тіркеуі, сондай-ақ кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап өткізілетін сайлау алдындағы үгіт іс-шаралары туралы ақпаратты баспасөз бетінен орынның, эфир уақытының бірдей көлемінде таратады.

      Осы жарияланымдар, жаңалықтар мен талдау бағдарламаларының сюжеттері сайлау алдындағы үгіт белгілерін қамтымауға тиіс және кандидаттардың немесе саяси партиялардың сайлау қорлары қаражатынан төлеуді қажет етпейді.

      27. Бұқаралық ақпарат құралдары сайлау комиссияларының хабарларын, Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың деректерін Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген Сайлау комиссияларының хабарларын мерзімді баспасөз басылымдарының республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен орналастыру қағидаларында белгіленген тәртіппен және көлемде жариялайды.

      Осы хабарларды мерзімді баспасөз басылымының бір нөмірінде, ал едәуір көлемді болса, басылымға қосымша ретінде жариялау қажет.

      28. Бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сайлау комиссияларына сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты және Конституциялық заңда белгіленген хабарларды кідіріссіз жариялауға мүмкіндік береді.

      Ақпарат оны кейіннен жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарының редакцияларына баспа өнімінің келесі нөмірі шығатын күннің алдындағы күнгі сағат 15-ке дейін жіберілуі қажет.

      29. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын әділ жариялауды жүзеге асыруға; кандидаттың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; аталған адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен және теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған сол жерде теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік береді. Радио және теледидар арқылы теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты тәуліктің сол уақытында және сол теле- және радиобағдарламада, ал аталған теле- және радиобағдарлама жабылып қалған жағдайларда - оған тақырыптық бағыты сәйкес келетін өзге теле- және радиобағдарламада берілуі қажет.

      Теріске шығару көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі есе және одан үлкен бола алмайды.

      Өтінішке таратылған материалдарды кандидаттардың, саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тану туралы сот шешімінің көшірмесі қоса берілуі қажет.

      Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың сайлау науқанын жария еткен кезде кандидаттардың қызметі туралы жариялауда олардың ешқайсысына артықшылық туғызбай, теңдік және тепе-теңдік қағидаттарын басшылыққа алады.

      30. Ақпараттық теле- және радиохабарларда, жарияланымдарда, мерзімді баспасөз басылымдарында сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу туралы хабарлар қандай болмасын Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидатқа, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидатқа артықшылық берусіз не алалаусыз берілуі қажет.

      Артықшылық беру немесе алалау деп нақты кандидат немесе саяси партия туралы, мерзімді баспасөз басылымының жеке нөміріндегі көлемі бойынша басым, жеке телерадиохабардағы көлемі бойынша басым және арнайы әсерлермен ерекшелендірілген оң да, келеңсіз де сипаттағы хабарларды, жаңалықтар дикторының мәтініне кандидаттың немесе саяси партияның оларға үндеулер мен өтініштерді бағалауын енгізу деп түсінген жөн.

      31. Президенттікке, Парламент, мәслихат депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттар болып тіркелген журналистердің, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының не олардың сенім білдірген адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуге қатысуына құқығы жоқ.

      Егер Президенттікке, Парламент, мәслихат депутаттығына кандидаттардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың сайлау тізіміне енгізілген адам не Президенттікке, Парламент, мәслихат депутаттығына, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттың сенім білдірген адамы бұқаралық ақпарат құралының бас редакторы (редакторы) болып табылса, оның өкілеттіктері сайлау кезеңіне басқа жауапты адамға беріледі.

      32. Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау жүргізген заңды тұлғаны, сұрау жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижелерінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.

      Қоғамдық пікірге сұрау салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сұрау салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізе алады. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сұрау салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар, қоғамдық пікірге сұрау салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

      Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні Интернет желісінде жариялауға жол берілмейді.

      Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сұрау салуды жүргізуге жол берілмейді.

6-тарау. Осы Қағидалардың сақталуын бақылауды ұйымдастыру

      33. Президенттікке, Сенат депутаттығына кандидаттардың, Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттардың, олардың сенім білдірген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының және олардың қызметкерлерінің осы Қағидалардың ережелерін сақтауын бақылауды Орталық және тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      34. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы сайлау алдындағы үгіт материалдарының жариялануына, эфирге шығуына есеп жүргізеді. Сайлау комиссиясынан сұрау салу түскен жағдайда бұқаралық ақпарат құралының редакциясы сұрау салынған күннен бастап үш күндік мерзімде оған жазбаша ақпарат, ал қажет болған жағдайда сұрау салынған материалдардың көшірмелерін ұсынады.

      35. Сайлау алдындағы үгітті қамтитын теле- және радиобағдарламалардың (хабарлардың) жазбалары Заңның 16-бабының 2-тармағына сәйкес тиісті бұқаралық ақпарат құралының редакциясында телеарналарда соңғы жазба жүргізілген сәттен бастап кемінде алты ай сақталады.

      36. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, хабарларға байланысты даулар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қаралады.