Мерзімді баспасөз басылымдарының сайлау комиссияларының хабарларын республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен орналастыру қағидалары мен көлемін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/201 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2018 жылғы 2 қазанда № 17463 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы міндетін атқарушы
К. Петров
      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
хатшысы міндетін атқарушы
Б. Мелдешов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      _____________ Д. Абаев

      2018 жылғы "__" ____________

  Қазақстан Республикасының
Орталық сайлау комиссиясының
2018 жылғы 25 тамыздағы
№ 12/198 қаулысымен
бекітілген

Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 29.12.2022 № 139/644 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Президенттікке, Қазақстан Республикасының Мәжілісі және (немесе) мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттардың, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың, әкімдікке кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайыстарды (бұдан әрі - пікірсайыс) өткізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – Ортсайлауком) ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы.

      3. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, әкімге кандидаттар Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес тиісті аумақтық сайлау комиссияларын ұйымдастыруға құқылы сайлау алдындағы пікірталастарға қатыса алады.

2-тарау. Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу шарттары

      4. Ортсайлауком пікірсайыстарды өткізу туралы шешім қабылданған соң бес күнтізбелік күн ішінде форматын айқындайды және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға пікірсайыс өткізілетін күні, уақыты және орны туралы жазбаша хабарлайды.

      5. Аумақтық сайлау комиссиясы пікірсайыстарды өткізу туралы шешім қабылданған сәттен кейін бес күнтізбелік күн ішінде пікірсайыстар форматын айқындайды және оларөткізілетін күн, уақыт және олардың өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы жазбаша:

      1) мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға;

      2) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға;

      3) әкімдікке кандидаттарға хабарлайды;

      6. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары үшін бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар арасында пікірсайыстар өткізу туралы шешім қабылданған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде пікірсайыс өткізудің жалпы бірыңғай форматын айқындайды және оларды хабардар етеді.

      Аумақтық сайлау комиссиялары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Орталық сайлау комиссиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар үшін пікірсайыс өткізу форматын алған сәттен бастап күнтізбелік екі күн ішінде саяси партияларды пікірсайыс өткізу күні, уақыты, орны туралы жазбаша хабардар етеді.

      7. Телеарнада пікірсайыстар өткізу форматы кезінде телеарналар Қазақстан Республикасының Президенттігіне, әкімдікке тіркелген кандидаттарға, саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша ұсынылған Мәжіліс және (немесе) мәслихат депутаттығына кандидаттарға, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарға Орталық сайлау комиссиясымен немесе тиісті сайлау комиссиясымен шарттық негізде пікірсайыс өткізілетін күнін, уақытын, орнын және регламентін көрсете отырып, өзінің эфир уақытын береді.

      8. Телеарналар шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне, әкімдікке, Мәжілістің және (немесе) мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттардың пікірсайыстар өткізуі үшін эфир уақытын резервке қояды. Кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақытының көлемі бірдей болуы тиіс.

      9. Теледидардағы пікірсайыс кезінде қатысатын қатысатын адамдардың тізімін Орталық сайлау комиссиясы немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясы бекітеді.

      10. Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп пікірсайыстарды өткізуге арналған үй-жайларды айқындайды.

      Үй-жайлар теле-, радиобағдарламаларды трансляциялауға арналған дыбыс және бейнеқұрылғылармен жабдықталуы, сондай-ақ пікірсайыстарды онлайн-трансляциялау үшін Интернет желісіне (бар болса) қосылған болуы тиіс.

      11. Сайлау комиссиялары жария пікірсайыстарды жүргізу үшін жүргізушіні анықтайды.

      12. Сайлау комиссиялары өткізілетін пікірсайыстар туралы жариялауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізеді.

3-тарау. Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі

      13. Кандидаттардың сөз сөйлеу кезегі жеребе бойынша белгіленеді.

      14. Жүргізуші Ортсайлаукоммен немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясымен келісілген пікірсайыс өткізу регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      15. Пікірсайысты жүргізуші:

      кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін бұзбайды;

      егер оларды өткізу регламентінде басқаша көзделмесе, не бұл уақыттың аяқталуына байланысты болмаса, Президенттікке, кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардан Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына, әкімдікке кандидаттардың, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттардың сөз сөйлеу уақытын бақылайды;

      кандидаттардың, саяси партиялардың ешқайсысына артықшылық бермейді және олардың сөздеріне түсініктеме бермейді.

      16. Президенттікке, саяси партиялар ұсынған Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына, әкімдікке кандидаттар, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттар:

      пікірсайыс өткізу регламентін сақтайды;

      этикалық нормалар шеңберінде пікірталас жүргізеді, басқа кандидаттарға, саяси партияларға, олардың мүшелеріне қатысты қорлайтын, көрінеу жалған, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздерден, сондай-ақ басқа саяси партиялардың өкілдеріне қатысты кемсітушіліктен қалыс қалады және оларға жол бермейді;

      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді;

      жүргізушінің негізделген талаптарын орындайды.

      17. Пікірсайыс уақытында Президенттікке, әкімдікке кандидаттарға, саяси партиялар ұсынған Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарға, сондай-ақ өзге де қатысушы адамдарға кандидаттардың сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге, сондай-ақ оларға іле-шала қандай да бір пікір білдіруге жол берілмейді.

      18. Президенттікке, әкімдікке кандидаттар, Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, Сенат депутаттығына кандидаттар пікірсайыстарға қатысудан бас тарта алады.

      19. Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, әкімдікке кандидаттар, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар, Сенат депутаттығына кандидаттар қатыспаған жағдайда, пікірсайыстардағы сол кандидат, партия үшін белгіленген эфир уақыты пікірсайыстың басқа қатысушылары арасында теңдей бөлінеді.

      20. Пікірсайыс өткізу тілі: қазақ және орыс.

      21. Президенттікке кандидаттардың, Мәжіліс және (немесе) мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, әкімдікке кандидаттардың, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың, Сенат депутаттығына кандидаттардың пікірсайыс жазбалары "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес телеарналардағы соңғы жазба жүргізілген сәттен бастап кемінде алты ай сақталады.