"Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің мін

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 2 шілдедегі № 317 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 шілдеде № 17209 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2008 жылғы 16 мамырдағы № 272 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5229 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында 2008 жылғы 15 тамызда № 8 болып жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары, осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ш.Т. Каринова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмелерін ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 2 шілдедегі
№ 317 бұйрығына -
қосымша
  Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрінің м.а.
2008 жылғы 16 мамырдағы
№ 272 бұйрығымен бекітілген

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес қызметін ұйымдастырудың және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңес қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесі (бұдан әрі - Педагогикалық кеңес) білім беру ұйымдарын алқалы басқару нысандарының бірі болып табылады.

      3. Педагогикалық кеңес:

      1) оқу-тәрбие жұмыстарын жоспарлау және іске асыру;

      2) жұмыс оқу жоспарларын бекіту;

      3) білім беру қызметтерін ұсыну сапасы;

      4) инклюзивті, арнайы білім беруді қамтамасыз ету үшін білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) үлгерімі және психологиялық-педагогикалық даму ерекшеліктері туралы алынған деректердің негізінде білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) жеке ерекшеліктері ескеріліп, оқу-тәрбие және түзету-дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға ұсынымдар әзірлеу;

      5) білім алушыларға қорытынды аттестаттауды өткізу, оларды емтиханға жіберу, ұсынылған құжаттар негізінде білім алушыларды емтиханнан босату, білім алушыларды келесі сыныпқа ауыстыру немесе оларды қайталау курсына қалдыру, білім алушыларды грамоталармен, мақтау қағазымен марапаттау, негізгі орта білімді үздік бітіру туралы аттестат, негізгі орта білімді бітіргендігі туралы аттестат, жалпы орта білімі туралы үздік аттестат, жалпы орта білімі туралы аттестат, белгіленген үлгідегі анықтама беру туралы шешімдер қабылдау;

      6) педагогтардың оқу жүктемесін бөлу, аттестаттауға дайындау, марапаттау және мадақтау;

      7) білім беру ұйымының үш тілде оқытуға ауысу;

      8) экстернаттық оқыту нысанындағы білім алушыларға рұқсат беру, аралық және қорытынды аттестаттаужүргізу;

      9) зияткерлік, ғылыми, спорттық жарыстарға, музыкалық-шығармашылық конкурстарға қатысушы білім алушыларға жеке жұмысты ұйымдастыру;

      10) сабақ кестесін құрастыру;

      11) білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) қабылдау, ауыстыру және бітіріп шығу;

      12) білім алушының (тәрбиеленушінің) эмоциялық-ерік және жеке дамуын зерделеу мәселелерін қарастырады.

2-тарау. Педагогикалық кеңестің құрамы және оны сайлау тәртібі

      4. Педагогикалық кеңестің құрамына білім беру ұйымдарының барлық педагогтары кіреді.

      5. Педагогикалық кеңес өз құрамынан бір оқу жылы мерзіміне төрағаны, хатшыны сайлайды.

      6. Педагогикалық кеңестің құрамы бір оқу жылына білім беру ұйымының басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      7. Білім беру ұйымындағы педагогикалық кеңестің отырысына педагогикалық кеңестің мүшелері шақырылады. Қарастырылатын мәселеге сәйкес қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің мүшелері, білім беру ұйымдарына қарасты медициналық пункт қызметкерлері, сондай-ақ білім алушылардың ата-аналары қосымша шақырылады.

3-тарау. Педагогикалық кеңестің қызмет тәртібі

      8. Педагогикалық кеңестің жұмысы бір оқу жылына әзірленетін және білім беру ұйымының басшысы бекітетін жұмыс жоспары бойынша жүргізіледі.

      9. Педагогикалық кеңестің отырысыжоспарлы (жылына кемінде 5 рет) және жоспардан тыс (туындаған проблемаларды талдауды, оларды еңсеру жолдарын пысықтауды, рұқсат берілетін жүктемені анықтауды, оқыту режимі мен нысанын өзгерту қажеттігін қарастыратын, педагогтардың немесе ата-аналардың сұраныстары бойынша ұйымдастырылады) болып бөлінеді. Педагогикалық кеңестің барлық мүшелерінің 1/4 ұсынысы бойынша педагогикалық кеңестің жоспардан тыс отырысы өткізіледі.

      10. Отырысты өткізуге дайындық отырыс өткізілетін күнге дейін 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жоспарланады. Білім алушылармен (тәрбиеленушілермен) тікелей жұмыс жүргізетін қызметкерлер отырыс өткізілгенге дейін 3 (үш) жұмыс күн қалғанда хатшыға тиісті құжаттарды ұсынады. Педагогикалық кеңес отырысының уақыты, орны және тәртібі мектеп әкімшілігімен келісіледі.

      11. Педагогикалық кеңестің шешімі дауыс берушілердің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда төраға дауысы шешуші болып табылады. Педагогикалық кеңестің құзыреті шегінде қабылданған және заңнамаға қайшы келмейтін шешімдері орындауға міндетті болып табылады.

      12. Педагогикалық кеңестің отырысы бойынша хаттама шығарылады. Хаттамаға кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      13. Педагогикалық кеңес отырысында талқыланатын мәселелер бойынша орындау мерзімі және орындауға жауапты тұлға көрсетілген қаулы шығарады. Кеңестің кезекті отырысында төраға өткен педагогикалық кеңес шешімінің орындалу нәтижесі туралы қорытынды шығарады.

      14. Педагогикалық кеңестің хаттама кітапшасының әрбір беті нөмірленген, жіппен тігілген, білім беру ұйымының мөрімен және білім беру ұйымы басшысының қолымен бекітілген болуы керек.