"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 398 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11519 болып тіркелген, 2015 жылғы 3 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
2) "Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 398 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 30 маусымдағы № 531 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14132 болып тіркелген, 2016 жылғы 9 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
______________ Д. Абаев
2018 жылғы 22 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
______________ Ө. Шөкеев
2018 жылғы 29 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
______________ Б. Атамқұлов
2018 жылғы 21 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________ Т. Сүлейменов
2018 жылғы 10 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ Қ. Бозымбаев
2018 жылғы 23 мамыр
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 312 бұйрығымен бекітілген |
Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидалары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер салдарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдаланып байқау жүйесін білдіреді.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және ондағы болып жатқан үдерістер жер қойнауының мемлекеттік мониторингісінің объектісі болып табылады.
4. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің, оның ішінде жер қойнауы сапасының нормативтерін қадағалау кезінде өндірістік мониторингтің (әсер ету мониторингі) бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
5. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі Қазақстан Республикасы қатысатын жер қойнауы мен қоршаған ортаның жаһандық халықаралық бағдарламасына еңгізіледі.
6. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі тау-кен аудандарын, мұнай-газ провинцияларын, жерасты суларының бассейндерін, пайдалы қазбалардың, оның ішінде жерасты суларының кен орындарын, су тұткыш кешендері мен белдеулерін, су жібермейтін қабаттарды, геологиялық үдерістер өтіп жатқан геологиялық денелерді, геофизикалық, сейсмикалық, гравитациялық және басқада өрістерді, жер қойнауын пайдалану және жерасты суларының су пайдалану учаскелерін, ластанған жер қойнауын, тау-кен қазбаларын және су жинауды қоса алғанда, табиғи және табиғи-техногендік жүйелерде өткізіледі.
2-тарау. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру тәртібі
7. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі үш деңгейде жүзеге асырылады:
1) жергілікті – жер қойнауын пайдалану мен су пайдалану учаскелерін, пайдалы қазбалар (карьерлер, шахталар, ұңғымалар, су жинау құрылыстары, көму полигондары, су төмендету қондырғылары) кен орындарын барлау мен өндіруді, жер қойнауы кеңістігін пайдалануды, жер қойнауының ластануын, қамтитын жекелеген табиғи-техногендік жүйелер шеңберінде;
2) өңірлік – геологиялық-құрылымдық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық және басқа ерекшеліктер, әкімшілік, экономикалық, экологиялық және басқа шекаралар, жер қойнауының жай-күйіне әсер ететін табиғи және техногендік факторлар кешені ескеріле отырып, жекелеген табиғи жүйелердің аумағында;
3) республикалық - қажетіне қарай жалпы мемлекеттік маңызы бар ірі өңірлерді, сондай-ақ трансшекаралық жерасты су объектілерін бөле отырып, Қазақстан Республикасының барлық аумағында.
8. Жер қойнауы мемлекеттік мониторингі:
1) қатты пайдалы қазбалар кен орындарының мониторингін;
2) көмірсутегі кен орындарының мониторингін;
3) жерасты суларының мониторингін;
4) жер қойнауының кеңістігін пайдалану бойынша операцияларды жүргізу үшін берілген жер қойнауы учаскелерінің мониторингін;
5) жер қойнауын пайдаланумен байланысы жоқ шаруашылық қызметтің әсеріне ұшырайтын жер қойнауы учаскелерінің мониторингін қамтиды.
9. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі:
1) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен құрылған, жер қойнауының табиғи, сондай-ақ бұзылған алаңдарында орналастырылған мемлекеттік желілерінің бақылау пункттері мен полигондарында;
2) жер қойнауын пайдалануға келісімшарт немесе лицензияға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттардың шарттарына сәйкес су пайдаланушылар құрған жеке меншік желіні бақылау пункттерінде жүзеге асырылады.
10. Жер қойнауының жай-күйін тұрақты болжауды қоса алғанда, деректерді сақтау және өңдеу үшін жер қойнауын пайдалану жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жер қойнауы туралы мемлекеттік деректер банкінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелері (бұдан әрі - автоматтандырылған ақпараттық жүйе) қолданылады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйеде түрлі деңгейлер арасында, сондай-ақ "Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі" ақпараттық жүйесі мен табиғи ресурстар мониторингі басқа жүйелерінің дерекқорының арасында ақпаратты стандартталған түрде алмасуды қамтамасыз ететін ақпаратты бірыңғай әдістемелік негізде жинақтау, өңдеу және сақтау жүзеге асырылады.
11. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі координаттар мен биіктіктердің, жіктегіштердің бірыңғай жүйесін, бірліктердің, деректердің стандартты форматтарының, көрсеткіштер кешені мен бірыңғай нормативтік-әдістемелік және техникалық база жүйесін пайдалануға негізделген бастапқы әртекті деректерді салыстыру шарттары сақтала отырып жүргізіледі.
12. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде алынатын жер қойнауының жай-күйі туралы ақпаратты уәкілетті орган жыл сайын ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда жалпыланған түрде табиғат пайдалану саласындағы шешімдерді қабылдау кезінде қолдану үшін мемлекеттік органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
13. Уәкілетті орган мыналарды:
1) республикалық және өңірлік деңгейлерде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыруды;
2) бақылау пункттері мен полигондарды құруды, пайдалануды, ұстауды, консервациялауды және жоюды, мемлекеттік желіні оңтайландыруды, сондай-ақ тақырыптық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, нормативтік-техникалық құжаттардың әзірленуін, жер қойнауының мемлекеттік мониторингін қамтамасыз ету үшін геологиялық және гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық және өзге де арнайы карталар жасауды қоса алғанда, мемлекеттік бақылау желілерінде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізуді;
3) бақылау деректері мен нәтижелерін ұсынуды;
4) Қазақстан Республикасының жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқорын ұйымдастыруды және жүргізуді;
5) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 32-бабы 2-тармағына сәйкес жер қойнауын мемлекеттік бақылау мемлекеттік желілеріне кіретін бақылау пункттері мен бекеттерін және басқа құрылыстарды пайдалану және құрылысы үшін жер учаскелерін алуды;
6) жер қойнауының жай-күйі туралы деректерді жинауды, оларды жинақтап қорытуды, оның өзгеруін талдауды және болжауды, сондай-ақ ұсынымдарды әзірлеу мен белгіленген тәртіппен мүдделі органдарға тиісті ақпаратты тапсыруды қамтамасыз етеді.
14. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.