Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 203 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 2 қазанда № 17460 болып тіркелді.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктері бекітілсін.

      2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 тамыздағы
№ 203 қаулысымен
бекітілді

Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктері

      1. Осы Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктері (бұдан әрі - Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленді және қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктерін айқындайды.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бордеро - қайта сақтанушы қайта сақтандырушыға ұсынатын және қайта сақтандыру шарты бойынша міндеттемелер мен оған сәйкес берілуге тиіс сыйлықақылардың тізбесі бар құжат;

      2) ескерту - тәуекелді өтеуді шектеу немесе кеңейту бойынша халықаралық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қолданатын және іскерлік айналым әдет-ғұрыптарына сәйкес халықаралық тәжірибеде қабылданған стандартты талап;

      3) қайта сақтандыру комиссиясы - қайта сақтандырушының қайта сақтанушы қайта сақтандыруға объектілер (тәуекелдер) бергені үшін қайта сақтанушыға төлейтін сыйақысы;

      4) қайта сақтандыру өтемі - сақтандыру шарты бойынша сақтандырушы нақты жүзеге асыратын сақтандыру төлемінен қайта сақтандырушы төлейтін үлестен және шығынды реттеуге байланысты қайта сақтанушы жүргізген шығыстарды өтеуден тұратын, қайта сақтандыру шарты бойынша қайта сақтанушы қайта сақтандырушыдан алатын ақша сомасы;

      5) қайта сақтандыру шарты - қайта сақтанушы (цедент) пен қайта сақтандырушы арасындағы келісім, оның талаптарына сәйкес қайта сақтанушы (цедент) бір немесе бірнеше сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру тәуекелінің барлығын немесе бөлігін береді, ал қайта сақтандырушы қабылдайды;

      6) қайта сақтандырушының жауапкершілік лимиті - қайта сақтандыру шарты бойынша көрсетілген уақыт кезеңі ішінде берілген қайта сақтанушының (цеденттің) меншікті шегерімінен аса белгіленетін ең жоғары қайта сақтандыру өтемі;

      7) қайта сақтандырушының нетто-қайта сақтандыру сыйлықақысы - қайта сақтандыру ұйымы өзге де шығыстарды өтеуді ескермей сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша ғана міндеттемелерін қабылдағаны үшін төлеуге тиіс ақша сомасы;

      8) қол қою парағы - сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы өзі қайта сақтандыруға қабылдайтын тәуекелдің үлесін көрсете отырып, белгі (қол және (немесе) мөртабан) жүргізетін қайта сақтандыру слипіне қосымша ретінде ресімдейтін құжат. Қол қою парағы ол ресімделген жағдайда, қайта сақтандыру слипінің ажырамас бөлігі болып табылады;

      9) қосалқы лимит - қайта сақтандырушының жауапкершілік лимиті шеңберінде айқындалған сақтандыру тәуекелдерінің жекелеген түрлері бойынша қайта сақтандыру өтеміндегі шектеу;

      10) облигаторлық қайта сақтандыру - қайта сақтанушы (цедент) қайта сақтандырушыға қайта сақтандыруға беруге, ал қайта сақтандырушы жасалған қайта сақтандыру шартының талаптарына сәйкес сақтандыру шарттары бойынша тәуекелдің барлығын немесе бөлігін қабылдауға міндетті қайта сақтандыру нысаны;

      11) сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының комиссиясы - қайта сақтанушы (цедент) сақтандыру брокеріне, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалына соңғының нысандарды (тәуекелдерді) қайта сақтандыруға бергені үшін төленетін сыйақы;

      12) тепе-тең емес қайта сақтандыру - егер қайта сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, залал немесе шығындылық мөлшері қайта сақтандыру шартында айқындалған қайта сақтанушының басымдығынан асқан жағдайда қайта сақтандыру өтемін жүзеге асыру бойынша қайта сақтандырушының жауапкершілігі туындайтын қайта сақтандырудың түрі;

      13) тепе-тең қайта сақтандыру - қайта сақтандырушының қайта сақтандыру төлемін жүзеге асыру бойынша қайта сақтанушы алдындағы міндеттемелері қайта сақтандырудың түрі сақтандыру төлемінен тепе-теңдікте (үлесте) айқындалатын қайта сақтандыру түрі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы қайта сақтандыру шартын құжатпен ресімдеу және оған қол қою тәртібін көздейтін ішкі қағидалар мен рәсімдердің болуын, оның ішінде Қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, мерзімдері мен уәкілетті адамдарды айқындауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасының бейрезидент-қайта сақтандыру ұйымымен қайта сақтандыру шарты жасалған кезде Қазақстан Республикасының резидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалында (бұдан әрі - қайта сақтандыру шартының қайта сақтанушысы (цедент) қайта сақтандыру шартының (барлық қосымшаларды қоса алғанда) болуы қамтамасыз етіледі, онда қол қоятын адамының тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса), сондай-ақ лауазымы міндетті түрде көрсетіле отырып тәуекелдерді орналастыруға қатысатын барлық қайта сақтандырушылардың не тәуекелдің неғұрлым көп үлесін қабылдайтын қайта сақтандырушының (жетекші қайта сақтандырушының) қолдары болуы тиіс.

      Қайта сақтанушыда (цедентте) қайта сақтандыру шартының болуы сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беру Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің қатысуынсыз Қазақстан Республикасының резидент-сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының делдалдығы арқылы не қаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) лицензиясы негізінде сақтандыру брокерінің қызметін Қазақстан Республикасының аумағында еншілес ұйымы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері арқылы қайта сақтандыру ковернотын ресімдеу не қол қою парағымен қайта сақтандыру слипін ресімдеу арқылы жүзеге асырылған жағдайларда міндетті емес.

      Қазақстан Республикасының резидент-сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің делдалдығы арқылы қайта сақтандыруға беру процесіне қатысқан жағдайда, Қазақстан Республикасының резидент-сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы қайта сақтандыру коверноты мазмұнының қайта сақтандыру шартына және (немесе) қайта сақтандыру слипіне сәйкестігін салыстырып тексеруді қамтамасыз етеді.

      Жасалған қайта сақтандыру шарты (қайта сақтандыру слипі) мен қайта сақтандыру коверноты талаптарының арасында қайшылықтар болған жағдайда, қайта сақтандыру шартының (қайта сақтандыру слипінің) талаптары қабылданады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Қайта сақтандыру шартын жасауды растау ретінде қайта сақтанушыда (цедентте) қайта сақтандыру шартының (қайта сақтандыру слипінің және (немесе) қол қойылған парағының), қайта сақтандыру ковернотасының электрондық немесе сканерленген көшірмелерінің болуына осы көшірмелерді қайта сақтандыру ұйымының немесе уәкілетті орган лицензиясының негізінде сақтандыру брокерінің қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын еншілес ұйымы бар Қазақстан Республикасының бейрезиденті сақтандыру брокерінің интернет-ресурсының домендік аты бар электрондық адрестен алған жағдайда рұқсат етіледі.

      Тәуекелдерді сақтандыру брокерінің (сақтандыру брокерлерінің), Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының (Қазақстан Республикасының бейрезиденттер-сақтандыру брокерлері филиалдарының) делдалдығы арқылы қайта сақтандыруға берген кезде, қайта сақтандыру шартын (қайта сақтандыру слипін және (немесе) қол қою парағын) жасауды растау ретінде қайта сақтанушыда (цедентте) қайта сақтандыру шартының электрондық немесе сканерленген көшірмесінің және Exchange-Lloyd's немесе Placіng Platform Lіmіted сақтандыру нарығының қатысушылары арасында ақпаратпен (хабарламалармен) алмасудың ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі - ақпаратпен алмасу жүйелері) осы жүйелерде авторизацияланған Standard & Poor's рейтинг агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Іnvestors Servіce, Fіtch, A.M. Best агенттіктерінің халықаралық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар халықаралық сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерлерінен немесе олардың еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерлерінен алынған электрондық үзінді-көшірменің болуына рұқсат етіледі. Бұл ретте қайта сақтандыру шартының (қайта сақтандыру слипінің) электрондық үзінді-көшірмесі және электрондық немесе сканерленген көшірмесі қайта сақтанушыға (цедентке) қайта сақтандыру ұйымының немесе ақпарат алмасу жүйелерінде авторизацияланған Standard & Poor's рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Іnvestors Servіce, Fіtch, A.M. Best агенттіктерінің халықаралық шәкілі бойынша осындай деңгейдегі рейтингі бар халықаралық сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерінің немесе оның еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерлерінің интернет-ресурсының домендік аты бар электрондық мекенжайдан жіберіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасының бейрезиденті сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына тәуекелдерді облигаторлық тепе-тең қайта сақтандыру шарты шеңберінде берген жағдайда, қайта сақтанушы (цедент) кемінде тоқсанына бір рет бордеро сыйлықақыларының, шығындардың не сыйлықақылар мен шығындар бойынша өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актілерінің электрондық немесе сканерленген көшірмелері болуын қамтамасыз етеді.

      Облигаторлық тепе-тең емес қайта сақтандыру шарты бойынша бордеро сыйлықақылары, шығындар не сыйлықақылар мен шығындар бойынша өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актілері тараптар келісімде белгіленген кезеңділікпен жасалады.

      7. Қайта сақтанушы (цедент) Қазақстан Республикасының бейрезиденті қайта сақтандырушымен мыналар қамтылатын ішкі құжат негізінде қайта сақтандыру шартын жасау бойынша шешім қабылдайды:

      тәуекелдерді көрсетілген талаптарда, оның ішінде экономикалық тұрғыдан орындылығы талаптарында (өтеу сапасы) Қазақстан Республикасынан тыс қайта сақтандыру қажеттігіне негіздеме;

      баға ұсыныстарын, оның ішінде тәуекелдерді қабылдау туралы ұсыныстар жіберілген Қазақстан Республикасының резиденттері қайта сақтандырушылардың баға ұсыныстарын талдау.

      Тәуекелдерді облигаторлық қайта сақтандыру шартының шеңберінде берген кезде, тәуекелдерді қайта сақтандыруға беру жөніндегі негіздемеде сақтандырудың берілетін түрлері (сыныбы) бойынша облигаторлық қайта сақтандыру шарты жасалған күннің алдындағы соңғы 3 (үш) қаржы жылында жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары портфелінің шығындылығын талдауды қосымша қамтиды.

      8. Осы Қағидалардың 6 және 7-тармақтарының талаптары сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысу шеңберінде қабылданған тәуекелдерді кейіннен беру жөніндегі қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.

      9. Сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға берген кезде қайта сақтанушы (цедент) қайта сақтандыру шартында қайта сақтандырушы ұйым құжатпен растаған мына мәліметтердің болуын қамтамасыз етеді:

      қайта сақтандырушының нетто-қайта сақтандыру сайлықақысының мөлшері, оны төлеу тәртібі мен мерзімдері;

      қайта сақтандыру комиссиясының, сақтандыру брокерінің және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы комиссиясының мөлшері, оны төлеу тәртібі мен мерзімдері;

      дауларды шешу кезіндегі елдің юрисдикциясы.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Егер қайта сақтандыру шартында қайта сақтанушының (цеденттің) меншікті шегерімінің немесе жеке сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының ең жоғарғы мөлшерінен асатын тәуекелдер өтелсе, онда қайта сақтанушы (цедент) немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушылары қайта сақтандыру шартының меншікті шегерім мөлшерінен асып кету бөлігіндегі талаптары сақтандыру шартының талаптарына сәйкес келуін, сондай-ақ қайта сақтандыру шартында тәуекелдерді толық көлемде қайта сақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында осы сақтандыру шартында көзделген сақтандырудың барлық объектілері мен сақтандыру жағдайларын қамтуға тиіс.

      Егер қайта сақтандыру шартында қайта сақтандырушыны сақтандыру (қайта сақтандыру) шартында көзделмеген қайта сақтандыруды өтеуден, оның ішінде франшизалардан, ескертулерден босату бойынша талаптар, сақтандыру жағдайларынан қайта сақтандырушының жауапкершілігінің қосымша лимиттерін және қосалқы лимиттерді алып тастау не қайта сақтандыру бойынша өзге де шектеулер қамтылса, онда жеке сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша қайта сақтанушының (цеденттің) меншікті шегерімінің мөлшері аталған талаптарды ескере отырып айқындалады.

      Мұндай жағдайда қайта сақтанушының (цеденттің) меншікті шегерімінің ең жоғарғы мөлшерінен асатын тәуекелдердің бір бөлігі толық көлемде қайта сақтандырылуға тиіс.

      11. Кейіннен ол бойынша тәуекел беру жүзеге асырылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты жарамсыз немесе күші жоқ деп танылған жағдайда, қайта сақтанушы (цедент) қайта сақтандыру сыйлықақысын, сақтандыру (қайта сақтандыру) брокерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының комиссиялық сыйақысын немесе осындай қайта сақтандыру шартты жасаумен байланысты төлемдерді немесе олардың бөліктерін қайтару бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Егер қайта сақтандыру шарты сақтандыру қорғауын тоқтата тұру, тоқтату не тараптардың шартта белгіленген міндеттемелері орындалмаған не тиісінше орындалмаған кезінде қайта сақтандыру шартын бұзу бойынша талаптарды қамтыса, онда осындай міндеттемелерін тиісінше орындамаған не орындамаған кезде қайта сақтандырушының (цеденттің) меншікті шегерімінің мөлшері сақтандыру қорғауын осындай кезеңге тоқтата тұру, тоқтату немесе қайта сақтандыру шартын бұзудың ұсынылып отырған күнімен осы талаптар ескеріле отырып айқындалады.

      13. Сақтандыру шартын жасау бойынша делдал қызметін жүзеге асыратын сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы тиісті лицензиялар негізінде сақтандыру пулы қатысушыларының ортақ істерін басқаруға және оны жүргізуге тартылады.

      Қайта сақтандыру шартын жасау бойынша делдал қызметін жүзеге асыратын сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы тиісті лицензиялар негізінде қайта сақтандыру пулы қатысушыларының ортақ істерін басқаруға және оны жүргізуге тартылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қатысушылары сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының бірлескен қызмет туралы шарт жасау және оларға қосымша келісімдер жасау туралы уәкілетті органға тиісінше хабарлау туралы міндеттеме қабылдайтын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын айқындайды.

      15. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының бірлескен қызметі туралы шарт жасау және оған қосымша келісім жасау туралы хабарлама уәкілетті тұлғаның қолы қойылған қағаз тасымалдауышта жіберіледі.

      16. Ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушы (сақтандырылған, пайда алушы), қайта сақтанушы осындай шартта көрсетілген кез келген сақтандырушыға (қайта сақтандырушыға) не сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың ортақ істерін басқаратын және жүргізетін сақтандыру брокеріне, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалына сақтандыру төлемі туралы талабымен өтініш беруге құқылы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Егер сақтандыру төлемі туралы талап бірлескен қызмет туралы шарттың талаптарына сәйкес зиянды реттеу бойынша міндет жүктелмеген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына қойылған болса, онда бұл талап сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың ортақ істерін басқаратын және жүргізетін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалына не сақтандыру брокеріне, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалына берілуі тиіс.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.02.2021 № 28 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.